Балама ана керек
Бүгін тағы да түс көрдім. Түсімде сол баланың жәутеңдеп, әркімге бір қарап тұрған аянышты бейнесін байқадым. Арада біршама уақыт өтсе де сол оқиға санамнан шығар емес...
Жолдасыммен бірге қаладағы туыстардың үйіне қонаққа бармақпыз. Шиелінің автовокзалынан екі билетті қолға алып, арада қатынайтын көліктердің біріне жайғастық. Әлі төрт-бес орын бос. Күтуге тура келеді. Айналаны бір сүзіп, көздің барлау қызметін іске қостық. Қол дорбасымен алысқан көп адамның абыр-сабыр дауысынан басқа елең еткізер ештеңе жоқ. Бәрі де асығыс. «Өтіп кетейін», «жолдан былай тұр», «көзіңе қарасаңшы» деген жолаушылардың қас-қабағы қатулы. Күтіп шаршаса керек.
Касса маңында да қаумалаған адам. Құдды бір құмырсқаның илеуіндей кішкене терезеге қарай ентелей түсуде. Топ адамның ішін жарып бір әйел қызымен біз отырған көлікке қарай беттеді. Артынша бес-алты жасар баланы жетектеген жас жігіт келді. Қолындағы пакет пен екі билетті балаға ұстатты да «әкең қазір келеді» деп, жайғастырып кетті. Бос орындар толыққан соң, біз де жол жүруге қамдана бастадық. Арада 5 минут өтті. 10 минут... Әлгі баланың әкесі келер емес. Бір мезетте автовокзал ішінен «балам қайда?», «Нұрқанат қайдасың?» деген айқай естілді. Араққа сылқия тойып, аяққа әзер тұрған ер адамға бәрінің назары ауды. Еңбектеп жүрген баладай шалбарының балағы тізеге дейін шаң. Ақ көйлегі әбден қырмыждалып кір шалған. Көліктерді айналшықтап, «балам, балам» деп зар қақсаған мас адамның сөзіне құлақ түріп жатқан жан жоқ секілді. «Сонша арақ ішкені несі?», «Маскүнемдер көбейіп кеткен бе өзі?» деп көлік ішіндегілер түрлі пікірлер айта бастап еді, бағанағы балақай орнынан ұшып тұрып сыртқа шықты. «Әке мен мұндамын» деп біз жақтырмай қарап отырған адамның жанына жетіп барды. Жүргізуші жанына аяңдап «әкең осы ма, жүр кеттік» деді де, мас адамды қолтықтай жөнелді. Жүргізуші әбігерге түсіп, әзер мінгізгені сол еді, әлгі адам «ей, бала, қане түс, бір жерге баруым керек» деп баланы жұлқылай бастады. «Ойбай, өзің әзер тұрсың, баланы бір жерге қалдырып кетерсің, отыр, көлік жүргелі жатыр». Даурыққан әйелдердің осы сөздерінен соң ол орнына сылқ етіп қайта отырды.
У-шумен көлік орнынан қозғалып, қалаға қарай бет бұрдық. Енді бағанадан бері әркімге бір жәутеңдей қарайлап отырған кішкентай балақайды көпшілік сұрақтың астына алдық. Бірі «жасың нешеде?», енді бірі «қайда тұрасың?» десті. Жан-жағынан қаумалап, әрдеңені сұраған бейтаныс адамдарға не дерін білмей сасқалақтады ма, әлде әкесінің ессіздігіне қарап есеңгіреді ме кім білсін, тек басын изеп қана қойды. Ал, көлікке мінген сәттен бері үнсіз бас алмастан кітап оқып отырған келіншек қолындағысын қызына ұстатты да, «балақай анаң қайда?» деген сөзіне жауап күткендей мойынын солай қарай бұрды. Құлқынынан өткен ащы судың әсерінен тілі күрмеліп, түсініксіз бірдеңелерді күбірлеп отырған әкесі «Балама ана керек. Анасы о дүниеге кеткен» деп ботадай боздап, еңкілдеп жылап жіберді. «Балама ана керек, ана» деуін қояр емес. Көлік іші тым-тырыс. Тек әкенің зар жылаған дауысы.
Әке – асқар тау. Шаңырақтың тірегі. Темірден төзімді, болаттан берік. Отбасының қорғаны да, қамалы да әке. Біздің ойымызға әке дегенде оралатын тіркестер осы емес пе? Ер адам жанарындағы жасты көрсетпейді дегенді жиі естиміз. Алғаш рет көрдім. Алайда қу арақтың құлына айналған адамды емес, тағдыр қаталдау сынға алған кішкентай ғана ер баланың жанарындағы жасты көрдім. Бір шөлмек – биік көретін асқар тау әкесін көз алдында жығып салғанын көрдім. Ал, сол адам ананың жоқтығын сездірмейтін әкенің керек екенін неге көрмейді екен? Маскүнемдіктің салдарынан көптеген отбасының шаңырағы ортаға түсті. Арам судың әсерінен соққы алған әйел, зәбір көрген бала бар.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жан басына шаққанда 8 литрден көп алкоголь өнімін тұтынатын елдердің ұлттық генофонды деградацияға ұшырайды деген ақпарат таратқан болатын. Қазақстанның статистика агенттігінің мәліметі бойынша, арақтан бөлек, ел тұрғындары жан басына шаққанда жылына 31 литр сыра ішеді. Бұл да әлемдегі жоғары көрсеткіштердің бірі. Байыптасақ, қазақтың аузы араққа тиіп, атынан түскен соң-ақ «қара басты». Ғылымы мен мәдениетінен, өзіндік тұрмыс салтынан айырылғанын былай қойғанда, тілін, тіпті, өзін жоғалтып ала жаздаған жоқ па қазақ? Соның бір себебі өктемдік көрсеткен халықтың батырып жіберген тырнағы болса, екіншісі азғырып үйреткен арағы емес пе?! Осыдан бірнеше жыл бұрын Владимир Леонидович Козловский сөзінде «Ішімдік ішу жағынан Қазақстан мен Ресейдің көрсеткіші бірдей» депті. 130 миллион халқы бар Ресей мен 18 миллионнан астам халқы бар Қазақстан ішімдікті тұтыну жағынан теңесуі қаншалықты қауіпті екенін енді өздеріңіз ойлай беріңіздер. Қазағым әлі де болса есін жиып, еңсесін тіктесе, арақтан бойын аулақ ұстап, ұл-қызын баба жолымен, ата салтымен тәрбиелесе, рухымыздың болат қорғаны қайырылмастай беріктене түсеріне шүбә жоқ. Өйткені арақ – атадан қалған ас емес.
Сананы әп сәтте торлаған осы ой тамағыма бір өксікті тіреп қойды. Бір кем дүние-ай, ананың мейірі мен әкенің қамқорлығына кенелер балғын бала маскүнем әкесімен әбігерге түсіп, арпалысып әлек. Көзінен жалын шашып тұрған Нұрқанатқа қарап отырып Тартоғайдың тұсына да жетіппіз. Жүйіткіген көлік діттеген жеріңе жедел жеткізетіні бүгінгі күннің жемісі десек те болады. Кілт етіп тоқтаған көліктің жүргізушісі есікті айқара ашып, әке мен баланы жол жиегіне түсіріп кетті. Жерге жантая кеткен оның жүруге қауқары да жоқ. Сол сәтте «жолдың келесі бетіне қалай өтер екен, ауылының адамдары байқаса жарар еді» деген тілек ішімде сан мәрте қайталанып жатты. Жол бойындағы бейне сағымға айналғанша көліктің әйнегінен артта қалған балаға ұзақ қарадым...
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ.