Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Журналист болғым келеді

Журналист болғым келеді


Балалық шағымда көргенді де, көрмегенді де армандаушы едім. Армансыз күнің болмайды ғой. Жаныма жақын істі таңдауда ұзақ ойланып, толғандым. «Жеті рет ойланып, бір рет кес» – деген мақал ойыма ене беретін, ене беретін. Мамандық таңдауда қателеспеу керек, сол себепті де белгілі бір мамандыққа тұрақтаған күнім болған емес. Алайда, жүрегіме шаттық, жүзіме күлкі ұялататын, сүйікті ісімді таптым. Айналаңа қарап не нәрсеге бейіміңнің бар екенін байқап, ұғынады екенсің. Ол сөзге шешен, халықпен жұмыс жасай білетін журналист мамандығы.
Болашақ жастардың қолында деп Елбасы Н.Назарбаев айтқандай келешекте елге пайдам тиер бір тұлға болуды армандаймын. Тіпті, ұлы ақын, ойшыл, қазақтың бас ақыны Абай атамызда: «Сенде бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан» деп жастарға жол нұсқайды емес пе? Қалай дегенменде еңбекпен тапқан нан тәтті. Журналистік бағытты таңдаған себебім, бұқара халықпен үкімет арасына алтын көпір орната білу. Халықтың жоғын жоқтап, көмекке зәру адамдарға көмек беру. Яғни, елімізде болып жатқан жаңалықтың жаршысына айналғым келеді. Аудандағы «Өскен өңір» газетіндегі журналист аға-апаларыммен әңгімелескен сәтте бұл мамандықтың қыр-сыры өте көп екенін ұқтым. Газет, журнал, кітаптар оқи отырып, болып жатқан оқиғаларды талан-таражға салып, зердеме тоқуға тырысамын. Теледидардан да қарап отырсам журналист төртінші билік иесі екенін аңғарамын. Әрине, журналист үшін бастысы әділеттілікке қол жеткізу.
Аталмыш маман иесі болу үшін аса төзімділік пен сабырлық қажет. Ақпарат көзі қайда болса, бірінші әрі жылдам, түсінікті түрде халыққа жеткізудің жолын қарастыру да оның міндеті.Арманым тек журналист болу емес, осы жолда өзіндік қолтаңбамды қалдыра білу. Армандар алға жетелегенде барлық мақсаттарың орындалады. Ол үшін алғашқы қадамды жасау қажет. Алдыңа жоспар қойып, біртіндеп соған қарай жылжи берсең, ол міндетті түрде орындалатынына сенемін.

Інжу БИМАҒАНБЕТ,
№47 М.В.Ломоносов атындағы мектеп-лицейінің 9 «А» сынып оқушысы.
22 қыркүйек 2018 ж. 1 430 0