Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Алматыда мұқтаж жандарға тегін киім-кешек тарататын дүкен жұмыс істейді 

Алматыда мұқтаж жандарға тегін киім-кешек тарататын дүкен жұмыс істейді 


Алматыдағы «Өжет» базарының аумағында орналасқан бұл дүкенге күніне 100-ге жуық адам келіп, керегін алып қайтады, деп хабарлайды «Хабар 24». Ашылғанына екі жыл болған. Мұнда киілген киімдерден бөлек, жаңа заттар да ретпен ілінген. Келушілерге қанша киім алса да шектеу жоқ. Тек жеке төлқұжатын көрсетсе жеткілікті. Аманбике Тәңірбергенова, қала тұрғыны: - Бұл жерде тегін беріледі. Ақша, ештеңе сұралмайды. Жетер-жетпес адамдардың жағдайын ойлап, қамын жасап жатқан балаларға рахмет. Бала-шағасы аман болсын. Дендері сау, өмірлері ұзақ болсын. Тамара Ғанибаева, қала тұрғыны: - Арасында жаңа заттар да аламын немерелеріме. Мен бір айда 2 рет келемін. Адамдарға айтып жатырмыз, көршілеріме айтып едім, кеше келіп алып кетті олар да. Сол адамдардан адамдар естіп келеді ғой енді, басқалары білмейді. Қайырымдылық мақсатта ашылған дүкен Қазақстан мұсылмандар діни басқармасында тіркелген. Қаладағы 47 мешітте қойылған арнайы жәшікке қала тұрғындары, кәсіпкерлер әкеліп тапсырған заттар аптасына екі рет жиналып, осында әкелінеді. Бұдан бөлек, сауда орнында қызмет істейтін кәсіпкерлер де көмек қолын созып тұрады. Бауыржан Сәлімбаев, көтерме базар директорының көмекшісі: - Осы көтерме базардағы жаңағы өтпей қалған, жақсы киімдерді этикеткасымен тұрған киімдерді де бізге әкеп береді. Біз оларды іліп қоямыз, осы жерден алып кетеді адамдар. Дүкенде бірінші қыркүйек қарсаңында мектеп балаларына керек заттар да таратылады. Сондай-ақ табиғи апаттан зардап шеккен аймақтарға да киім-кешектер жөнелтіліп тұрады, - дейді ұйымдастырушылар. Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Эдуард Кон

24.kz
01 наурыз 2019 ж. 2 159 0