Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Көмір неге таразыға тартылмайды?

Көмір неге таразыға тартылмайды?


Жұрт егінін жиып, күн салқындағаннан қыста жағатын отын-судың қамына кірісетіні сөзсіз. Иә, дәл сол мәселе. Жылда осы уақыттарда осы тақырыпқа тоқталамыз. Айналып өтіп, ұмытып кетпейміз. Біз қозғағалы отырған сол «жандырып, күйдіретін» жайт.
Көнермейтін көмір мәселесі. Бір жылы жетпей жатады. Бір жылы қымбат болып жатады. Тағысын тағы әйтеуір қыстағы бір қозғаусыз қалмайтын тақырып. Қыркүйек айында аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Дана Аман брифинг өткізіп, газет бетінде әріптесіміздің «Қатты отын қат емес» деген мақаласы жарық көрген болатын. Дұрыс-ақ. Көмірдің ауданға жеткілікті дәрежеде болуы қуанарлық дүние. Дегенмен де, «қат» болмаса болмасын, осы мәселе төңірегінде датымыз бар. Датымызға құлақ асар жан болса, «татымы» бар. Әріден әсірелемей, әңгімеміздің нақтысына көшер болсақ, «көмір неге таразыға тартылмайды?» деген сауал әлеуметті де әуреге түсірді. Осы сұрақпен көмір сататын орындарға табан тірегенімізде жөнін де айтпаған жүк тасушы әкіреңдегенде «әкемді таныстырайын» деп тұрған жоқ па деп жүрексінгенімді жасырып неғылайын. Сөйтсек, кезекке тұрған жүргізушілер таразымен «сандалып» жүргенінде кезегі өтіп кетеді екен. Сонда дейміз да, өз нәпақасынан айырылмаймын деп қара халықтың қалтасына түсіп жатқандар кәсіпкерлер ме, әлде жүргізушілер ме? Базардағы сатушыларды «таразыдан жеді» деп кейде налимыз. Ал, бұл кісілердікі не сұмдық?! 1 тонна­ деп есептегенінен 200-300 келісі кем шығатын көрінеді көпшіліктің айтуынша. «Жүк тиегіштің бір іліп салғанын тоннамен есептеп, бағасын сонымен шығарып, халықтың ақшасын қалталарына құйып, қарындарын қампайтып жатқандарға қашан тосқауыл болар екен?» деп шағым­данушылардың қарасы қалыңдап барады. Кәсіпкерлердің де уәжіне құлақ ассақ, «Бізге де осылайша береді. Біз де салмағынан ұтыламыз көмірдің» дегенді алға тартты. «Жылап барып ем, еңіреп алдымнан шықтының» кебін кигендерге одан артық айта алмадық. Дегенмен, құмға сіңген судай болып, ізсіз сіңіріліп жатқан халықтың ақшасы ғой. Әлеуметтің әупірімдеп жүріп, маңдай термен адалдап тапқан ақшасына арамдық жасау қаншалықты орынды? Бұған кім жауап бермек? Көмір дегеніңіз картоп емес, сәбіз емес, екі-үш қап алсам жеткілікті дейтіндей. Осы тұста есепке кезек берсек, бір отбасы қыстан қалтырамай шығуы үшін кем дегенде 7-8 тонна көмір жағады. Сонда тоннасына шаққанда 15 мың теңгеден 105-120 мың теңгені құрайды екен. Оған тағы көлікке төлейтін ақыны қосып қойыңыз. Сонда, 130 мыңға жете қабыл сомаға бір қыста үйіңіз жаз, көңіліңіз мәз болмақ. Таразыдан қағып, тиыннан теңге құрағыш бүгінгінің кейбір саудагерлері алдына кімді алып барсаң да пысқырмастай көрінді бізге. Редакцияға хабарласып, жөнін айтып, жылағандай болған азамат бірер кісінің атын атап, бір жүк тиегіш жақсы салып беретінін, келесі бірінің көлікке жетем дегенше төгіп-шашатынын тілге тиек етті. Таразыға салмағанымен қоймай, енді осылай да «үнем» жасауға көшкен «пайдакүнемдерге» қашан тоқтам болар екен? Жалпы, осы тұста кім-кімді алдап жүргенін түсінбедік. «Пенденің күші – миында, теңгенің күші тиында» екенін беске білетін бүгінгінің епті сатушылары саудасын өрістетудің жолы тиыннан теңге құрау мен таразыдан жеу деп түсінетін сықылды. Осы орайда, «тұтынушылардың құқығын кім қорғайды?» деген сауал туындары хақ.
Осыдан бірер күн бұрын Ақордада өткен Қауіпсіздік кеңесі отырысында тарифтері қымбаттаған коммуналдық қызмет түрлеріндегі кейбір есеп-қисаптар бойынша Бас прокурормен тексеріліп, бассыздықтар анықталғандығын және халықтан алынған артық төлемдер қайтарыла бастағандығы айтылған болатын.
– Егер тарифтің өсімі нақты экономикалық көрсеткіштермен негізделмей, жасанды түрде тағайындалса әрбір отбасының шығынын көбейтеді. Бұл халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған менің Жолдауыма қарама-қайшы­ келеді, азаматтардың әлеумет­тік көңіл-күйіне әсер етеді. Адал­дық­тан жұрдай монополис­­тер жауапкершілікке тартылуы керек, – деді Елбасы өз сөзінде. Сондай-ақ, тұрғын үй-ком­мунал­дық шаруашылық қызметіне, жылу­­ мен электр энергиясына халық­­тың табысының едәуір бөлігі жұмсалатындығын да тілге тиек еткен болатын. Осылайша, Президент тарифтерді заңсыз көтерген монополистерді жазалауды талап етті. Сөйтіп, өз жұмысына сал­ғырт­­ қарап, жауапсыздық таныт­­қан Табиғи монополияларды­ ­реттеу, бәсекелестікті және тұтынушы­­лардың құқықтарын қор­­ғау комитетінің төрағасына сөгіс жариялаған еді. Ал, нақ­ осы басқосуда айтылған тапсырмалардың орындалуы біздің ауданда қашан көрініс таппақ?


Дина ЖҮСІПОВА.
10 қараша 2018 ж. 1 060 0