ӨЛЕҢНІҢ ТАҢДАЙЫНДА ҰЯСЫ БАР
Біз жеті ағайынды едік. Содан Әнипа, Дәметкен, Ұлмекен апаларым және мен төртеуміз қалғанбыз. 2012 жылдың 27 сәуірінде Әнипа апам дүниеден озды. Оның бүкіл саналы ғұмыры өзі тұрмысқа шыққан «Үлгілі», кейін «Коммунизм», Қазір Нартай ауылы атанған ұжымшарда колхозшы болумен өтті. Кетпен шапты, күріш екті.
Жұбайы Әнтай Әбдікәрімұлы шаруашылықтың маңдайалды күріш звеносының жетекшісі болды. Ұлы Отан соғысының ардагері. Неміс фашистерінің ажал мекені атанған Майданек концлагерінде 5 жыл тұтқын болған, кеңестік армия жеңіске жеткеннен кейін сталиндік репрессияның желеуімен Магаданға жер аударылып, араға 15 жыл салып туған елге оралған жаны сірі, тағдыры ауыр адамдардың бірі.
Жұбайы Әнтай Әбдікәрімұлы шаруашылықтың маңдайалды күріш звеносының жетекшісі болды. Ұлы Отан соғысының ардагері. Неміс фашистерінің ажал мекені атанған Майданек концлагерінде 5 жыл тұтқын болған, кеңестік армия жеңіске жеткеннен кейін сталиндік репрессияның желеуімен Магаданға жер аударылып, араға 15 жыл салып туған елге оралған жаны сірі, тағдыры ауыр адамдардың бірі.
Келген соң туған ауылында егін шаруашылығына араласады. Сыр маржаны атанған күріш дақылын өсірумен айналысады. Күріштің әр гектарынан жоспардағы 25, міндеттемедегі 44 центнердің орнына 61 центнерден алтын дән өндіруге қол жеткізіп, ауданның, облыстың чемпионы атанды. Осы жоғары көрсеткішті бірнеше жыл ұстап тұрды. Оның тәжірибесі облыс күрішшілеріне үлгі ретінде оқытылып, үйретіледі. Бірнеше мәрте жоғары мемлекеттік наградаға ұсынылды, бірақ концлагерде болғаны алдынан шығып, үнемі кедергісін тигізіп, құжаттары Мәскеуден кері қайтарылатын.
Мемлекеттік наградалар алмағанымен сол кездің «тұлпары» (1980 жылдары) «Жигули» жеңіл автокөлігін, басқа да бағалы сыйлықтарды иеленді. Әнтекең 59 жасында егіннен келе жатқанда машина апатына ұшырап, қайтыс болды. Зейнеткерлікке шығып үлгермеді.
4-5 сынып оқып жүрген кезімде оқушылар демалысы басталысымен апамның үйіне баратынмын. Қошқар, Бақтияр, Еркін деген жасы өзім құралпы достарым болды. Мені қашан келеді деп күтіп жүретін. Сол кезге тән түрлі ойын ойнайтынбыз. Тату болдық, төбелескен кезіміз болған емес.
Апам есігінің алдындағы бақшалық жерге қауын, қарбыз, әңгелек, жүгері, жүзім, асқабақ, тағы да басқа көкөністің түр-түрін егеді. Жездем егісте, демалыс дегенді білмейді. Апам ертелі-кеш уақыт тауып бақшада жүреді. Ол кезде балалары жоқ болатын. Анда-санда мен келіп қона-жастанып көмектесетінмін. Менің ауылым «Еңбекші» 7-8 шақырым жерде. Шілденің басында әңгелек піседі. Бәріміз соны тосып жүреміз. Қызу еңбек сол кезде басталады. Таңмен таласа тұрып, кешкілік белгілеп қойған әңгелектерді ала қапқа қаптап, сұр есекке теңдеп артып алып жолға шығамыз. Баратын жеріміз Шиелі темір жол бекеті. 5-6 шақырым жер. Біз жеткенше күн шығып, ел ұйқысынан тұра бастайды. Бірлі-жарым қауыншылар болмаса, көп адам келе қоймайды. Әңгелектерді түсіріп, жайып-төсеп қойған қаптың үстіне қоямын дегенше алушылар қаптап кетеді. Лезде сатылып бітеді. Біздің жеткенімізден әңгелектердің өткені тез. Он-он бес күнде бақшаның әңгелегі таусылады. Іле-шала шілде қауын піседі. Сосын баспалды, шыртылдақ, әміркен қауын, торлама, күләба болып кете береді. Ең кеш пісетіні қарбыз, тамыздың соңы, қыркүйектің басында жеуге келеді.
Сабақ қыркүйекте басталатын болғандықтан тамыздың соңында үйіме – әке-шешеме қайтамын. Мектептің киімдерін апам сатып алып береді. Бірде маған «школьник» деген велосипед сатып алды. Тайға мінгендей қуандым. Оны естелігімде жазғандықтан, тоқталғым келмей отыр. Әйтпесе ол велосипедті алудың да өз хикаясы бар. «Үлгіліде» велосипед мінгендер сол кезде бәлкім болған шығар, ал біздің «Еңбекшіде» ең бірінші велосипедті менің тепкенім анық.
Апамның Сағымбай Әбдіқадыров деген қайнысы бар еді. «Қарғалыда» тұрады. Қой фермасының меңгерушісі. Ақкөңіл, әзілкеш кісі. Мені көрсе болды «Әй, құда бала, кел айтысамыз» деп қолқалайтын. Ондайда апамның бұрын үйретіп қойған:
«Таулардың қия-қия қиясы бар,
Қияда қаптап өскен миясы бар.
Менімен айтысқанмен жеңе алмайсың,
Өлеңнің таңдайымда ұясы бар», – деген өлеңін жанымнан шығарғандай етіп, табанда айтып саламын. Сөйтіп әлгі құданы сөзден тоқтататынмын.
Әнипа апамның ақындық қабілеті бар еді. Әскерде жүргенімде маған өлеңмен хат жазатын. Бата бергенде де өлеңді жанынан қосатын. Жасырып жазып жүрген өлеңдері бар екен. Оны маған қолында болған кенже келіні Білімай берді. Өмір, имандылық, сыйластық тұрғысында жазыпты. Ойынан шығарып жазған баталары да бар. Солардың бір қатарын оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдім.
Афоризмдер
Мамығы бардың бәрі құс емес.
***
Шөмелені шөбім бар деме,
Несиені малым бар деме.
***
Су лайланса, көрме оны мұраптан,
Лайланып ағады су жырақтан.
Перзентіңе бесіктен бер тәрбие,
Мөлдір болып өсу үшін бұлақтан.
***
Жерден ауыр дегенім – ақыл, білім,
Судан ауыр дегенім – оқу, ғылым.
***
Оттан ыстық дегенім – адамзаттың өмірі,
Көктен биік дегенім – тәкәппардың көңілі.
***
Арамшөп ешқашан өлмейді,
***
Үйде той болып жатқанда,
Итті де қумайды.
***
Шындық ащы болады.
***
Дарын бөлек, даналық бөлек.
***
Жастар алға қарайды,
Қарттар артқа қарайды.
Қалғандары жан-жаққа қарайды.
***
Тілегі жаманды тең тұтпа.
***
Еңбек ерлікке жеткізеді.
***
Өнер ауысады,
Ырысың жалғасады.
***
Өнер білсең өлмейсің,
Өнер көкке жеткізеді.
***
Сақина сәнге жатпайды,
Қарасөз әнге жатпайды.
Жыр жолдары
Жаңа бір өлең жолын айтамын деп,
Жаңа бір өлең жолын айтамын деп,
Кеудемді суық желге тосып тұрмын.
Тереңнен теріп алған өлеңімді,
Тізбектеп жыр санатқа қосып тұрмын.
Бұл жерге шақырғасын келіп тұрмын,
Өртенбей отқа түсіп еріп тұрмын.
Келемін көп ішінде топты жарып,
Өлеңім шарықтайды бұлтты жарып.
***
Атқан оқтай, шапқан аттай арыны,
Толқын атқан Келес суын көрдім мен.
Тасты ағызып алып кетердей ағыны
Қауқарының жетеріне сендім мен.
Долы толқын сабалайды жағаны,
Суы шәрбат, набат, шекер, бал әрі.
Балдай судан ішесің де жатасың,
Рахатқа батасың.
***
Басына Көктөбенің шығып тұрмын,
Сұлулық осында екен, ұғып тұрмын.
Бірінен бірі биік көп төбелер,
Ылдидан келгенімді ұмыттырдың.
Бата
Балаң оқуда алғыр болсын,
Ойлауда даңғыл болсын,
Ісіне шебер болсын,
Ақылға кемел болсын,
Қиынға батыл болсын,
Еңбекте батыр болсын,
Уәдесіне берік болсын,
Еліне көрік болсын!
Тілек
Мәпелеген ұлың шектен аспасын,
Дүниені оңды-солды шашпасын.
Тым жомарттық зиян болар кісіге,
Үйлі болу оңай ғой деп таспасын.
Бағың асып, билік тисе қолыңа,
Береке кеп таси қалса ырысың.
Қайырым ет көрсең ғарып-қасырды,
Үй тұрғызып, дарақ көгерт дұрысы.
Адам біткен бір Аллаға аманат,
Бар нәрсеге еткенің жөн қанағат.
Менің дағы тілейтінім бейбіт күн,
Бар адамзат болсыншы сау-саламат!
Әнипа апам өмірдің бар қиындығын басынан өткерді. Зейнеткерлікке шыққанынша иығынан кетпен түспеді. 45 жасында ерінен жесір қалып, 7 перзентін де өзі жеткізді. Немере, шөбере сүйді.Қазір артында қалған ұрпағы бір қауым ел болды.
Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық «Михаил Шолохов» алтын медалінің, «Қазақстанның құрметті журналисі» төс белгісінің иегері
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық «Михаил Шолохов» алтын медалінің, «Қазақстанның құрметті журналисі» төс белгісінің иегері