Мәңгілік елдің сарқылмас қазынасы
Хәкім – араб тілінен аударғанда әртүрлі ғылымды меңгерген, сол ілімімен адамға ізгі қызмет қылуды мақсат еткен ғұлама деген мағынаны білдіреді. Орта ғасырларда «хакім» атауы даулы мәселені шешуші тәуелсіз төреші мағынасында қолданылған. Тарихта қаншама от ауызды, орақ тілді тұлғалар өмір сүргенімен, олардың барлығына бірдей хакім атағы берілген жоқ.
Біз білетін хакімдердің ұлысы – Абай екеніне ешкім дауласа қоймас. Иә, Абай Құнанбайұлы – халық басқара жүріп ақын, композитор да болды. Халықты қараңғылықтан шығуға үндеп, ұстаздық қызмет етті. Артынан өшпес мұра, өсиет сөздерін қалдырды, қазақтың көркем сөздерін ұрпаққа жеткізе білді. Ең бастысы, бар саналы ғұмырын халыққа арнады.
Абайды біліп, зерттеп, насихаттай түстік дегенімізбен, оның ашылмаған сан қырлы тұстары әлі де көп. Неге? «Мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла» дегенде ұлы ақынның жұмбағы қайда жатыр? Себебі, кеңес дәуірінде Абайдың шығармаларын айтқызбай тастады. Абайдың жұмбағы шын мәнінде өзі айтқан «Толық адам ілімінде» жатқандай. Ұлтына адал қызмет етіп, ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұстануға өсиет айтқан ұлы ақынның сөзі қай заманда болмасын өміріміздің шамшырағы болып қала бермек.
Елімізде қабылданған маңызды стратегиялардың бірі – «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы. Оның басты мақсаты – Отанын сүйетін жеке тұлға тәрбиелеу болатын. Ал жас ұрпақты «Мәңгілік Елдің» жасампаз азаматы ету үшін барлық рухани азықты Абайдың құдіретті сөзінен алуға болады. Биыл ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойын кең көлемде тойлауды жоспарлап отырмыз. Осы орайда мектеп оқушылары мен студенттердің Абай жайлы білімін арттыруға үлкен күш салу қажет. Ақынның шығармаларын жатқа айтудан бөлек, пікірталас, топтық жұмыстар, әдеби кештер, тренингтер, диспуттар өткізу орынды болмақ. Оның сан қырын танып, қазақ халқына қалдырған мол рухани мұрасын жан-жақты зерттеуге бағыттауға тиіспіз.
«Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың, адамшылықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың» деп Абай айтқандай, нағыз адами құндылықтарды меңгерген жасөспірімнің «Мәңгілік Елдің» азаматы болып шығары сөзсіз. Ал сол құндылықтың қайнар бұлағын тек Абай шығармаларынан алатынымыз сөзсіз. Өйткені, оның шығармалары жеке тұлғаның нағыз адам болуын, ізгі қасиеттерді ұлттық тұрғыда меңгеруін, ар-ожданды сақтап, адамдарға риясыз қызмет ету, мінез-құлықты жетілдіру сияқты міндеттерді көздейді. Абай «Ойға түстім, толғандым, өз мінімді қолға алдым» дейді. Осы өлең жолдарының жас ұрпаққа берер өнегесі адам баласының өз мінез-құлқын көре білу қабілеті мен жеке тұлға ретінде танылу қасиетіне үндейді.
Ұлы Абайдың 18-ші қара сөзінде көрсетілген «Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де ақымақтық» деген терең мағыналы ойлары XXІ ғасырдағы заманауи шындықтың бедеріне қарай қайта жаңғырып отыр.
Ұлт көсемі Ахмет Байтұрсыновтың «Исі қазақ Абайды білуі тиіс» деуі тегіннен-тегін болмаса керек. Жас ұрпаққа осы сөздің мағынасының өзі өнегелі. Ұрпаққа қазақтың ұлт ретіндегі бейнесі қандай болуы керек екенін ұғындырып, адами қасиетке жат қылықтар жөнінде Абай болып ой тастау, әрине, сөзге тоқтайтын әрбір қазақ баласына әсер етері сөзсіз. «Мәңгілік Ел» азаматы болуға ұмтылған қазақ баласының бойында ата-бабамыздан келе жатқан қайсарлық, уәдеге беріктік болуы қажет. «Мәңгілік Ел» идеясын, әсіресе, әдебиет сабақтарында көбірек айтуымыз керек.
Г.СӘБИТҚЫЗЫ