Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » 13 жасында екі аяғынан айырылған спортшы қазақстандықтардың өмірін өзгертуге дайын

13 жасында екі аяғынан айырылған спортшы қазақстандықтардың өмірін өзгертуге дайын


Серік Есматов — 13 жасында екі аяғынан айырылса да, өмірге деген сенімін жоғалтпаған, биік шыңдарды бағындырған, рухы мықты қазақ жігіттерінің бірі. 2013 жылғы паралимпиада ойындарының жүлдегері, “100 жаңа есім” жобасының жеңімпазы Stan.kzақпараттық агенттігінің тілшісіне поездың астына түсіп, оқыс оқиға орын алған соң, өмірі қалай өзгергенін, қандай мақсаттарға, жетістіктерге жеткенін, қандай қалаларда трейнинг жүргізетінін айтып берді.

Серік, сіздің әлеуметтік желілердегі жазбаларыңыздан бұл өмірде жанұяңыздан ешкім жоғары тұрмайтынын түсінуге болады. Жалпы, 7 жылдың ішінде өміріңіз қалай өзгерді? Достарыңыздан көңіліңіз қалған кездеріңіз болды ма? Өмірден түңілмеуге кім және не көмектесті?
Өмірім түбегейлі өзгерді деп айтқым келеді. Аяғымнан айырылғанға дейінгі болған дүние қазіргі мен де бар нәрcемен салыстыруға келмейді. Мен оқыс оқиға орын алғанға дейін тек мектепті қатынайтын, ол жерде өзі үшін ғана білім алып, өз-өзін дамыту мақсатында спорттың әр түрімен айналысып жайбарақат жүрген бала едім. Үлкен армандарым, жоспарларым болды. Әлемдік аренаға шыққым келетін. Мақсаттарыма жету жолында мені және отбасымды өзгерткен осындай қайғылы оқиға орын алды. Өмірге деген көзқарасым да өзгерді. Сонда да, бір жағынан басыма түскен істі оңай көтеріп шықтым деп айта аламын. Бірақ, күнделікті тұрмыста қозғалу кезінде қиыншылықтар болды.
Көптеген адамдармен араласуды қойдым. Бірақ осыған менің емес, олардың бастамасы түрткі болды. Ашығын айтқанда, мен оларды достарым деп санаған емеспін. Жай таныстарым десем болады. Аяғымнан айырылған соң, біздің ортақ қызығушылықтарымыз жоғалды. Арадағы байланысымыз үзілді. Мұндай ортадан қол үзіп қалғанымды қайғыға баламаймын. Жағдайды ақылға салдым. “Егер ол сенің адамың болса, қандай жағдай болмасын, сенің жаныңнан табылады” деген пікір бар. Менің жанымда өз адамдарым қалды. Сол кезде көптеген жан менен теріс айналды, көбісі мән бермеді. Алайда, олардың орнына келген адамдар әлде қайда көп еді. Менің, ағамның, достарымның достары, алыс туысқандарым көрісуге келді. Тиісті көңіл бөлінді, бірақ мен қалағандай емес.
Ата-анамның үлкен қолдауы болды. Сол кезде көп нәрсе оларға тәуелді еді. Мен жасөпірім болдым. Олардың тәрбиесімен, нұсқаулықтарымен өмір сүрдім. Кей кездері ата-анам бұйрық та берді. Барлығын орындадым, себебі олардың алдындағы жауапкершілікті сезіндім. Сенім арттым, ата-анамның қолдауы мен махаббатын сезіндім. Болашақта есейгенде өмірімде ешбір қиындық туындамауы үшін анам мен әкемнің арқасында алға жылжыдым. Мен мұны сол кезде түсінгенмін, олардың жасында маған көмектесу қиынға соғатынын білдім. Екеуінің де жасы шамамен ұлғайған. Оның үстіне ата-анам ауырады. Осыны жақсы білдім, сондықтан олар уайымға беріліп, қиналмаулары үшін жағымды дүниелерді жасаймын. Өмірімнің сәтті тұстарымен бөлісемін.
Жазатайым оқиғаға тап болып жатқан адамдар көбінесе артық көңілді ұната бермейді ғой. Ал сізге БАҚ тарапынан көп-көңіл бөлінеді дегендей.
Кеңес Үкіметінің кезінде мүмкіндігі шектеулі адамдарды қоғам қабылдамайтын. Оларға ешнәрсе де бермейтін. Егер адам соғысқа қатысып, майданнан мүгедек болып қайтып келсе, оған пәтер, уақытша тұратын үй беретін. Осы жалғыз нәрсе мүгедектерді құтқарушы еді. Олар сол пәтерде осы күнге дейін өмір сүреді және әлі де сол үйде жаман жағдайларда тұрады. Сол кездердің өзінде әлгі адамды қоғам кеудесінен итеретін, себебі жек көретін. Бұл қасиет қазіргі күні бізге берілген. Адамдар мүгедектермен дұрыс араласуды білмейді. Сәйкесінше, ерекше мүмкіндіктері бар азаматтар осыны ойлап күйзеледі, қоғамнан, өзінен күдер үзіп, өз тұлғасын жоғалтады. Нақтырақ айтқанда, олардың бойында өзіне және қоршаған ортаға арналған тиімді істерді атқаруға жауап беретін коэффицент жоғалады. Олар өздерінің осында не істеп жүргендерін де ұмытып қалады. “Маған осы не үшін берілді” деген сұрақ адамды күйзеліске түсіретін сияқты. Адам өз-өзіне құрметпен қарауы тиіс. Керісінше, басыма түскен істен қандай шешім шығара аламын деп, осы жағдайдан қалай шығуға болатынын ойлау керек.
Мүгедектің өмірін тек мүгедек қана түсіне алады. Қоғам мүгедектерді қабылдамайтындықтың дәлелі ретінде Алматы қаласын мысалға келтірер едім. Оңтүстік астанада оларға қозғалу қиын. Сырғыма баспалдақтар ыңғайсыз жасалынған. Көтергіштер барлық жерлерде жоқ. Осыны мүмкіндігі шектеулі адамға толыққанды өмір сүруге кедергі келтіретін бірінші нәрсе деп айтар едім. Меценат, мықты адамдар оларға қажетті мөлшерде көңіл бөлмейді.
Білесіз бе, мен кішкентай кезімнен бастап әрдайым көпшіліктің назарында жүруді армандайтынмын. Белсенді өмір салтын ұстануға тырысатынмын. Әртүрлі шараларға қатыстым, жаттықтым, үйрендім. Мектепте менің жеке өзімнің хорым бар еді. Би билейтінмін. Қалалық мәдениет шараларында өнер көрсететінмін. Мұғалімдер менің осы бір қабілетімді байқап, алға жылжуыма көмектесетін. Қазір де өзіме белсенді ортада жүрген ұнайды. Екі аяғымнан айырылған соң, адамдар менің бойымнан тек жас жігітті емес, қиын жағдайға тап болса да мойымайтын азаматты байқады. Тек күн көруге емес, өмір сүруге тырысатын жігітке көңіл аудара бастады. БАҚ өкілдері менімен байланысқа шыққанда, олардың бетін қайтарғым келмеді. Жұрт алдында жүргенді ұнатамын. Қазіргі күннің өзінде мен әртүрлі өрістерді қамтудамын. Бойымдағы сеніміммен жаңа шыңдарды бағындыруға тырысып келемін. Себебі, менің мақсатым, арманым, жоспарым бар.
Сіз сияқты жағдайға тап болған жандарға қайтадан аяққа тұрып кетуге, өмірге сенуге көмектесіп жүр екенсіз. Сол азаматтармен бірге атқарған жұмыстарыңызға тоқталсаңыз.
Адамның өз-өзімен жұмысы неден басталады? Жаттығу мен денені шынықтырудан. Спортпен айналысу арқылы ол өзіне жаңа мүмкіндіктерді табады, диваннан арбаға қалай тезірек отыруға болатынын үйренеді. Физикалық жаттығулардың ең бірінші көмегі осы. Алайда менің көмегім мұнымен шектелмейді. Мүгедекпен кездесіп, психологиялық әдістер арқылы оның артықшылықтарын табамын. Оған не ұнайтынын, немен өмір сүргенін, қазір қалай өмір сүргісі келетінін анықтаймын. Қандай тұлға екенін түсініп, қажеттіліктерін анықтау мақсатында онымен сөйлесуге екі, екі жарым сағат жұмсаймын. Жалпы, жан-жүрегіммен тырысып, сол адамға берілемін. Онымен бір аптадай жұмыс істеймін. Бір айдан соң ол әлемге жаңа көзқараспен қарап, мүлдем басқа бағытта жылжуды бастайды. Ақырындап оның жаңа таныстары пайда болады. Егер ол оларды өзі таба алмаса, мен көмектесемін. Өнер сынды шығармашылық дүниелермен айналысуды жақсы көретін мүгедектер бар. Олардың қызығушылығымен бөлісуге тура келеді. Ал оның барлығына көп қаражат жұмсалады. Маған қарап өзге ерекшеліктері бар адам осындай жағдайда өмір сүру мүмкін нәрсе екенін түсінеді. Өзім осындай нәтижеге жету үшін көп уақытымды жұмсадым. Барлығын 15 жасымда түсіндім. 5 жылдың ішінде айналамды өзгерте алатын деңгейге жеттім деп айта аламын.
Өмірлік жолыңызда ұстазым деп таңдап алған, соған қарап бой түзейтін адамыңыз бар ма?
Менің жаттықтырушым, ұстазым — екі аяғын жоғалтпаған, бала күнгі бейнем. Мен бейқам, жайдарлы, белсенді, көңілді бала едім. Қазір де бойымда сол уақыттағы барлық жағымды қасиеттерім сақталып қалды.
2013 жылы, 15 жасыңызда Малайзияда волейболдан өткен паралимпиадалық ойындарға қатысып қайттыңыз. Сайыстан қандай әсер алдыңыз? Малайзия несімен есте қалды?
Ойындарға екі аптадан көп уақыт дайындалдық. Жаттықтырушылар бізді алыптарды дайындағандай дайындады. Әрине, қобалжып, өз-өзімізге сенімсіздік танытып, қорыққан кездеріміз болды. Малайзияның Куалалумпур қаласында паралимпиадалық ойындардың ашылу салтанаты кезінде сайыстағы жауапкершіліктің жүгін сезіндік. Күллі әлем, еліміздің басшысы осы ойындарды, бізді бақылап жатқанын түсінгенде қобалжуымыз арта түсті. Біз тек ауа райына емес, айналамыздағы дүниелерге де бейімделуге тырыстық. Осы ойындардың жауапкершілігін түсінген соң, 100 пайыз күшімізді салдық. Ашылу салтында туыңды алып шыққанда, әнұраның шырқалғанда еліңе, өзіңе деген мақтаныш сезімі оянады екен. Өз жеріңді құрметтейсің, бір жағынан оны сағынасың. 15 жаста осыны басымнан бекерден бекерге өткізген жоқпын. Бұл мен үшін үлкен тәжірибе. Сол уақыттан бері мен адам ретінде өзгердім. Сайыстар өмірге басқаша, жаңа көзқараспен қарауды үйретті.
Паралимпиадалық ойындар 3-4 күн өтті. Бос уақытымызда Малайзияның астанасын аралап үлгердік, Twin Towers сынды көрікті жерлерін көрдік. Барлық дәстүрлі тағамдарынан, түрлі кокостардан ауыз тидік.Спортпен айналысуға бір күнде қанша сағатыңызды жұмсайсыз?
Бала күнімнен 13 жасыма дейін мен тек жаттығу керек болған соң ғана спортпен айналысатынмын. Біреу сұраса ғана жүгіретінмін, қажет кезде ғана білдектермен жаттығатынмын. Бүгінгі күні менің физикалық жағдайыма, денсаулығыма байланысты спортпен жиі айналысамын деп айта аламын. Менің фитнес орталықты басқаратын достарым бар. Оларға маған өмірлік абонементті сыйға тартқандары үшін алғыс айтамын. Мен залға барып, білікті тренерлермен жаттығамын. Олар бодибилдинг бойынша әлем чемпиондары, сондықтан мені кәсіптік деңгейде шынықтырады. Денемді ретке келтіруге көп дегенде 40 минут арнаймын.
Қазақ спорт және Туризм академиясындағы спорт залға түстен кейін, сабақ біткен соң жаттығуға барамын. Уақытымды ешкім шектемейді. Кешке барса м да болады. Маған достарымның, өзге студенттердің деңгейінде, стандартында ойын ойнау қиын. Олардың барлығын еденге отырғызуға тура келеді. Сондықтан мен көбінесе қабырғамен бетпе-бет жаттыққанды ұнатамын. Қабырға волейболшының ең жақын досы екені белгілі. Алайда қазіргі уақытта мен жұрт алдына жиі шығатын болған соң, волейбол ойнауды қойып келе жатырмын. Күнделікті өмірде қозғалуда күрделі мәселелер туындамай, еркін қозғалу үшін жаттығып, өзімді тонуста ұстауға тырысамын.
Бізге сіздің волейболдан жаттықтырушы болуды армандайтыңыз белгілі. Арманыңызға қаншалықты жақындай түстіңіз?
Кезінде мен кішкене басқаша санайтынмын. Білім аламын, квалификациядан өтіп, сынып таңдаймын деп ойлайтынмын. Мұның барлығы екінші орынға шигерілді. Себебі, мен белгілі шыңдарды бағындырдым. Адамдардың құрметіне бөлендім. Екі жыл көлемінде Алматы қаласының волейболдан ұлттық құрамасында жаттықтырушы әрі команда капитаны ретінде жұмыс істедім. Командада өңкей ересектер. Үлкендерге басшы болып, оларды бақылау қиын. Сондықтан бұл жерде спорттық және қарапайым психология үлкен рөл ойнады деп айтқым келеді. Мен жаттықтырушы болуды үйрендім. Бүгінгі күні академиядағылар менен жасөспірімдердің, жастардың құрамасын жаттықтыруды сұрағанда ешбір артық ойсыз балаларға көмектесуге тырысамын. Оларға шамамен бір жарым сағатымды арнаймын. Жақында бізде әуесқойлардан жастар арасындағы сайыс өтті. Академияның командасы жүлделі орынды иеленді. Мұны жаттығудың, менің және жаттықтырушының еңбегі деп білемін.Ник Вуйчич сынды тренингтер өткізгіңіз келетінін айтқан едіңіз. Алматы қаласында кездесулер өткізіп жатырсыз. Қазақстанның басқа да қалаларына бару жоспарыңызда бар ма?
Басқа қалаларға баруға құлшынысым бар, бірақ мүмкіндігім жоқ. Ақша таппаймын. Қаржылық мәселелер менің отбасыма еркін өмір сүруге мұрша бермейді. Көше деңгейінен де төмен, жаман жағдайларда өмір сүремін. Арбамды сындырып ала беремін. Далаға шығудың өзі күрделі мәселе. Жеке көлігім де жоқ. Жалпы, сауда орталықтарына, компанияларға барып мен үшін қайырымыдылық шара, акция өткізу туралы ұсыныс тастау ойымда бар. Себебі, мен өз өзіме протез жасай алмаймын. Бүгінгі күні протездер 3 миллион теңгедей тұрады. Инвалид болғаным үшін 54 мың теңге аламын. Бұл ақшаға жақсы протездер сатып ала алмайтын шығармын. Сәйкесінше көлік мініп, үйде жөндеу жұмыстарын да жасай алмаймын. Сондықтан үшінші адамдардың жағынан қолдау болса екен деймін. Демеушім табылса, маған күн сайын қолдау көрсететін адамға алғысым шексіз болар еді.
Басқа қалаларға ақылы түрде шығуды кәсіби жұмысыма айналдырғым келеді. Ал қазіргі уақытта тек демеушілердің қаражатына шақырған жерлерге, мысалы жоғары оқу орындары мен кейбір мекемелерге бара аламын. Жақында Астана қаласындағы Лев Гумилев атындағы Евразиялық университетке барып қайттым. Ол жерде үлкен аудиторияға арналған тренинг өтті. Алматы қаласындағы IT университетінде 1300 адамға арналған аудиторияда лекция оқыдым. Тұран жоғарғы оқу орнында да солай. Ол жерде 1000-ға жуық адам болды. Тренинг тегін өтті, басқа қаланың тұрғындары да оған қатысуға мүмкіндік алды.
Негізінен, ауылдарға да шақырып жатады. Ресейден де ұсыныстар түседі. Америкалықтар көмек сұрап, жиі-жиі хабарласып тұрады. Бірақ мен әлі оларға қонаққа бару туралы шешім шығарған жоқпын. Адамдарға толықтай сенбеймін. Шетелге шығатындай менің командам да, бірге барып, қасымда болатын адамдарым да жоқ.
5, 10 жылға жоспар құрмайды екенсіз. Оның нақты себебі бар ма? Жайбарақат өмір сүріп жүрген кезімде солай ойлайтынмын. Жағдайлар өзгерді. Мен бұрынғыдан әлде қайда маңызды өріске келдім. Сөйтіп бес немесе он жылға емес, күн сайын жоспар құруды жақсы көретінімді түсіндім. Нақтырақ айтқанда, белгілі бір уақытта нәтиже көрсете алатын жоспарларды құруды ұнатамын. Есеп берусіз бір нәрсені жасау түкке де тұрмайтынын айтқым келеді.
Біздің оқырмандарымызға, күйзелісте жүрген адамдарға қандай кеңес бересіз?
Көптеген адамдардың айналасында өздеріне сай емес азаматтар, ұнамайтын дүниелер болғандықтан, олар өмірден не керек екенін білмейді. Қазір 21 ғасыр. Бұл заман бұзылып кеткен. Адамдардың эмоционалды, психологиялық тұрғыдан жүні жығылған. Әлеуметтік желілер: Instagram, Facebook, Vkontakte адам бойындағы тұлғаны жояды. Бір жағынан мәселе адамдардың өз-өздерін шектеуінде, олар жақтаулардың арғы жағында не бар екенін білмейді. Расында, адамдар бүгінгі күнмен өмір сүруді қойды. Ертеңгі күнмен өмір сүрудің, не болатынын ойлаудың қажеті жоқ.
 

Stan.kz сайты
14 қазан 2018 ж. 1 246 0