Ас үй бөлмесінің жинақы болуына 7 кеңес
Ас үй бөлмесінің жинақы, таза әрі әдемі болуы – үй ханшайымдарына байланысты. Кейде ыдыс жууды, болмаса үстел үстін тазалауға ерініп, кейінге қалдыра салатын сәттер болады. Тіпті кейде өзге шаруамен айналысып кетіп, ас бөлмесін жинауды соңына қалдырып жатамыз. Алайда үй ханшайымдары ас бөлмесін бірінші тазалауды әдетке айналдырғаны абзал. Ең дұрысы – тамақтанып болған соң-ақ ыдыстарды жуып, орын-орындарына қойып, орындықтарды ретімен орналастырып қойғаны жөн. Осы орайда әдетке айналдырар 7 кеңесіміз жайлы айта кеткеніміз артық болмас. 1. Жарнама қағаздарын жинамаңыз Дүкенге немесе сауда жасап келгенде, болмаса көшеде жүргенде жарнама қағаздарын ұсынады. Біріне қызығып, бірін жолда қоқыс жәшігіне тастап кетесіз. Ал үйге ала келгенде алдымен ас үй бөлмесіне әкеліп, сонда қалдыратын сәттер болады. Ең дұрысы ас үй бөлмесіне қажетті құжаттарды қоймаған жөн. Қажет емес жарнама қағаздарын қоқысқа тастап, қажеттілеріне арнайы сөре арнап қойған дұрыс. 2. Тамақтанған соң ыдыс жууды кейінге қалдырмаңыз Тамақтанып болған соң ыдыс-аяқты бірден жууды әдетке айналдырыңыз. Бұл сіздің көп уақытыңызды алмайды. Керісінше кейінге қалдыратын болсаңыз, онда қатып қалған тамақ, тағам қалдықтары оңайлықпен кетпей, жуған кезде ұзақ уақыт алады. Бір шетінен бірден жусаңыз, ас үй бөлмеңіз де таза, жинақы болып тұрады. 3. Ас бөлмесіндегі үстелге көп зат қоймаңыз Ас бөлмесіндегі үстелдің бос тұрғаны жөн. Кез келген затты сонда қоятын болсаңыз, әдетке айналып кетуі мүмкін. Бір затты таппай қалсаңыз, ас үй үстелінен іздеп жүресіз. Дұрысы ас үй бөлмесіндегі үстелге артық зат қоймау керек. Бұл жинақылықтың бір белгісі. 4. Кешкісін бәрін өз орындарына қойып шығыңыз Асханада кез келген заттың өз орны болады. Кешкісін барлығын түгендеп, өз орындарына қойған жөн. Таңертең қажетті заттарыңыздың қайда екенін іздеп жатпайсыз. 5. 1-2 минут уақыт алатын жұмыстарды бірден жасай салыңыз Жинақылық – жан рақаты. Ас үй бөлмесінде 1-2 минут қана уақытыңызды алатын жұмыстар болады. Мәселен, қоқысты жинау, дастархан сүрту, кеселерді жуу, т.б. Осы секілді жұмыстарды жылдам жасай салуды әдетке айналдырудың еш зияны жоқ. Қайта осындай әдеттің арқасында ас бөлмеңіз айнадай болып тұрады. 6. Қажет болмайтын заттарды жинамаған абзал Асханаңыз тар болса, көп заттар жинамаған дұрыс. Артық шкаф пен сөрелер, болмаса кей заттар керек болмауы мүмкін. Бір керегі болар деп ас үй бөлмесіне тыға беруден аулақ болу керек. Басы артық заттардың көп болуы – ас үй бөлмесі жинақылығын байқатпайды. 7. Ас үй бөлмесіне көп гүл қоймаңыз Асхананың жинақы көрінгені жанға жағымды, ал гүлдің болғаны тіпті жақсы. Әйтсе де гүлдің көп болуы – ас үй бөлмесінің сәнін келтіре қоймайды. Ас үй бөлмесіне арналған гүлдерді тоңазытқыш, сөрелер мен шкафтардың барлығына қойып тастасаңыз, жинақы көрінбейді. Керісінше терезе алдына ғана бірнеше гүл қойған көрікті көрінеді.
Massaget.kz
Massaget.kz