Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ғылымды қолдау – келешекті ойлау

Ғылымды қолдау – келешекті ойлау


Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас директоры, ҚР Ауыл шаруашылығы ғылым академиясының академигі Серікбай Өмірзақов ғылым мен өндіріс арасындағы бірқатар мәселелерді сөз етті.
Ғалымның пікірінше, күріш – аймақтың күрделі табиғи-климаттық, топырақ жағ­дайы­на бейімделген, экологиялық, мелио­ра­тивтік, экономикалық, әлеуметтік маңы­зы жоғары дақыл. Жылдан-жылға күріш өн­дірісінің көлемі артып, экспорттық әлеуеті көбейе түсуде. Жалпы, аймақтың мал шаруа­шылығы, өңдеу саласы, қоршаған орта, эко­логиялық ахуал тікелей күріш егісіне тәу­елді.
Ауыл шаруашылығында еңбек өнімділі­гін 2,5 есеге дейін және экспорттық әлеуетті көтеру ғылыми нәтижелерді, технология­ларды тездетіп өндіріске енгізуге және трансферттеуге тікелей байланысты.
Ғылым – адам баласының аса қабілетті ой-өрісінің нәтижесі және қоғам дамуының негізгі көзі. Сонау 1987 жылы өндіріске ен­ген «Маржан» сорты осы уақытқа дейін 1,3 млн гектарға егіліп, ең төменгі көр­сеткіштермен есептегеннің өзінде 150,0-160,0 млрд теңгенің өнімі өндірілген екен. Демек, ғылымға салынған қаржының қай­тарымдылығы осы бір «Маржан» сортынан көрініс табуда. Сондықтан еліміздің болашағы да экономиканың драйвері де ғылым болып қала береді.
Облыс әкімі Қ.Көшербаев аймақтың экономикасын кластерлік жүйе арқылы дамыту және оны ғылыми жетемелеу қажеттілігін бірінші кезекке қойып, әрдайым қолдау көр­сетуде. Осының нәтижесінде күріш өндірісі кластерлік жүйемен қарқынды дамуда.
Бұл саланың бәсекеге қабілеттілігі күріш сорттарына тікелей байланысты. Қазіргі күні институт ғалымдары күріштің нарық сұранысына сәйкес келетін инновациялық «Сыр Сұлуы», «АйКерім» сорттарын шыға­рып, мемлекеттік сортсынақтан өткі­зуде және тұқым шаруашылықтарында қатар сынау жүргізіліп бірегей тұқымын көбейту жүзеге асуда. Қолдағы бар нақты тұқымдарды және жүргізілген тәжірибелер нәтижесіне сүйенсек, 2019 жылы 1000 гектардың үстінде осы сорттар егіліп 2021-2022 жылдары аймақтағы күріш егісінің 60-70%-ін алады деген жоспар бар.
Бұл сорттар аймақтың топырақ-климат­тық жағдайына аса бейімділігімен, мол өнім түзгіштігімен және дәндерінің ірілігі, шынылығымен ерекшеленеді. Мысалға, биылғы күрделі климаттық жағдайда об­лысқа кең тараған «Лидер» сорты кеш пісіп, немесе толық піспей қиындықтар туғызуда. Ғылыми негіздемелерге сүйенсек, жұмысты ұйымдастыру өз нәтижесін беретінін уақыт дәлелдеп отыр.
Сонымен қатар, мал шаруашылығы өнімділігі жем-шөп, азықтық қорға тікелей байланысты. Осы бағытта институтта мал азығын – дәнді дақылдар селекциясы нәтижелі жүргізіліп, арпа, бидай, жоңышқа, түйежоңышқа дақылдарының бірнеше сорт­тары шығарылып, бастапқы тұқым шаруа­шылығы жүргізілуде.
Жоңышқаның «Түркістан-15» сорты кеңінен таралып, үлкен сұранысқа ие болды. Арпаның «Іңкәр», «Сыр Аруы», «Қайсар», «Шахристан» сорттары жоңышқаны бүр­ке­мелеп егуде шаруашылықтарда кеңі­нен қолданылуда. Бидайдың «Зарина» сор­ты­нан зор үміт күтеміз. Ендігі кезекте осы дақылдардың егіншілікті әртарап­тан­ды­ру­дағы маңызын ескере отырып, арнайы тұ­қым шаруашылығын құру қажеттілігі тұр. Осы сорттар қазіргі күні Қазақстанның сол­түстік өңірлерінде апробациядан сәтті өтуде.
Институтта бақша дақылдары селекциясы және сұранысқа ие сорттардың тұқымын дайындау, жаңа технологияларды көрсету, үйрету, насихаттау бағытында да жұмыстар жүргізілуде. Халықтық «Күләбі», «Қалайсан» қауын сорттары қалпына келті­ріліп, селекциялық процестерде қол­дану нәтижесінде жаңа «Ливера» сорты шығарылып, тұқымын көбейту жұмыстары жүргізілуде. «Балшекер», «Альтаир» сорттары осы саланың дамуына үлесін қосатынына сенімдіміз.
Егіншілікке дәлдік жүйені ендіру, ақылды технологияларды қолдану – бүгінгі күн талабы. Институт аймақтағы ғылыми орталық ретінде осы бағытта бір­шама жұмыстарды бастады.
Біріншіден, аналитикалық зертхана ұйым­дастырылып, қажетті құрал-жаб­дықтармен жасақталуда. Топырақ құра­мын­дағы қоректік элементтер гумус, тұздар құра­мын, механикалық құрамын, судың мине­рализациясын анықтау арқылы егістік жерлердің агрохимиялық картограммасын жасау басталды.
Агродронды қолдану арқылы гербицидтермен арамшөптерді жою, органикалық негіздегі сұйық тыңайтқыштарды беру, үстеп қоректендіру жүргізілуде.
Тамшылатып суару, автоматты метео­станция, ылғал датчиктері, автоматты су басқару құрылғылары ақылды техноло­гиялар элементтері болып табылады жә­не дақылдардан мол, сапалы өнім алу, қым­бат ауылшаруашылық техникаларын пайда­ланудың тиімділігін, еңбек өнімділігін арт­тырудың тікелей жолы болып саналады.
Топырақ құнарлығын арттыру, күріш өндірісінің қалдықтарынан (күріш сабаны, қауызы) биотыңайтқыш даярлау, жаңадан шыққан отандық, шетелдік биопрепарат, пестицидтер мен гербицидтерді сынау жұмыстары кең көлемде жүргізілуде.
Институттың ғылыми стационарында көрсетілім паркі ұйымдастырылып, бірнеше мәрте шаруашылық өкілдері шетелдік әріп­тес­термен қатар Парламент, облыстық мәс­лихат депутаттары, облыстық ауыл ша­руашылығы басқармасы мамандары қа­ты­суымен кездесулер, дала күндері өткізі­леді.
Қазақ даналығы «өсірген дән емес, қамбаға түскен дән – дән» деп өте дұрыс айтқан. Осы арада ескеретін жағдай, ауыл тұрғындарының малдарына иелік етуде орынсыз әрекеттерге баруы, немқұрайлық танытуы алаңдатады. Өкінішке орай, малды бақпау, қоршауды әдейі қиып, егістікке малын кіргізу фактілері әдетке айналған. Жылқыларды егін орып жинаған елді мекен маңайына әкелу егіншілер қауымына үлкен зиянын тигізуде. Ал оның ақыр-соңы қаншама бейнетті еш қылып, мемлекеттік қолдаулардың тиімділігін төмендетіп, діт­теген нәтижеге жетуге кері ықпалын тигі­зуде. Сондықтан түлігі бар әрбір тұрғын осыған зер салса дейміз.
Жалпы, егіншілік саласында ғылымға жасалған қолдау, яғни сол шығынның әрдайым қайтарым беретіні дәлелденген жағдай.
syrboyi.kz
11 қазан 2018 ж. 829 0