Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Кетпенінің жүзін күн нұрына суарған

Кетпенінің жүзін күн нұрына суарған

Маусымға байланысты ілкімді істерді іліп, тартымды тақырыптарды толғаудамыз. Әдеттегідей, орақ науқаны басталған тұста бейнеттен белі бүгіліп, иығынан кетпені түспейтін жандар басты назарымызда. Бұл жолы жас звено жетекшісінің еңбек жолын зерделедік. Ол үшін алдымен қожалық төрағасымен тілдесуді жөн санадық. Байланыс нөмірін тере бастадық.

– Алло, Дәулет аға, саламатсыз ба?
– Иә, иә, амансыз ба? – деді телефонан үзік-үзік естілген байыпты дауыс. Ар жағында арылдаған техниканың дауысы даланы кернеп жатыр. Егіс басында жүр-ау деп пайымдадық өзімізше.
– Аға амансыз ба? Мен аудандық «Өскен өңір» газетінен Дина Жүсіповамын. Сөйлесуге мүмкіндігіңіз бар ма?
– А, айта бер, Дина. Мен мында күріштікте жүр едім. Не жөнінде сұрамақсыз? Жаңағы құлақ тұндырған дауыс бірте-бірте алыстап, Дәулет ағаның дауысы анық естіле бастады.
– Аға, сіздің қожалықтағы жас звеновод Алтынбек Қыдырбаев туралы газет бетінде мақала дайындасақ деп едік, – деп іркілдім. Іркілуімде де себеп бар. «Қырмандағы қызу еңбекке кедергі келтірмес пе екенмін?» деген ой ғой менікі. Секунды санаулы сәттер ғой бұл шақтар. Осылайша, өз ойымдағы арпалысты төрағаның дауысы бөліп жіберді.
– Иә, ондай жігіт бар. Сіздер мекен-жайдан адасқан жоқсыздар. Алтынбек жас болса да еңбекқор, бейнетсүйгіш жігіт. Осындай қара жұмыстың ортасында жүріп, еңбекпен таңын атырып, еңбекпен күнін батырып жүрген азаматтардың ісі кейінгілерге үлгі болу керек. Сіздер Алтынбекпен жүзбе-жүз кездесіп, жұмысын көзбен көргендеріңіз дұрыс шығар..., – деді бізге сұраулы дауыспен.
– Жарайды. Бізге де солай дұрыс болар еді, – дедік нық үнмен әлгіндегі «кедергі келтіреміз бе?» деген ойымыздың көбесі сөгіліп.
Осылайша, жас күрішші, звеновод Алтынбек Балтабекұлын тақырыпқа арқау ету арқылы «Ақмая» шаруа қожалығының да арналы істерін көрмекке бекіндік. Бүгінде жол жүру үшін ертеректегідей атқа не арбаға жалтақтамаймыз. Тізгіндегеніміз темір тұлпар. «Жол азабын жүрген білер» деген тіркес те өз мәнінен арылып бара жатқандай көрінді бізге. Егіс алқабы дегенде ойқы-шойқы жолмен жететін иен дала келеді көз алдымызға. Алайда, біз тізгіндеген көлік аудан орталығынан айнадай жарқыраған трасса бойымен 15-20 шақырым жерге көзді-ашып жұмғанша жеткізді.
Анадайдан күріштік танаптары бейне бір алтындалған теңіздей, комбайндары толқынмен бетпе-бет келген кемедей көрінді. Иә, алқаптың басы қайнаған еңбек.
Дала төсін жаңғыртып жүрген «Енисей» комбайнының қасына келіп тоқтадық. Алдымыздан қожалық төрағасы Дәулет Жұмбеков күтіп алды.
– Амансыздар ма? Іске сәт!
– Ассалаумағалейкүм! Рахмет, қалқам! Амандық сұрасқан соң танаптарды жағалай жүріп, әңгімеміз жүйе-жүйесімен жүре берді.
– Өткен жылы 800 гектар жерге Сыр маржанын орналастырған болатынбыз. Шүкір. Еткен еңбек пен төккен тер ақталды. Егіншілік саласында үздік нәтиже көрсетіп, күріштіктен орта есеппен 70 центнерден өнім алдық, – деді төраға сабырлы қалпынан танбай. Биыл да сол көрсеткішті жоспарлап отырғандықтарын алға тартты. Ең бастысы ауылдағы 100-ге тарта отбасының ауыл шаруашылығымен айналысып, жұмыссыздар санын азайтуға қосқан үлесі ерен деуге боларлық. Айта берсек, Жұмбековтың туған жерінда жасап жатқан жақсы істері жетерлік.
Енді әңгіменің ауанын Алтынбекке бұралық. Біздің негізгі мақсатымызды да естен шығармаған Дәулет аға жанына біздің кейіпкерімізді шақырды.
– Алтынбек өте еңбекқор жігіт. Ол күннің аптапты ыстығы мен ызғарлы суығына төзіп, өзгелерге үлгі болып жұмыс жасайды. Жаз мезгілінде таңның атысынан күннің батысына дейін егістік басында болады. Өзіне бекітілген аумақтағы күрішті агротехникалық талапқа сай күтіп-баптады. Нәтижесінде алдыңғы жылы «Үздік звено жетекшісі» атанды – деді ол бізбен әңгімесінде.
Жанымызға жақындаған еңбек адамының беті күннен тотыққан. Бидай өңді келген звеновод Алтынбек Қыдырбаев сөздің емес істің адамы екендігін ә дегеннен-ақ байқатты. Бізбен қысқа ғана амандасты. Өйткені, сөйлесуге мұршасы жоқ. Келгендегі мақсатымызды тәтпіштедік. «Олай болса, мархабат» дегендей ишарамен бір жымиып алған ол жұмысы жөнінде тек сұраған сауалымызға ғана жауап бере бастады. Еңбектің қазанында қайнағалы он бес жылға жуықтапты. Алғаш 2007 жылдан сушы болып бастап, бүгінгі күні үздік звено жетекшісі. Отбасынан түйір нанның қадірін тамшы термен бағалауды тәлім етіп бойға сіңіреді. Жастайынан әкесінің жанында жүріп қиындыққа қайыстай тартылып, еңбек майданында шыңдалып өседі. Сегіз баланың бесіншісі болып дүние есігін ашқан оның өмір салты қарабайыр болды. Сондықтан да болар, бейнеттен бас алмады. «Мынау қиын» болмаса «қажыдым, жетер, шаршадым» демеді. Үйелмелі-сүйелмелі балалардың олай айтуға да шамалары жоқ еді. Сөйтіп жүріп, кетпенінің жүзін күннің нұрымен суарып, белі ебекпен бекіді.
– Күріш жылуды, ылғалды, құнарлы топырақты қажет етеді. Тұқым егілген соң, суын жібереміз. Қарасын басқаннан кейін қырық күнге дейін нәрестедей мәпелейміз. 90-110 күн аралығында суда жатады. Одан соң суын құрғатып, ораққа дайындаймыз. Жай сөзбен айту оңай. Кез келген жерге тұқым салса, ол өнім береді деу қиын әрине. Егін бітік шығу үшін қаншама жұмыс керек. Егін егу үшін алдымен жер жырту керек, ол үшін техника, одан соң себетін тұқым болу қажет. Егінді суару, оны жәндіктерден сақтау үшін дәрі себу сияқты көп күш керек болады. Бірақ, жаздың аптап ыстығында егіс басында жұмыс істеу былай тұрсын, жай жүрудің өзі қиын. Бастапқыда қиналғаным рас. Жер-ана өзі тәрбиеледі, – деді ойын бүкпесіз жеткізген жас күрішші. Иә, еңбек әлемді жалқаулықтан құтқарады. Еңбектене білмеген адамның ақыл-ой шеңберінің ауқымы да тар. Сондықтан, қимылдаған адам мықшыңдап әрекет ете береді. Мақсатыңа қарай адымдап жүре берген жақсы.
– Біз дала қосынында соңғы шыққан жаңа технологиялармен жұмыс жасап жатырмыз. Заманауи техника жұмыс сапасын әлдеқайда жоғары көтеруге, тиімділікті арттыруға мүмкіндік береді, тек ерінбей еңбек етсең болды. Орақ маусымын уақытылы аяқтаймыз деген сенім бар, – дейді «Ақмая» шаруа қожалығының білікті звено жетекшісі Алтынбек Балтабекұлы.
Көзіміздің аясына мына даладағы сеңбектің сұлу суреті сияр емес. Комбайншы Бағдат, Бауыр­жан, Мақсат, Құрманбай, Алтынбек есімді жігіттердің орып-бастырған алтын қауызды дәндерін «КамАЗ» жүк көліктерін тізгіндеген Кенжехан мен Жасұлан қорабын толтырып тасымалдауда. Бір толтыра салғанда 20 тоннаға дейін астықты жүктейтін көліктер қамбаны толтыруға асыққандай шаңдатып, қара жолды қақ айыра межелі орнына асығып барады. Қажыр-қайраты мол, табанды әрі еңбекқор жұмысшылардың болуы «таразы басын табысқа қарай басуына» нық негіз екені даусыз. Бабын тапқан адамға қара жердің берер ырысы мол. Жас та болса, еңбек майданының бейнетінен қашпай, қауыша жүріп бел ортасында жүрген жанды көргеннен кейін түйген ой болды бұл. Диқанның еңбекқорлығына тәнтіміз.
Күн арқан бойы көтерілгенде егіс басынан қозғалғанымызда қара жолдың үстінде молшылық керуені қырманнан ауылға қарай беттегенін көрдік. Міне, нағыз күздің сәні, нағыз еңбектің көрінісі.

Дина ЖҮСІПОВА,
ҚР Журналистер одағының мүшесі.
03 қазан 2018 ж. 646 0