Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Дәріні шаймен ішкен тиімді ме?

Дәріні шаймен ішкен тиімді ме?



Қоңыр күзде күн салқындап, түрлі жұқпалы аурулар көбейіп, созылмалы дерттердің жиі мазалайтыны белгілі. Ал ауырған адам дәрі ішеді. Осы дәрі қабылдаудың да өзіндік ережелері бар екенін көбіміз елеп-ескере бермейді екенбіз. Біздің Шымкент қалалық №4 емханасының дәрігері Диляфруз Атажановамен (суретте) сұхбатымыз осы мәселе төңірегінде өрбіді.
 – Диляфруз, алдымен дәріні немен ішкен дұрыс, осы жөнінде айтсаңыз. Сумен ішкен тиімді ме, әлде шаймен ішкен дұрыс па? Шырынмен, кофемен ішсе бола ма?
 – Негізі сумен ішуге кеңес беріледі. Ол дәріге асқазан сөлі кері әсер етпеуі үшін керек. Шаймен ішсе, оның құрамындағы танин дәрінің тиімділігін төмендетеді, өйткені таниннің көптеген дәрілермен әсерге түскенде ерімейтін қосылыстар түзетін қасиеті бар. Сол сияқты, кофенің, мысалы, тыныштандыратын дәрілердің әсерін күшейтіп, ұйқысыздыққа ұрындыратыны бар. Кейбір антибиотиктер мен антидепрессанттар кофеин­нің ағзадан бөлінуін тежейді, сол арқылы жүйкеге жайсыз әсер етеді.
 Сондай-ақ көптеген дәрілердің, егер грейп­фрут шырынымен ішкен жағдайда ағзаны уландыру қаупі бар. Антибиотиктер, жүрек ауруының дәрілері осындай әсер береді. Тіпті дәріні мұндай шырыннан жарты күн кейін ішкеннің өзінде ағзаға қауіп төндіруі мүмкін.
 Жалпы, қандай дәріні болмасын қолданбас бұрын оның нұсқамасын толықтай оқып шыққан абзал.
 – Кейбір азық түрлерін де дәрі ішіп жүргенде абайлап тұтыну керек деп айтылады. Осыны тереңдеу түсіндіріп берсеңіз.
 – Иә, кейбір азық түрлері дәрінің әсерін өзгертуі әбден мүмкін. Мысалы, қазір қан тамырында қақ тұруына қарсы қолданылатын антикоагулянттармен  бірге құрамында К витамині көп тағамдарды ішуге тыйым салынған. Өйткені олар бір-біріне  мүлде қарама-қайшы. Ал К витамині капустаның барлық түрінде, сояда, жаңғақта, бауырда, кабачок сияқты азықтарда көп.
 – Ал дәрілердің бірін таңертең, енді бірін кешкісін ішу керек дегенге байланысты не айтар едіңіз?
 – Егер дәріні күніне бір мезгіл ғана ішу керек болса, онда оны тәулігіне тек белгілі бір уақытта ғана ішкен дұрыс. Жалпы, таңертең, таңғы астан кейін ішкен ыңғайлы. Егер нұсқамасында басқалай жазылмаса, емдеуші дәрігер басқалай кеңес бермесе, осылай еткен дұрыс.
 – Яғни дәріні ашқарынға емес, тамақтан соң ішкен дұрыс қой?
 – Нұсқамада қалай жазылса, дәрігер қандай кеңес берсе, солай істеу керек.
 Ал кей препараттар, мысалы, ферментті препараттар тамақпен бірге ішіледі. Өйткені олар ас құрамымен араласқаны дұрыс. Сондай-ақ кейбір пробиотиктер ашқарынға немесе тамақтан 2 сағат кейін ішіледі. Оның бәрі нұсқамада жазылып тұрады.
 – Бірнеше дәріні қатар қабылдайтын сәттер кездеседі. Мұндайда не істеу керек?
 – Жалпы, қай дәрі болмасын ішілген соң асқазанда шамамен екі сағаттай болады. Осыны есте ұстау керек. Мысалы, қорғаныштық бағыттағы антицидті препараттарды немесе сорбенттерді басқа дәрілерден кемінде екі сағат кейін ішу керек. Өйткені олар улы заттарды сіңіреді, сонымен қоса дәрі құрамындағы кейбір қажетті заттарды да сорып алуы мүмкін. Нұсқамасында бұл жөнінде жазылатын дәрілер де бар. Осыған мән беру керек. Дәрі тағайындағанда дәрігер де осындай жайларды назарда ұстауы тиіс.
 Жалпы, емделген кезде бір мезгілде 5 препараттан артық қабылдауға болмайды. Одан көп қолдану қажет болғанда дәрігермен кеңесіп, қатаң ережелерді сақтап отырған абзал.
 – Көп адамды дәрінің спиртті ішімдіктермен әсерлесуі ойландырады.
 – Дәрілік препараттар ішімдікпен әсерлескенде зиянын тигізетіні рас. Мысалы, аллергияға қарсы препарат немесе метронидазол, кей антибиотиктер алкогольмен әсерлессе, ағзаны  уландыруы әбден мүмкін. Көбіне алкогольдің кесірінен туындайтын панкреатит, гепатит, ба­уырдың беріштенуі сияқты ауруларды емдеу кезінде спиртті ішімдікті тіпті де  қабылдауға болмайды.
 – Мысалы, адам қандай да бір дерттен ем қабылдады делік. Аздап «ұрттайтыны» бар. Ондайлардың алкогольді қанша уақыттан кейін қабылдауына болады?
 – Жаңа айтқандай, себебі алкоголь тұтынудан туындаған аурудан емделіп жүрген адам оны мүлде ішпегені дұрыс. Ал басқадай жағдайда аса қауіп жоқ. Себебі дәрілердің басым бөлігінің ағзадан жартылай шығуына көп уақыт кетпейді, сондықтан емдеу курсы біте салысымен-ақ олар аз уақытта ағзадан шығады. Яғни дәрі мен алкогольдің әсерлесуі болмайды. Дегенмен де алкогольді шамадан артық қолданудың соңы жақсылыққа апармайтыны белгілі ғой.
 – Ал темекі шегудің ем тиімділігіне әсері қаншалықты?
 – Темекінің ағзаға аса зиян екені мәлім. Кей аурулардан емдегенде одан түпкілікті бас тартқан абзал. Мысалы, адам созылмалы панкреатитпен ауыратын болса, темекі шекпегені абзал. Өйткені ол ауруды асқындырады, ұйқы безінің жасушаларын зақымдайды. Сол сияқты созылмалы өкпе, гипертония, атеросклероз, миокард инфаркті дерттері кезінде де темекіден бас тарту керек, өйткені темекі түтінінің құрамындағы заттар тамырдың ішкі қабатын зақымдайды, асқындырады.
 Жалпы, кімге де болса өзі үшін ауырмайтын жол іздеу, денсаулығына қамқор болу парыз. Өйткені ол біреудің әкесі, анасы, бауыры, жақынына керек адам. Осыны жұрт есте сақтаса екен деймін.
 – Әңгімеңізге рахмет.
 
Сұхбаттасқан – Р. ҚАЛТАЙ.
03 қазан 2018 ж. 1 877 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930