Мектепте өрт шыққанда не істеу керек?
Оқыс жағдайда адам, әсіресе, бала үрейленіп, ойлау қабілетін жоғалтуы мүмкін. Сондықтан ол дұрыс әрекет етпей, қателеседі. Мектептегі өрт кезінде оқушы сыныпта қалып қойса, не істеу керек екенін білуі керек. Біз ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті мамандарының осы жөніндегі кеңесін назарларыңызға ұсынамыз.
- Мұрын мен ауызды сулы матамен жабыңыз. Жалын мен түтін жылдам таралмауы үшін есік пен терезені жабу қажет. Егер жалынның сіз тұрған бөлмеге жақындап келе жатқанын байқасаңыз, көп мөлшерде су болса, кіреберіс есік пен еденге шашыңыз.
- Өрт дабылы жарияланған кезде оқушылар өз парталарының жанына тұрып, мұғалімнің нұсқауымен сыныптан біртіндеп шығуы керек. Соңғы шыққан баладан кейін мұғалім сыныптың есігін мықтап жабады.
- Әр сыныптың оқушылары әбігерге түспеуі үшін бірқалыпты адыммен өз қатарында жүруі қажет. Мұғалім сынып журналымен оқушылардың соңынан жүреді. Ол дәлізде немесе баспалдақпен жүрген кезде балалардан озып жүгіруіне болмайды.
- Жиналатын орын алдын ала келісілуі, яғни оқыс оқиға болмай тұрып барлығына белгілі болуы керек. Ол оқу орнына жақын жерде болуы қажет.
- Жиналатын жерге келгенде мұғалім оқушыларды түгелдеп, сынып оқушыларының саны туралы бірден мектеп директорына хабарлауы қажет.
- Қалып қойған балаларды іздестіруге қызметкерлер кешікпей кірісуі керек. Бірақ оларды өрттің ошағына жақындамай, тығылып қалуы мүмкін басқа орындарды қарауы қажет.
- Өртсөндірушілер келгенде мектеп директоры немесе оның орынбасарлары дереу іште қалған адамның саны мен олардың болуы мүмкін орындарын хабарлауы керек.
- Жедел жәрдем келгенге дейін түтіннен немесе жалыннан зардап шеккендерге жиналу пунктінде алғашқы медициналық көмек көрсетіледі.
- Өртcөндірушілер рұқсат бермейінше ғимаратқа киім, кітап, құжат, тағы да басқа бағалы заттарды алу үшін оралуға болмайды!