Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жат қылық жарға жығар

Жат қылық жарға жығар


Қоғам, заман өзгерді, адам да өзгерді. Сол өзгерістер бізге жат қылықтарын ала келгендей. Қылық – адамгершіліктің бір өлшемі болса керек. оны – адам бойында көрініс тауып, сыртқа жағымды не жағымсыз болып байқалатын қасиет десек те болады. Адам-адамға, жігіт-қызға, қыз-жігітке жақсы қылығымен ұнайтыны белгілі. Адам – адал, ақылды, парасатты болса, жігіт – жігерлі, өжет, батыл болса, қыз – ибалы, инабатты, сүйкімді болса, осы қылықтарымен бір-біріне жақындасып, дос болып, ғашықтығын сездіріп жатады. Жағымды қылықтар адамдарды мінезге бай, өмір сүруге құштар ете түседі. Өмірге құштарлық қоғамға, заманға, айналадағы азаматтарға мейірімді болуға, өз Отанын сүйіп, патриот болуға итермелейді. Қоғамда болып жатқан келеңсіздікке жиіркенішпен қарайды. Жат қылықтарға жүрегі айниды, сыздайды, ауырады. Ал, кейінгі ұрпақтың жат қылықтары бастан асып жатқандығын бәріміз де іштей байқап, сезіп отырмыз.

Соңғы уақытта айтуға аузың бармайтын, жаға ұстатып, денеңді тітіркендіретін жағымсыз жайттар көбейіп кетті. Ақша үшін ардан аттап, адамдықтан безгендерді де байқап жүрміз. Екі-үш жасар баласын ұрып өлтірген жігіттің оқиғасы айуандық әрекеттің сорақасы емес пе? Біреулер бір перзентке зар болып жүрген жоқ па? Адам түгілі жануарлар да, аңдар да төлдеріне жандары ашып, оны кәдімгідей қорғаштайтыны, өзгеден қызғанатыны аян нәрсе. Итекеш иттің де күшігіне деген жан жылуын, аянышын аңғарғаным бар. Аудандық ішкі істер бөлімінде қызмет істеп жүргенімде жұмысқа күнделікті жаяу қатынап, базар ішінен өтіп, А.Байтұрсынов көшесіне түсіп, бұрынғы «Госстрах», бүгінгі «Мөлдір» аптекасының алдымен жүріп, С.Сейфуллин көшесіне түсетінмін. Осы тұста бір ит күшігін бауырына басып, бес-алты күн жатты да қойды. Ол жерден ары-бері күніне бірнеше рет өткесін, ана иттің қыңсылы, аяғымен күшігін олай-бұлай аударып жатқаны мені қызықтырды. Бір күні қарап арнайы тоқтап, қасына жақындадым. Сөйтсем, күшігін автокөлік басып өткен екен. Ит тапталған күшігін тұрғыза алмай әлек болып жатқанын көзіммен көріп, ит құрлым жанашырлық танытпаған, оны басқан белгісіз көлік жүргізушіге ренжимін деп, жүрегімнің сыздағаны әлі есімде. Бұны айтып жатқаным, қазір қатыгез жасөспірім балалар қаулап өсіп келеді. Телеарналардағы бірін-бірі тепкілеп, құлап жатқан баланың басына, ішіне аяқпен соққы жасап, үстіне секіруі немесе қарнына пышақ салып алып, түк болмағандай кетіп бара жатуы, біздердің, көрермендердің де ашу-ызасын тудырады. «Еуразия» телеарнасында «Пендеміз ғой» деген хабар беріледі. Соңғы екі хабарын көріп, біздің қазіргі жастарымыз не болып барады? – деп жағамызды ұстадық. Үш қазақтың әдемі қызы миллиондаған көрермендер алдында бұралаңдап, қисаңдап билеп береді. Оның жетекшісі, қазақ жігіті «Қазақпыз деп жүре береміз бе? Біз Еуропадан үйренуіміз керек» – деп, ұялмастан қарап отыр. Хабарға қатысып отырған үлкен ел ағасы «Бұларың не? Ұят емес пе?» – десе, білгіш бір апай «Несі бар? Билесін. Есектің артын жусаңда пайда тап, ақша тап, күніңді көр» – деп қарап тұр. Сонда ұлтымыздың салт-дәстүрі, әдет-ғұрыпы қайда қалды? Екіншісінде, бұрын мемлекеттік қызметкер болған, қазір рэп стилінде ән айтатын қазақтың жас жігіті туралы баяндады. Жігіт бетінің бәріне тотировка жасап тастаған. «Жұрттан ерекшелену үшін осылай жасадым», – дейді әнші. Шалбарының екі тізесі жыртық. Телеарна алдында қалай болса солай отыр. «Әке-шешем бай», – дейді. Бұл жерде де тележүргізуші: «Ана қыздардың да, жігіттің де ата-аналары рұқсат берген. Бүгінгі жастар не ойлайды, соны істейді. Біз оған бө деуге құқығымыз жоқ» деген қорытынды жасады. Сонда бұл не? Жастарымыз ойларына келсе, соны жасаса, оны телеарналарда көрсетіп, ұл-қыздарымызға насихат ретінде ұсынса, не болғанымыз? Үйдегі жас балалар еліктегіш келеді. «Қызға қырық үйден тыйым» бар екенін, кейбір ата-аналар ұмыта бастаған ба? Әйтпесе, көргенсіздік деуге болар. Қазақстанның атын шет елдерге мынадай жат қылықтармен шығаруға өз басым түбегейлі қарсымын. Тәрбиеде де жалпақшешей бола берсек, солардікі дұрыс дей берсек, уақыт өте ұл-қыздарымызды, немерелерімізді танымай қалуымыз мүмкін. Еліміз тәуелсіздік алғанымен, ұрпағымыз егемендік алған жоқ. Олардың аңсары Еуропаға ауып тұрғандай. Бұл заман ағымы секілді көрінгенімен, идеологиялық жағынан қауіпті жат қылықтар. Қоғам мен заманнан көретін дәнеңе жоқ. Біз қазақ екенімізді ұмытпауымыз керек. Ұлтымыздың ұяты болған. Ұлтсыздықтың бәрі – біз үшін жат қылық. Жағымсыз қылықтардан үлкеніміз де, кішіміз де аулақ болғанымыз жөн. Пендеміз ғой деп, пендешілікке салына беру – өз ұлтының қасіретін арқалау екенін естен шығаруға болмайды.
Өркен Исмайл,
ҚР мәдениет қайраткері.

02 наурыз 2019 ж. 2 653 0

Қоғам

ШАРАПАТЫ МОЛ ШАРА
04 мамыр 2024 ж. 55

PDF нұсқалар мұрағаты

№34 (9198)

30 сәуір 2024 ж.

№33 (9197)

27 сәуір 2024 ж.

№32 (9196)

23 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031