Қостанай облысында цемент зауыты іске қосылды
ҚазАқпарат - Тұңғыш Президент күніне орай Рудный қаласында сапасы жоғары цемент шығаратын зауыт іске қосылды. Зауыт Қазақстанның және Ресейдің оңтүстік өңірлерінің құрылыс салаларының сұранысын қамтамасыз етеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР Қарағандыдағы вольфрам кен орнында құны $700 млн құрайтын зауыт ашылады СҚО-да биоэтанол өндірісі қолға алынады Қазақстанда өндірілген алюминийдің 90% экспортталады Салтанатты шараға облыс әкімі Архимед Мұхамбетов қатысты. Белгілі болғандай, жобаны іске асыруға 100 миллион доллар немесе шамамен 18 млрд теңге инвестиция құйылған. «Мемлекет қолдау көрсетті. Атап айтқанда, «ДКБ-2020» бойынша банк алдындағы -1 млрд 350 миллион теңге проценттік мөлшерлеменің субсидиясы берілді. 750 миллион теңге инженерлік коммуникацияларға бөлінді, 730 миллион теңге кепілге берілді, тағы 600 миллион теңге теміржолдарға бөлінді. Бастысы, цементтің сапасы жақсы болсын», - деді өңір басшысы. Зауыттың жұмыс үдерісі мен жоспары туралы кәсіпорынның директоры Артем Макласов айтып берді. Оның сөзіне қарағанда, бүгін айналма пештің оты жағылған. «Біз оны клинкер өндірісі үшін дайындаймыз. Алғашқы өнімді бес күннен соң алуды жоспарлап отырмыз. Цементке алғашқы клиент белгілі, ол - Ресейдің Уфа қаласынан. Олар 200-300 мың тонна, яғни зауыттың жобалық қуатының жартысын алуға әзір. Жергілікті тұтынушылармен де кездестік. Облысқа 200 мың тоннадай цемент қажет», дейді А. Макласов. Жыл соңына дейін зауыт шамамен 17200 тонна цемент өндірмек. «Қазір зауытта 190 адам жұмыс істеп жатыр. Бюджет 200-ге дейін жұмысшыға жалақы төлеуге шақталған. Дегенмен зауыт қарқын алғанда жұмысшылар саны 304-ке жетеді», - дейді ол. Еске сала кетейік, цемент зауытының құрылысы 2016 жылдан бері кейінге шегеріліп келді. Оны іске қосу 2018 жылғы маусымға жоспарланған болатын.
inform.kz
inform.kz