Түркістанда облыс тұрғындарын үздік кардиологтар қабылдады
Түркістан облысының тұрғындарын еліміздің ең үздік кардиологтары қабылдап, тегін кеңес берді. Шаһардағы орталық емханада ҚР Президенті іс басқармасы медициналық орталығы ауруханасының көшпелі тобы өз жұмысын бастады. Астанадан келген ақхалаттылардың ішінде кардиолог, аритмиолог, кардиохирург және травматолог сияқты өз ісінің шеберлері бар. Аз ғана уақыттың ішінде облыстың әр ауданынан келген жүзден аса науқас елордалық мамандардан кеңес алып үлгерді. Дәрігерлердің айтуынша, еліміздегі науқастар арасындағы өлім-жітімнің 60 процентін жүрек-қантамыр жүйесі аурулары құрайды. «Сондықтан бүкіл әлемде аурудың бұл түрі халық өлімінің негізгі себебі болып отыр», – дейді мамандар. Жоғары санаттағы дәрігерлер облыс тұрғындарын екі күн бойы қабылдайды. Айдана Аяғанова, қалалық емханасының бөлім меңгерушісі: - 100 науқас қазір көрініп жатыр. Кардиохирург коронарография операциясына Астана қаласына порталмен 8 науқасты жолдайын деп отырмыз. Травматологтың есебінен 7 науқасты да елордаға жібереміз. Бұл іс-шара бізге өте ыңғайлы болды. Себебі көп науқастар Астанаға барып, дәрігерге көріне алмайды. Сондықтан бүгін бірнеше науқастың алғысын алып отырған жайымыз бар.
www.24.kz