Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Адамның дұшпаны кітап оқымаған адам

Адамның дұшпаны кітап оқымаған адам


– Нұртөре... Заманауи сөзбен кестелер болсақ, қазақ журналистикасындағы бүгінгі брэнд-есіміңіз осы, білуімізше. Ал брэнд-есімнің жазу стилі болса трэндке айналды қапысыз. Солай деп айтуға хақымыз бар. Нұртөреше қалам тербеу­ге құмартқан жастардың қарасы қалың екенін көзбен көріп, ішпен біліп жүрген жәйт. Еуразия ұлттық университетінің журналистика және саясаттану факультетінде із қуған кейінгі толқынға кеңінен жарығанын байқадық. Дәл сол журналис­тер ұстаханасында дәріс оқып жүрген осы жазбаның авторы – пақырыңыз мен куә.
Медиа мейманның қалам сілтесін жұқтырғысы келген толқын Елбасы кітапханасына мол жиналды. Қояр сауал көкейкесті, бөлісер ой да көп терең. Шеберлік дәрісіне қатысқан Еуразия ұлттық университетінің журналис­тика және саясаттану факультетінің студенттерінің кездесуге даярлығы тыңғылықты екен. Тыңдаушылар – журналистика, баспа ісі, PR мен саясаттануға маманданған өрендер. Нұртөре Жүсіп әңгімесінің әлқиссасын кітап оқу мәдениетінен бастады. Ой зердесінде бүгінгі студент пен кешегі студенттің келбеті. Жиі қозғалар мәселе – кешегі буынның кітапқұмарлығы, бүгінгі ұрпақтың интернетке икемделуі. Көптің көкейіндегі замансауалға медиа мейманның жауабы бөлекше шықты:
«...Кітап оқу мәдениетін жоғалтып алғанымыз рас. Бірақ ол қасиетімізді қайта түлейтініне сенемін. Әлем елдерін көп аралаймын. Еуропада қоғамдық орынның әр тұсында кітап, газет оқып отырған адамды көзім жиі шалады. Шетел халқымен араласқанымда сұрап білгенім, олар да кезінде кітап оқу мәдениетін жоғалтып алған кезеңді бастан өткерген. Бірақ кейін бұл мәдениетті жаңғыртқан. Кітап дүкендерін, кітапханаларды жаңа форматта жұмыс істеуге көшіруге ықпал еткен. Адамдарды оқуға ынталандырған. Меніңше, біздің елде де қазір осы ынталандыру жүріп жатыр. Ендеше оқу мәдениетін қайта қалыптастыратынымызға сенемін. Өйткені, адамның дұшпаны кітап оқымаған адам».

Кітап оқуға келгенде ауызды қу шөппен сүртіңкірейтін бүгінгінің жастарына қаламгердің көңілі тола қоймас деп ойладық. Ойымыз бекер боп шықты:
«Жастарға көңіліңіз тола ма?» деген сауал бағзыдан келе жатқан клас­сикалық сұрақ қой. Б.з.д.399 жылы қайтыс болған Сократ «Жас­тардың тәрбиесі нашар. Олар бай­лық­қа құмар. Басшысын келемеждеп, үлкенді сыйлауды білмейді, ата-анасын тыңдамайтын тілазар. Жастар бұзылған» дегенді қай заманда да айтып келген. Классикалық сұраққа «толмайды» деген классикалық жауап беруге болады. Бірақ менің жастарға көңілім толады. Жастар алғыр, елгезек, еркін елдің еркін ойлы ұландары. Көңілім толмайтын тұсы болса ең алдымен өзімізге көңіліміз толмауы керек. Өйткені, сол жастарды тәрбиелеген өзіміз ғой. Дегенмен, аға буынға қатыссыз да жәйт бар. Соған көңілім толмайды. Ол – жастардың ұмытшақтығы. Қазір оқыған нәрсесін қазір ұмытатыны. Ол да бір заманның бүгінгі болмысы. Осындайда «Қырымның қырық батырын» жатқа соға жырлайтын баяғының Мұрын жырауы еске түседі. Не деген жады, ә?!»
«Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» дегенді көп айтамыз. Медиа мейманның өзі ұстазға жарыған шәкірт. Ұстаз болғанда да дүйім жұрт «Шераға» деп құрметтеген Шерхан Мұртазаның «өнімі» ол. «Шерағаңның шекпенінен» шығу қазір де, ол тұста да зор бақыт, бедел еді. Содан шығар отандық басылымның көбіне бас редактор болған Шерағаңның сүрлеуімен келе жатқаны. Бүгінгі Нұртөре-брэнд ұлағатты ұстазы сияқты бас редакторлар шоғырында шоқтығы биік тұрғаны мәлім жәйт. Аты аңызға айналған ұстазы сияқты ол да білген-түйгенін үйретуден жалықпайды:
«Жазудан жалықпаңдар. Мықты журналист жазғанда өзін аямай жазуы керек, мол жазуы керек. Сонда ғана өзіндік стилдерің қалыптасады. Америкалық әлемге әйгілі жазушы, журналист Джек Лондонды бәрің білесің. Сол кісінің алғашқы кітабын баспадағылар 600-рет қайтарып тас­тап отырған екен. Бірақ ол сонда да беті қайтпаған екен. Мұндай қайсарлық, жанкештілік сіздерге де тән болсын. Сонда ғана журналистік машықтарың ұшталады, өрелеріңіз өседі. Екінші бір айтарым, танымал адамдар туралы досье жинауға әдеттеніңдер. Ол жүйелі түрде болуы керек. Досьеге қарап отырып, терең талдау жазуға машықтаныңдар. Досье ол бір мәліметі мол дереккөз ғой. Ауқымды, іргелі іспен айналысуға жүрексінбеңіздер. Жас кезде батыл болыңыздар. 13 жасында елге билік етіп, төрелігін айтқан Қазыбек би қаперіңізде болсын. 13 жасында ол Тайкелтір би бастаған қазақ елшілері құрамында қалмақ ханы Қонтажыға барып, батырлығымен, шешендігімен көзге түскен. Мотивацияны көп айтасыңдар ғой. Нағыз мотиватор – Қазыбек би».
... Елбасы кітапханасына мейманымен болған 2 сағат зу ете өте шықты. Аз көрінді, қанбай қалды көпшілік. Әңгіменің тағылымына шөліркеген шәкірттердің «тағы да айта түссе екен» деген сұраулы жүздерінен соны аңғардық. Кездесуді азсынған студенттерге қалған айтар сөзді кітабынан іздеуді ұсынды. Сөйтті де автор өзінің «Мың құмырсқа және біз» көсемсөз еңбегін кітапхана қорына және үздік сауал қойған студентке тартулады. Елгезек білімгерлер шеберлік дәрісінен алған әсерімен бөлісіп жатты.
Перизат Сағынтай: «Алған әсерімді айтып жеткізу қиын. Әсіресе, қаламгер ағамыздың қандай маман иесі болса да, бастысы кәсіби маман болу, жақсы адам болу міндетің» деген сөзі бізге қанат бітіріп, шабытымызды үстеді. Өнеге болар сөздерді түртіп алып отырдым».
Айдана Ерланқызы: «Нұртөре аға жалқаулықпен күреске зор мән берді. Өз басыңнан өткізбей айтқан сөз өтімді болмайды ғой. Нұртөре аға жастық шағында жалқаулыққа бой алдырып алғанын айтып, бір күмілжіп, бір күлдірді. Сонысы үшін кейін өкініп, өзімен-өзі сөйлесіп, қайрап-қамшылаған кездерін еске түсірді. Демек, өзіне ерікті бермей, керісінше жалқаулығын тежей білген. Сол мінезінің арқасында бүгінде жетістікке жетіп отыр».
P.S.: «...Жас ұрпақты қазақтың халық ауыз әдебиетімен сусындандыру қажет. Бұл үшін лиро-эпостық жырларды мультимедиялық нұсқаға шұғыл көшіру керек. Балалар дүниетанымына тартымды мультфильмдер арқылы ауыз әдебиетінің қайнарына ауыздандыруды дереу қолға алған жөн.
...Қазақтың ауыз әдебиеті – бүгінгі ұрпаққа жат әлем. Бізге сол әлемнің есігін қайта ашудың қамын жасау керек. Әртүрлі әдіспен. Сонда ғана біз өзіміздің халықтық қалыбымызға қайта аламыз. Онсыз «Аю отыр партада» дегеннен артық тақпақ білмейтін, тақылдап сөйлесе де, сөзінің дәмі жоқ, айтқанының мәні жоқ ұрпақты өсіріп, өрбіте береміз. Бізге керегі осы ма?!»
(Нұртөре Жүсіптің «Мың құмырсқа және біз» кітабынан)

Қанат ӘУЕСБАЙ,
Елбасы кітапханасының
аға сарапшысы.
05 ақпан 2019 ж. 982 0