Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ОН БЕС ЖЫЛ ЖАЗЫЛҒАН ЕҢБЕК

ОН БЕС ЖЫЛ ЖАЗЫЛҒАН ЕҢБЕК


Бұл – ең атақты хадисші еңбегі. Ол – хадис ғылымында ең көрнекті ғалымдардың бірі имам Муслим. Толық аты-жөні – Әбу Хусейн Муслим бин Хажжаж бин Муслим бин Уард. Қушайри тайпасынан, бұл арабтардағы танымал тайпалардың бірі. Имам 821 жылы Хорасан өлкесіндегі ең көркем қалалардың бірі Нисабурде дүниеге келген. Бұл қала білім дамыған шаһар ретінде мәшһүр болды.
Имам Муслим білім және тақуалықты ұстанатын отбасында туды. Әкесі Хажжаж бин Муслим білімді ерекше жақсы көретін. Ғұламалардың мәжілісіне тұрақты қатысатын. Сондықтан баласын білім жолына түсірді. Бала Муслим он екі жасынан бастап хадис тәліміне кірісті. Имам Заһаби бұл жайлы: «Ол ең алғаш он екі жасында Яхия бин Яхия Тамимиден хадис тыңдай бастады. Ал, жиырма жасында қажылыққа аттанды», - деп жазған. Имам Муслим өте көп ұстаздан тәлім алды. Олардың ұзын саны екі жүз жиырмаға дейін жетеді. Солардың ішіндегі ең үлкен ұстазы – Абдулла бин Маслама Қағнаби. Сонымен бірге, Куфа, Ирақ, Мысыр және қос қасиетті қала ғалымдарынан хадис үйренді. Солардың ішіндегі ең танымалдысы: Яхия бин Яхия, Құтайба бин Сағид, Сағид бин Мансұр, Ахмед бин Ханбал, Исхақ бин Раһауайһ, Әбу Хайсама Зуһайр бин Харб, Әбу Кариб Мұхаммед бин Ъалә, Әбу Мұса Мұхаммед бин Мусанна, Һинад бин Сурри, Мұхаммед бин Яхия бин Әбу Омар, Мұхаммед бин Яхия Заһли, Бұхари, Абдулла Дарими және т.б.
Имам Муслимнің хадис саласында өзіндік әдісі, өзіне тән жолы болды. Ең алғаш хадис жинағын жазған имам Маликтің «Муатта» кітабын фиқһ тарауларына сай жүйелеген. Сонымен бірге, хадистің келіп жету жолдарына көңіл бөлген. Мәселен, бір хадис бірнеше тізбек арқылы риуаят етілуі мүмкін. Ал кейбір хадистер мағыналары әр түрлі болғандықтан, бірнеше тарауда кездесуі ықтимал. Ал, Мұхаммед бин Исмаил Бұхари өз еңбегіндегі хадистерді келіп жету жолдарына қарай һижаздық, ирақтық және шамдық ғалымдардың тізбегімен жазды. Басымдықты аталмыш ғалымдар бірауыздан келіскен хадистерге берді. Хадисте бір емес бірнеше мәселе кездессе, сол тараулардың барлығында аталмыш хадисті қайталаған. Бұхаридің кітабында тоғыз мың екі жүз хадис қамтылған болса, соның үш мыңы қайталанған хадистер.
Муслим бин Хажжаж Қушайри хадис еңбегін Бұхари әдісі бойынша жазды. Бірақ, қайталанған хадистерді қоспады, хадисті фиқһ мәселесіне сай тарауға бөлді. Десе де, оның еңбегі барлық сахих хадисті қамтымаған. Кейінгі буын ғалымдары Муслимнің және Бұхаридің өз еңбектеріне енгізбеген сахихтарын жинақтады. Хусейн бин Мұхаммед өз әкесінің «Муслимнің«Бұл сахих еңбегімді үш жүз мың естіген хадистерге сүйеніп жаздым» деп айтқанын естіп едім», - деген сөзін жеткізеді. Имам Муслим ол еңбегін он бес жыл бойы жазды. Ахмед бин Сәләманың: «Муслим сахих еңбегін он бес жыл бойы жазғанда онымен бірге болдым», - деген сөзі бар.
Ғалым өз кітабын елінде жазды. Ибн Хажар «Фатхул-Бари» кітабының кіріспесінде:«Муслим еңбегін елінде жазды. Ұстаздарының көбісінің көзі тірісі кезінде жазды. Ол әр сөзге ерекше сақтықпен қарайтын», - деп жазған.
Имам Муслимнің хадис іліміндегі ұшан-теңіз еңбегін бағалаған ғалымдар хадистанушы жайлы: «Дүниеде төрт хафиз (хадис ілімін жетік білетін ғалым) бар, олар: Рой қаласындағы Әбу Зарға, Нисабурдегі Муслим, Самарқандтағы Абдулла Дарими және Бұхарадағы Мұхаммед бин Исмаил», - деген. Бұл Мұхаммед бин Башшардың сөзі.
Мұхаммед бин Абдуаххаб Фарра (272һ.): 
«Муслим бин Хажжаж –адамдардың ғұламалары және білімнің құтысы», - деген.
Хадис ғалымы Әбу Әли Нисабури: 
«Аспан астында хадис саласы бойынша ең дұрыс кітап – Муслимнің кітабы», - деп баға берген екен.
Имам Муслим елу бес жасында, һижраша 261 жылы туған жері Нисабур қаласында қайтыс болды. Имамның Сахих Муслим еңбегінен басқа көптеген кітаптары бар, олар: «Китаб Тамиз», «Китаб Ъиләл», «Китаб Ухдән», «Китаб Афрад», «Китаб Ақран». Міне, бұл кітаптар – хадис ілімінің әр түрлі саласына арналып жазылған жекелеген еңбектер.

muftyat.kz
10 қараша 2018 ж. 1 127 0