Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Пұшайман болған киномеханик

Пұшайман болған киномеханик

Шалғайдағы ауыл болған соң ба, біздің жаққа кино өте сирек келетін. Ал бір келген кино оңайлықпен кетпейтін. Екі-үш киноның пленкалары салынған темір қораптарды қабырғалары әлдеқашан құлап, құламағаны құлазып кеткен медпунк үйінің пайдаға асатын жалғыз бөлмесіне қалдырып кетеді. Киномеханик болса, ауыл адамдарына (біздерге) әлгі фильмдерді кезек-кезек көрсетіп, қашан көлік келіп алып кеткенше жата беретін.
Киноның қызығы жазда, оқушылар демалысы кезінде басталады. Сабақ аяқталған соң мектеп босайды, сосын оның үлкен бөлмесі «клубқа» айналады. Киноның бағасы 20 тиын. Кейде 15 тиынға да кіре бересің. Күнде-күнде 15-20 тиын қайдан табыла берсін. Есебін тапқан ауылдың қу балалары тегін де кіреді. Кей бала киномеханикке әкесінің немесе ағасының темекісін әкеп берсе, кейбірі үйінен айран-құрт тасиды…

Киномеханик бойдақ жігіт. Ауылдың ашық-шашық қыздарына сүзеген бұқадай көзін сүзіп, сұқтана қарайтын жаман әдеті бар. Әсіресе, Айман есімді ақмаңдайлы, ақсары қызды көргенде есінен ауысқан адамдай орнынан тұрып кеткенін білмей қалатын. Санап отырған ақшасына да қарамайтын. Мен сол кезде лып етіп ішке кіріп кететінмін.
Айдай сұлу Айман қыз менің бағыма қарай, біздің көшеде тұратын. Шашы ұзын, бойы сұңғақ. Тұлғасына қарап 8 сыныптың оқушысы дегенге ешкім сене қоймайды. Біздің үй ауылдың тау жақ бетіндегі шеткі көшесінің шеткі жағында. Соғыс жылдары Кавказдан қоныс аударған шешендер сол маңда шоғырланған екен. Содан «шешен көше» деп аталып кетіпті. Айманның үйі сол көшеге кіре берісте оң жақ қапталдағы бірінші үй. Екеуміз сыныптаспыз әрі туыспыз. Тасболат көкем мен Шекер жеңгемнің жар дегенде жалғыз қызы. Жалғыз көрші үйге де жібермейді. Ал маған сенеді.
Бүгін де киноға бірге бардық. Сол баяғы әдетімен киномеханик көзін сүзіп, үзіліп қарады.
– Қарындас, атыңыз кім? – деді сол есі ауған қалпы.
– Атым жоқ, ағай. Жаяу келдім, – деп сыңқылдап күлген бойы тиынын беріп, ішке еніп кетті. Ілесіп мен де ентелеп ішке ене беріп едім, жолымды бөгеді.
– Сен қайда барасың? Кім киноның ақшасын төлейді?
– Әлгі қыз төлемеді ме? – дедім.
– Ой, ол қыз ақша бермек түгілі атын да айтпады ғой.
– Дұрыстап сұрау керек еді.
– Бәлкім өзің дұрыстап таныстырарсың, – деді бетіме қулана қарап. – Таныстық тегін болмайтынын білемін, әрине… Жаздай осы ауылға кино қоямын. Келіп тұрыңдар, ақшаларыңның қажеті жоқ.
– Ойланайын, бірақ қазір емес.
Күндер заулап өтіп жатты. Күз жақындап қалды. Киномеханик келесі бір киноға келгенімде қашан танысатынын нақтылағысы келетінін білдірді. Мен қыздың әлі келісім бермегенін, бірақ кетары еместігін айтып, үш күннен кейін таныстыратыныма оны сендірдім. Бұл ойымды Айманға айттым. Ол шошып кетті.
– Осынша уақыттан бері киноны тегін көріп келдік пе? – деді өңі бұзылып.
– Әрине, солай. Мен сені таныстыратын болдым. Есесіне киноны тегін көріп келеміз...
– Жеңгетай болып, сыртымнан саттым десейші.
– Олай дегенің тым артық болар. Танысқанда тұрған не бар? Таныса саласың, ештеңең кетпейді. Ұнамаса кейін жөніңе жүре бересің ғой.
– Жоқ, таныспаймын да, киноға да бармаймын.
– Неге олай дейсің? Ол сен үшін көлік жалдап ауданға барып, басқа фильм алып келді. Қалай деп аталатынын айтайын ба?
– Ал айта қойшы.
– «Девушка и джигит».
– Ә-ә, әлгі Аңғарбай ма?
– Иә, сол Аңғарбай, Айдар және жылқышы қыз Ғалия сұлу туралы күлдіргі фильм. Өте керемет. Көрген сайын көре бергің келеді.
– Менде ақша жоқ. Апамда да, көкемде де.
– Қиналатын түгі жоқ. Жаз бойы киноны қалай көрдік, солай көре береміз. Тек сенің келісімің керек.
– Ол не қылған келісім, сыртымнан соған теліп қойғаннан саумысың?
– Қайдағыны айтпа, тіпті де олай емес. Атыңды айтып, таныссаң болды. Қалғанын өзім реттеймін.
– Сонда қалай?
– Ол былай: Киноға барғанда оның сәлемін аласың да, ішке кіріп кетесің. Кино біткен соң екеуміз ақырын үйімізге қарай жүре береміз. Ол соңымыздан еріп отырады. Сен үйіңе кіріп, жылы төсегіңде ұйықтай бер… Айттым ғой, қалғанын өзім реттеймін.
Айман екеуміз осылайша бір шешімге келдік. Ертесіне бәрі келісілгендей болды. Киноны көріп алдық. Біткен соң бірден үй жаққа тартпай, ел аяғы басылғанша тостық. Киномеханик құрал-жабдықтарын жинап болған кезде үйге қарай жүрдік. Ол да соңымыздан ілесіп келеді. Айманның үйіне жеткен соң:
– Кешегі сөз, сөз. Үйіңе кір де ұйықтай бер, – дедім. Айман кетісімен темекісін құлшына сорып киномеханик те жетті.
– Қыз қайда? Келісті деп едің ғой, – деді аптығып.
– Әке-шешесін ұйықтатып болған соң шығады. Енді күт. Бірақ тәртіпсіздік танытпайсың. Танысасың да қоясың, – дедім де, үйіме тайып отырдым…
Ертеңгісін ұйқыдан тұрысымен кешегі оқиғаның аяғы немен біткенін білгенше асығып Айманның үйіне бардым. Таңғы шәйді әлі ішіп отыр екен.
– Ассалаумағалейкум, – деп көкеме сәлем бердім. Сәлемімді алды. Қабағы қатулы сияқты. Бірақ ештеңе демеді.
– Шәйға кел, – деді жеңешем. Өңі ашық көрінді. Айманда үн жоқ. Әңгімені Тасболат көкем бастады.
– Сендердің қойларың түгел өрді ме өріске? – деді шәйды аузыма апара бергенде.
– Білмедім, қойларды өріске көкем шығарады.
– Сіздердікі ше? Өзіне қарсы сұрақ қойдым.
– Күндегі әдетпен санап сыртқа шығарып жатқанмын, бірдеңеден үркіп бәрі сыртқа лап бергені. Өзімді таптап кете жаздады…
«Соншама неден үрікті екен?». Білгім келіп Тасболат көкемнің аузын тосып отырмын.
– Қораның қараңғы түкпірінде бірдеңе қарайып жатты. Содан үрікті білем. Қасқыр болса, қойдың бәрін жарып, керегін алып кетер еді. Қойлар аман. Ит болса, созғылап жеп жатар еді. Ол да жоқ. Демек бұл адам болды ғой деп айырдың ашасын алға ұстап, ұшымен түрткілеп едім: «Ойбай! Өлдім!» деп баж етті де сыртқа тұра қашты. Адам дейін десем, еңбектеп, төрт аяқтап барады. Ит дейін десем, сөйлеп барады.
– Түрін көре алмадыңыз ба?
– Таң алакеугімнің кезі ғой, оның үстіне бір көзім кем… Бет-аузы, шашы қырау-қырау, үсті сатпақ-сатпақ.
Осы кезде Айман бөлмеге кел деп ымдады.
– Айыр денесіне кіріп, жаралап кеткен болса қайтеміз, – деді, үрейін жасыра алмай.
– Оған бола уайымдама. Біздің кінәміз жоқ, әсіресе, сенің. Соңымыздан ерген өзі, – деп оны жұбаттым.
Кешке киноға бардым. Айман бұл жолы ермеді. Киномеханик жігіт күндегіше тиын-тебенін жинап жүр. Жүзі солғын. «Ұрының арты қуыс» дегендей, жан-жағына алаң-жұлаң қарайды. Мені көре сала, жаныма жетіп келді. Өзгелер естімесін дегендей:
– Тыныштық па, неге кешіктің? – деді сыбырлап.
– Қыздың үйіне соғып, жағдайды біліп келдім.
– Әкесі тынышталып па? Қораға түскен «ұрыны» іздеп жүрген жоқ па?
– Ол жағын сосын айтамын. Түнде не болғанын әуелі өзің айтшы.
– Не болсын? Есігінің алдында тасада тұрып біраз күттім. Шықпады. Тоңдым, сосын қой қорасына, қойлардың арасына кірдім. Кеше кешке бір шыны қызыл шарапты батылдық үшін ішіме құя салғанмын. Қойлардың демі, шараптың буы бойымды жылытып ұйықтап қалыппын.
– Сосын?
– Не сосыны бар? Әкесінің айқайынан бір-ақ ояндым. Айырдың төрт істік ұшын шекеме тақап тұр екен. Қолыммен айырды қағып жіберіп, сыртқа бір-ақ аттым. Енді не болғанын сен айтшы?
– Мен әбден дайындалған жалған сөздерімді заулаттым. Айман келісім бойынша, әке-шешесі ұйықтаған кезде сыртқа шықса, сен жоқсың. Төңірек тастай қараңғы, қашанғы тұрсын, үйіне кірген. Ол да сол, сені оятқан әке айқайынан ояныпты.
– Үйіне соқтым дедің ғой.
– Иә, соқтым. Әкесі қораға кіргеннің адам екенін немесе аң екенін біле алмай дал болып отыр. Әйтеуір қойлары түгел екен. Әкесінің ашуы басылар, бірақ қызының ашуы басылмайды-ау, – дедім.
Ол қос қолымен басын қысып ұстап «құдай үшін бұл оқиғаны тісіңнен шығармашы. Қыздың әкесіне «ұрының» мен екенімді айта көрме» дедім.
Ертесіне киномеханик асай-мүсейін алып, аудан орталығына тартып отырыпты. Уақыты бітіп кеткенін, болмаса әлгі әрекетінен кейін ауыл адамдарының бетіне қаруға ұялып кеткенін бір жан білмейді. Жалпы Айманды аңдып, аймандай болған киномеханиктің бұл оқиғасынан Айман екеумізден өзге ауыл адамдары мүлдем хабарсыз еді.

Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ,
ақын-журналист


11 қаңтар 2020 ж. 600 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930