«Әйелдің шашы ұзын, ақылы қысқа»
Осы мақалды қазақ әдебиетін бастап оқыған бала кезімнен білемін десем қате емес шығар. Ер жете келе қазақтың ұйқас қуып айтқан жел сөзінің бірі дедім де қойдым. Себебі мені туған, өсірген анам «шашы ұзын, ақылы қысқа» деген анықтамаға келмейтін. Анамыз өте ұстамды болды, өзі біздің жақта қасиетті саналатын Ақшал пірадардың қызы еді, «пірадардың қызы» деген туды бір құлатпады. Әкеміз екі рет халық жауы болып айдалғанда отбасын сақтап қалу үшін де қасиет керек шығар. Жоқшылық заман ба, жоқ, табиғаты солай ма, жұмыртқадан жүн қырқып алатын үнемшіл, есепқой, бәрін жоспарлап отыратын адам еді.
Жас кезде қабылдамағандық па, өсе келе де осы мақалға мән бермеппін. Енді келіп қазақтың осы сөзі дұрыс-ау деп отырмын. Тіршіліктегі проблемаларды әйел ақылымен емес, сабырымен жеңетін сияқты. Қазақтың әйелін қадірлі қылатын мінез -сабырлы мінез деп білемін.
Есті адамның ақылды біреуден, не өз тәжірибесінен алуына болады, ал сабырды Құдай тағала өзі бермесе ешкімнен ала алмайсыз! Қазақ қызды, жалпы әйел адамды мінезіне, ал ер азаматты ақылына қарап бағалайды. Мысалы Абай:
«Әйел жақсы болмайды көркіменен,
Мінезіне көз жетпей көңіл берме»,
«Ері ақылды, қатыны мінезді боп,
Тату болса, райыс үстіндегі үй» дейді. Әрина, ақыл да керек.
Абай:
«Ақыл керек, ес керек, мінез керек,
Ер ұялар іс қылмас қатын зерек» дейді.
Жақсы әйел ерінің қабағынан-ақ бәрін біліп отырады:
«Толқынын жүрегіңнің хаттай таныр,
Бүлк еткізбес қалайша соқса тамыр.
Жар көңіліне бар жанын пида қылып,
Білместігің бар болса, қылар сабыр».
Осы сөздеріне қарағанда Абай атам да сабырды бірінші орынға қоятын сияқты !
Жамбыл Артықбаев ағамыздың жазбасынан
mazhab.kz