Оқушылар кириллицадан латынға аударатын мобильді қосымша жасады
Мəдина Серік пен Бұлбұл Халмаан деген қос құрбы сөздерді кириллицадан латын əліпбиіне аударатын қосымша құрастырыпты. Олар Петропавлдағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде 11-сыныпта оқиды. Қыздардың мобильді қосымша жасауына латын əліпбиіне көшуге байланысты айтылған пікірлер əсер етіпті. «Көз – қорқақ, қол – батыр». Қосымшаны қалай құрастырғандарын жас өнертапқыштардың өздері айтсын. – Информатика пəнінен ғылыми жоба жазатын болдық. Сол кезде латын əліпбиі қызу талқыланып жатты. Жаңа нəрсеге көшу, оған үйренісу оңай емес. Елбасы биылғы жолдауында 2025 жылға дейін латын əліпбиіне көшудің нақты кестесін жасауды тапсырды. Латын əліпбиі жастардың білім алуына жол ашады, интернетті пайдалану жеңілдейді. Жұмысты бастамас бұрын зерттеу жүргіздік. Яғни мобильді қосымшаның кімдерге арналатынын білу керек болды. Қандай қосымшаның оңтайлы болатынын түсінгіміз келді. Жұрттың наразылығы мен қарсы пікіріне қарап, кең аудиторияға арналғанын қаладық. Сөйтіп тұрғындардың қанша пайызы андроид операциялық жүйесі бар гаджеттерді қолданатынын тексердік. Зерттеу жұмысының нəтижесінде тұрғындардың 70 пайызы андроид гаджеттерін пайдаланады екен. Java платформасында андроид студио бағдарламасын жасадық. Бұл біздің ең алғашқы жұмысымыз. Қиындықтар болды. Көп мəліметті интернеттен алдық. Мобильді қосымша кез келген кириллицамен жазылған сөзді латын қарпіне аудара береді. Саны шектелмеген. Себебі бағдарлама əрбір əріпті латын графикасына сəйкесінше ауыстырып отырады. Қазір сөздерді аударса, болашақта толық мəтіндерді аударатындай етсек дейміз. Осы жұмысты аяқтаған соң Play маркет жүйесіне жүктейміз. Сонда мобильді қосымша баршаға қолжетімді болады, – дейді жас өнертапқыштар. Мəдина мен Бұлбұл қосымшаны мақтаныш үшін емес, латын əліпбиіне көшу кезіндегі үдерісті тездету, халыққа қолдау білдіру мақсатында жасапты. Қоғамның дамуына үлес қоссақ деген асыл армандары бар екен. Гүлфарида Зейнуллина «Ұлан» газеті, №6
Massaget.kz
Massaget.kz