Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » "Жаман боладының" мәні 

"Жаман боладының" мәні 

Қазақы наным-түсінік оның тұрмыс-тіршілігі, өмір-салтымен етене байланысып жатыр. Бүгін назарларыңызға ата-анамыз бен ауылдың үлкен ақсақалдары үнемі айтып жүретін "Жаман болады" жайлы қазақтың тыйымдарын ұсынамыз. "Жаман боладының" астарында не жатқанын білгіңіз келсе, назар аударыңыз. * Белді таянбайды. Себебі жақын адамы қайтыс болғанда жоқтау айтып жылаған әйел ғана белін таянады. * Жер таянып отырмайды. Жақынынан айрылған адам ғана жер таянады. * Бетті басуға болмайды. Қайғы-қасіреттен қажыған адам ғана бетін басады. * Қолды тарақтауға, артқа қусырып жүруге болмайды. Бұл- қолы байланған тұтқынды еске салатын жаман ырым. * Белді босқа буынбайды. Өмірінде  перзент көрмеген адам ғана белін босқа буынады. * Тізені, табанды тартуға болмайды. Ауруға шалдыққанда ғана тізе мен табанды тартады. * Жақты таянбайды. Қайғы-қасіреттен әбден жалыққан адам ғана жағын таянып демеу етеді. * Тізені құшақтамайды. Бұл- «ұрпақсыз қалдым», «қу тіземнен басқа құшақтар қалмады» деген жаман ырымды білдіреді. * Жуған қолды сілкісе, ырыс-несібе кетеді. * Адамға қаратып қолды шошайту әдепсіздік болады. * Саусақты, қолды орынсыз ауызға салуға болмайды. Бұл да әдепсіздік белгісі. * Екі қолды төбеге қойып отыруға  болмайды. Басына қайғы-қасірет түскен адам ғана екі қолын төбесіне қойып отырады. * Аяқ-қолды жіппен байлауға болмайды. Себебі бұл қол-аяғы байланған тұтқынды еске салады. * Басты шайқауға, тісті қайрай беруге болмайды. Жүйке ауруына шалдыққан адам ғана осылай істейді. * Таңдай қағуға болмайды. Үй ішінде таңдай қаға беру-жаманшылық (өлім-жітім) шақыру белгісі. * Біреуге қарап ерін шығаруға, үлкен адам алдында аяқты созып отыруға, адамға қарап түшкіруге, үлкен кісінің жолын кесіп өтуге болмайды. Бұл қылықтардың бәрі әдепсіздік болып саналады. * Кісіге қарап бейберекет күлуге болмайды. Жүйке ауруына шалдыққан адам ғана бейберекет күле береді. * Адамға қарап керілмейді, бұл да әдепсіздік болып саналады. * Жатқан кісінің үстінен аттамайды. *  Ішекті тартуға болмайды. Жаманшылық шақыру белгісі болып саналады. * Тырнақты тістесе, ырыс-несібе кетеді. * Тырнақ пен бастың шашын бейсенбі мен жұмадан басқа күнде алады. * Сейсенбі күні үлкен жұмысқа кіріспейді. Жаңа мекенге көшпейді, жолға шықпайды, тіпті малды да санамайды. Түнгі қонаққа мал сойылмайды. Қазақ халқында сәрсенбі сәтті күн есептеледі. Сондықтан барлық істі сәрсенбі күні бастайды. * Түнде айнаға қарамайды. Адам түнде айнаға қараса, қатты шошынуы мүмкін. * Итті, мысықты тебуге болмайды. Өйткені әрбір жан-жануардың киесі болады. * Ер адам төрге қарап жүрелеп отырмайды. Өйткені ол қырық адамның жолын бөгейді. Егер әйел жүрелеп отырса, онда қырық адамның жолын оңғарады. * Ауылға атпен шауып келуге, жүгіріп үйге кіруге болмайды. Бұл адам шығынының жаман хабары деген жаман ырымға саналады. Егер сүйінші хабар болса, шауып келуге болады, бірақ «сүйінші!» деп айғайлап келу керек. * Қайғылы, қазалы хабарды естірткенде немесе жаназаға шақырғанда атпен шауып келіп, шеткі үйге ғана хабарлайды. Ол үйдің иесі басқаларға хабарлауға тиіс. * Кісі ақысын жеуге болмайды. Кісі ақысын жеген адам о дүниеге барғанда тозаққа барады. * Жақын адамға мысық берсе, аралары суып кетеді. * Құлаған үйдің, мал қораның ішінде адам дәретке отырмайды, киесі ұрады. * Тырнақ пен шашты баспайды, отқа тастамайды, оларды адам баспайтын жерге көмеді. * Кірдің суын басуға болмайды. Жаманшылық кірдің суымен кетеді. Оны басу сол жаманшылықты үйге әкелумен бірдей. * Басты маңдайдан бастап жуады. Өйткені жақсылықтың бәрі адам маңдайына жазылады. * Бейіт тұсынан шауып өтуге,  бейітке қарап қолды шошайтуға, оған қарап түзге отыруға болмайды. Бұл - қайғы-қасірет шақыратын жаман ырым. * Таяққа сүйенуге болмайды. Өйткені жақыны қайтыс болған ер адам ғана таяққа сүйенген. * Дәретханаға кіргенде сөйлеуге, күлуге болмайды. Дәретханаға сол аяқпен кіріп, оң аяқпен шығу керек. Бойымдағы ауыртпалық дәретханада қалсын деп, сол аяқпен, жақсылықтың бәрі алдымнан шықсын деп оң аяқпен шығу керек. * Түнде суға бармайды. Барған күндеде  «Су иесі Сүлеймен, су алуға рұқсат бер» деп суға үш рет кесек лақтырып барып алған жөн. 

Massaget.kz
01 қазан 2018 ж. 2 516 0