Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Нартайдың орнындағы шырағы едің...

Нартайдың орнындағы шырағы едің...


Нартайдың орнындағы шырағы едің...

(ҚР Мәдениет қайраткері, ақын, сазгер, жырау Құрманбек Бекпейісовтің ұлы Мұхамедәлі Бекпейісовке жырау Айбек Тәңірбергеновтің кеуілқосы)
Мәметжан, құлынысың Құлагердің,
Тыңдатып бүйрегімді бұра бердің.
Кіші жүз, Орта жүзге олжа салған,
Жатысын қарасайшы мына ердің.
Құрекем қайтты деген хабарды естіп,
Айырылып ес-ақылдан тұра бердім.
Көңіліңе сабыр суын жырмен сепсем,
Қайғысы басылар ма, Мұрагердің?
Ағекем, ағып тұрған бұлақ едің,
Нартайдың орнындағы шырақ едің.
Боздатып боз даланы әнмен тербеп,
Халқыңа қасиетіңмен ұнап едің.
Қамығып қалың Қыпшақ отыр бүгін,
Өзіңсіз қалай тарқайды құмары елдің?
Жүруші ед жыр әлемде әнмен қалқып,
Тыңдаушы ед халық, қария сөзге балқып.
Әбіләш, Арзулланың соңындағы,
Көне із күңгірт тартпас, қалды сарқыт.
Қаншама терме-дастан жазып кетті,
Ат мініп, зерлі шапан киіп барқыт.
Оңалар орнында бар деген нақыл,
Мәметжан, жолыңды ұста енді қамтып.
Жүретін Қаратаудан күй ақтарып,
Тілетін алмас қылыш қияқтанып.
Біржан мен Ақан, Тайжан әнін салып,
Құлады-ау «Қараторғай» сияқтанып.
Томсардық топырағың төгілгеннен,
Үміт көп ізіңе дән себілгеннен.
Жазылған лауһы тақта күнің шығар,
Қайтейін, енді жоқсың егілгенмен...

Айбек Тәңірбергенов.




Беу, беу опа – дүние-ай

Беу, беу опа дөңгеленген дүние-ай,
Қатар жүрер қуанышы, қайғысымен күйігі-ай.
Қадіріне тіршілікте жете алмай,
Жасаймыз біз пендешілік, бір Аллаға сыйынбай.
Әттең-әттең, пендешілік бізден неге қалмайды,
Сол пенделік салып отыр жүректерге зор қайғы.
Қазағымның жыр өнері қайғы жұтып тұр бүгін,
Құрманбектің орны бөлек, орны оның толмайды.
Қиналғанда басу айтып қолтығынан сүйесек,
Туыс, бауыр, достар болып ақыл қосып жебесек.
Ортамызда күліп ойнап жүрмес пе еді жарқырап,
Жүйкесіне салмақ салып, демейтінді демесек.
Сен Тайжансың, сен Нартайсың мойындаймыз бәріміз,
Гигигайлап әнге салсаң тыңдайды жас-кәріңіз.
Самғап ұшқан қырандай санқ еттің де жоқ болдың,
Құлазыған құла түздей, кетті біздің сәніміз.
Екі ұлы, екі ғұмыр – өмірінің жалғасы,
Шаңырағының оты өшпейді, ағады өмір арнасы.
«Мен алысқа кетем», – деп ең кездескенде соңғы рет,
«Бұл сөзімде астар бар ғой», – дегенің бе еді, аңғаршы.
Қош бол бауырым, енді бізге қоштаспасқа амал жоқ,
Азамат ең, алып кетті арамыздан ажал оқ.
Орнында бар оңалар, – деп қазақ текке айтпаған,
Екі ұлыңды көріп бауырым, болып тұр-ау көңіл тоқ.
Беу, беу опа дөңгеленген дүние-ай,
Жақсы-жаман бәрі де жүр сыйып-ап.
Қазағыңа беретінің көп еді ғой, көп еді,
Қалай тастап кеттің бауырым бұл өмірді қиып-ай!

Пернебай ІЗМӘМБЕТҰЛЫ,
Қарғалы ауылы.
09 қаңтар 2019 ж. 1 539 0