Ақанның алар асуы алда
Өнер де, спорт та – ел кеніші. Спорт – әлем елшісі деп те бекер айтылмаған. Спорттың қай түрінен болсын жеңімпаз атанғандардың құрметіне сол елдің әнұраны орындалып, туы көтеріледі. Біз әңгіме еткелі отырған күрестің де әлемге тараған еркін күрес, дзю-до, самбо, қазақша күрес түрлері елімізде кең өріс алып келеді. Ал, біз таеквондо деп жүрген тхеквондо – корей халқының ұлттық спорты дүние жүзіне мәлім. Бұл шығыс күрестеріне жататын ұрыстық спорт түрі. Қазіргі таңда жер шарының 209 ұлттық ассоциациялары осы спорт түрімен айналысады екен. Кореяның таеквондо қауымдастығының дамуы елдің әскери құрылымының қалыптасуына да көп септігін тигізген. Таеквондо қауымдастығын генерал Чой Хон Хи басқарған. Әскердегі солдаттарға күрестің осы түрінен сабақ беріп отырған. Бұған үкімет тарапынан қолдау жасалып, өз бақылауында ұстаған. Әскери күрес саналған таеквондошы спортшының аяғы мен қолы қатар жұмыс істейді. Оның мақсаты – әскери ережесіне сай келетін әдістерді пайдалана жеңіске жету болып табылады. Таеквондошы – әрқашан өз-өзіне сенімді, салқынқанды, ұстамды, сабырлы, не нәрсе жасаса да ойланып, толғанып барып әдіс жасайтын, қарсыласына ауыр соққы беретін спортшы.
Спорттың бұл түрін ауыл баласы Ақанның да таңдап, оның айла тәсілдерін меңгеріп жүргеніне де алты жыл. Ол қазір Шиелі индустриалды-аграрлық колледждің 2 курс студенті. Ұсату қондырғысының машинисі біліктілігін алып жатқан, болашақ пайдалы қазбаларды ашық түрде қазу маманы. Ал, спорт оның жан серігіне айналған.
Колледж директоры, аудандық мәслихат депутаты Мейрамхан Мұсаханұлының айтуы бойынша мұнда спортшыларға толық жағдай жасалған. Колледждің спорт залында бос күн деген болмайды. Жастар сапалы біліммен қатар спорттың түр-түрімен айналысып, денелерін шынықтырады, білім ордасының намысын қорғап аудандық, облыстық, республикалық додаларға қатысады. Жүлдемен оралғандар да аз емес. Жастар бір сәт те бос болмауы керек. Соған орай колледжде бокс жетекшісі Б.Алданазаров, күрес – О.Қазыханов, волейбол – Ә.Мырзамұратов, шахмат – М.Әбдіров үйірмелері тұрақты жұмыс істеп, оларға оқытушылар қоғамдық негізде жетекшілік жасайды. Биыл велоспорт үйірмесін қолға алдық. Жақында он спорттық велосипед сатып алып, оған құмар спортшылар жасақталып жатыр. Жастар жылына арнап осы бұқаралық велоспорттан аудандық турнир өткізу де ойымызда бар. Жалпы жастардың спортқа деген ынтасы жоғары. Біз тек оларды қолдап, демеп отыруымыз қажет. Ауданның, колледждің атын ел көлеміне танытып жүрген студентіміз Ақан Иманбектің жөні бөлек дер едім. Оның келешегі зор. Өйткені Ақан еңбеққор, бойы еңселі, батыл, күш – қайраты мол, ештеңеден сескенбейді. Бұл қасиетті таеквондо күресінің негізгі қаруы болса керек деп ойлаймын – деді, спортты түсіне білетін, шәкірттеріне дем беріп, қайрап отыратын басшы М.Дүйсенов көңілдене түсіп.
Айтса айтқандай, Ақан Иманбек 73 кг салмақта күресе жүріп, бірталай жетістікке жеткен. 2018 жылдың желтоқсан айында Райымбек батырды еске алуға арналған ашық республикалық жарыста 15-17 жас аралығындағы таеквандошылар арасында өз салмағында бірінші орынға шығады. Сөйтіп, ҚР спорт шеберіне үміткер атанады. Осы жылы таеквондодан жасөспірімдер арасында өткен облыс біріншілігінде сайысқа түсіп, 1 орынды иеленеді. Талантты спортшы 2019 жылы Талдықорған қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы Қазақстан Республикасы чемпионатында + 73 келі салмақта, финалдық жекпе-жекте Түркістан облысының белді таеквандошысы А.Мариповты қапа қалдырып, Қазақстан Республикасының чемпионы тұғырына көтеріліп, таеквандодан спорт шебері атанды. Алдына қара салмаған Ақан Иманбек Қазақстан Республикасыны командасының құрамына еніп, келешекте Азия чемпионатында ел намысын қорғайды. Бұл Ақанның биіктерді бағындырудағы алғашқы жетістігі ғана деп қабылдайық.
№10 Бала би ауылындағы балалар – жасөспірімдер мектебіндегі жеке бапкері Исламбек Мұсатаев, колледждегі өндірістік оқу шебері Гүлназ Жолымбетова мен топ жетекшісі Гүлмира Әбдірахмановалар шәкірттері Ақан үшін тыным таппай, оған сырттай жанкүйер болып, сәттілік тілеумен келеді.
Өркен Исмаил,
ҚР Журналистер одағының мүшесі.