Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Рухани жаңғырудың алтын тамыры ауылда

Рухани жаңғырудың алтын тамыры ауылда


Ауыл. Қазақ. Тіл. Бір-бірінен ажырамас ұғымдар. Қазақ ауылда өскен. Ауылда еңбек еткен. Ауылда ұрпағын өрбіткен. Бір сөзбен айтқанда, қазақ үшін ауыл – алтын бесік, қасиетті мекен. Ата-бабаларымыз ерте заманнан-ақ ауылдың жай-күйі мен қадір-қасиетіне ерекше ден қойып, тіпті, оны қазақи ұғым түсініктермен де байланыстыра отырған. Мысалы, «Ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын» – деп, бауырынан ауылдасын жоғары бағалап, пір тұтқан. Немесе көптен бері кездеспей кеткен танысымен жолығып, хал сұрасқанда да «Ауыл, аймақ аман ба?» деп әңгіменің басын ауылдан бастайтын болған. Міне, бұл да қазақ халқының өзіндік ерекше қасиеті. Ауыл – әрбір қазаққа етене жақын. Осындай ауылдың тұрмыс-тіршілігіне сырттай қарап отырсаң, балалық шақтың өскен ортасын, еш уайымсыз өтіп жатқан күнделікті тұрмыс-тіршілікті әрбір қазақ баласы сағынары сөзсіз.
Міне, сондықтан мен де өз туған жерім жайында білетінімді бөліскім келді. Әңгімені әріден әдіптесек, 1928 жылы Сырдария өзенінің оң жағалауындағы «Қауыс», «Домалақ», «Типы» тоғайын мекендеген тұрғын халықтардың басын құрап, артельге ұйымдастырылады. Сөйтіп, 1928 жылы артель, «Тегісшіл» деген атпен ұжымдасқан еді. Алғашқы жылдары ауыл тұрғындарының ұсынысы бойынша ұжым төрағасы болып Смайыл Құлымбетов тағайындалса, ауылдық кеңес төрағасы болып Кенжебек Тұрабаев сайланады. Бұл азаматтар басшылық қызметте болған жылдары өңір әлеуетінің алға жылжуына өз деңгейінде атсалысты. Ал, 1929 жылы бірлестік негізінде Ортақшыл колхозы болып қайта құрылады. Бірақ қазақ санының күрт азаюына алып келген ашаршылық кезінде тұрғындардың көбісі Өзбекстан мен Тәжікстанға қоныс аудара бастаған болатын. Дегенмен, 1934 жылдан бастап елдегі жағдай тұрақталып, шаруалар түзеліп, халықтың хал-ахуалы жақсара түсті. Егістік жерлерді арттыру, жаңа жерлерді ашу, қарық қазу жұмыстары тек қол күштерімен атқарылды. «Үлкен Қусақ», «Боз Қусақ», «Үштөбе», «Тасыбай тамы», «Түйе сарай», «Жалғыз құм», «Сейтпенбет», «Жуаз», «Қызыл там» жерлерін игерді. Тұрғындардың ұжымдаса әрі ауызбіршілікпен абыройлы жұмыстарды жүзеге асыруының арқасында, бұл өңір уақыт өте қалпына келді. Тұрғындардың ауызбіршілікпен ұжымдасып, аса қажетті жұмыстарды абыроймен жүзеге асыруының арқасында ауыл тұрмысының ажары кіре бас­тады. Егіннен мол өнім алған диқаншы да, мал шаруашылығын ілгерілеткен малшы да осы аймақтан табылды. Атап айтар болсақ, 1936 жылы күріштен мол өнім алған Қораз Шаханұлы ауылшаруашылығы саласындағы қажырлы еңбегімен дараланды. Сол жылы ол Мәскеу қаласына барып, ВЦИК төрағасы М.Калининнің қолынан «Еңбек Қызыл Ту» орденін алу мәртебесіне ие болды. Ал, 1938 жылы мақтадан алған жоғары өнімі үшін бүкілодақтық ауылшаруашылық көрмесінің алтын медалімен марапатталуы ауылдың мәртебесін асқақтатып, өзгелерге үлгі болды. Ел арасында «Жашан Қораз» атанған осынау жан ерен еңбектің үлгісін көрсете білді. Ал, оның осылай атануының өзіндік сыры бар. Елдегі көнекөз қариялардан естуімізше, Қораз атамыз егін егерде атыздарға су жіберіп, парланған өгізге ағаш жегіп, суды лайлап барып дән себеді екен. Бірде қызу жұмысқа кіріскен сәтте әлгі пар жеккен екі өгіздің бірі жарамай қалады. Еңбектің адал нанын жеген майталман диқан шаршаңқы өгіздің орнына өзі бір жағын сүйреп, жұмысын тоқтатпай жалғастыра береді. Оның осы жүрісін көрген облыстан келген уәкіл «Жашан Қораз» деп көтермелеген екен. Осыдан кейін атамыз халық арасында осы атымен белгілі болады. Тарихты одан әрі парақтасақ, аймақтың ауылшаруашылығын өркендетуде Шиелі каналының орны ерекше. Олай деген себебіміз, каналды қазуда әрісі Арал, берісі Жаңақорғанға аралығындағы мыңдаған адамдардың маңдай тері, ерең еңбегі бар. 1940 жылы ерте көктемде басталған жұмыс осы жылдың күзінде қайта жалғасып, бас-аяғы бес айдың ішінде каналдың негізгі жобасы салынады. Каналдың ұлтаны 10-12 метр, тереңдігі 3-4 метр болды. Келер жылы көктемде осы канал арқылы тың алқапқа ағын су келіп, ел егінге бет бұра бастады. Осылайша, аймақ еңбекшілері жұмыла кіріскен жұмыстың нәтижесінде «Шиелі» каналы 1941 жылдың наурыз айының соңында ел игілігіне пайдалануға берілді. Каналды қазуға он бес мың кетпенші күннің ызғарына, суығына қарамай, жанкештілікпен жұмыс жасады. Осы канал қазу жұмысында ерекше көзге түсіп, дараланған Ортақшыл ауылының азаматы Молдаысқақ Қожантайұлы еді. Еңбегі бағаланып, ерен еңбегі үшін сол кездердегі сыйлықтардың төресі десек болар, патифон алып, Молдекеңнің рекордтық еңбегі «Правда» газетінде мақала болып басылды.
«Ортақшыл» ауылы 1950 жылы Сталин атындағы шаруашылық болып қайта құрылды. Бірақ, колхоз орталығы «Ортақшыл» ауылы болып қала берді. Өңірде егін шаруашылығымен қатар мал шаруашылығы да дамыған еді. Жылқы фермасына Оспан Тілеубайұлы, ал, қой фермасына Мәлібек Алтыбасұлы меңгеруші болды. Мәлібек сол жылдары адал еңбегімен көзге түсіп, ауыл тұрғындарына көптеп көмек қолын созған жандардың бірі.
Ал, шопандар Нұрман Жандабайұлы, Ерден Жәрімбетұлы, жылқышылар Парманқұл Қалымбетұлы, Пірімбет Жаппарқұлұлы, түйекештер Кеншімбай Мәмбетұлы, Тастемір Исаұлы, сиыршы Серікбай Бойрабайұлы, мұраб болған Құрманай Қайықбайұлы, Пірназар сияқты майталман еңбек адамдарының тұсында мал шаруашылығы жақсара түсті. Шопан Нұрман Жандабайұлы Мәскеудегі ауылшаруашылығы жетістіктері көрмесіне қатысып, көрменің күміс медалімен марапатталды. Ал, бақташы Серікбай Бойрабайұлы 1954 жылы республикалық озаттар слетіне қатысу құрметіне ие болды. Ауыл тұрғыны Ысқақ Әлжанұлы жылқы баптап, жүйрік «Нарқызылмен» талай бәйгеден оза шауып,­ ауылдың абыройын асқақтатты. Ысқақ ақсақал­дан кейін жылқы баптау өнерін ауыл­дың тумасы Әуезхан Қыдырбайұлы жалғастырып, талай аудандық, облыстық, республикалық бәйгеде оза шауып,жеңіс тұғырынан көрінді.
Егін шаруашылығын дамытуда ауыл тұрғындары үлкен жұмыстар атқарды. Сол кезде диқаншы Сансызбай Ізтілеуұлы, Молдаысқақ Қожантайұлы, Қалдыбек Өтемұратұлы, Байқоңырат келіні Әлима, Балғынбек Мақұлбекұлы, Әуес Құлымбетұлы үздік еңбек етті. Ал, Смайыл­ Қожантайұлы, Әуез Қалданұлы, Қошқар Ақпанұлы, Бахтыбай Қазымұлы, Алданазар Омарұлы, Пернебай Сейілханұлы, Күртебай Жандабайұлы, Рүстем Рысдәулетұлы, Қалым Жаманбайқызы, Күлдәрі Қалдыбайқызы, Мәлике Мырзахметқызы және Үдербай Жандарбайұлы шаруашылықтың түрлі жұмыстарын талғамай атқарды.
Ал, 1960 жылдан бастап «Қызылқайың», «Жөлек» және «Ортақшыл» ауылдары бірігіп, «Сырдария» совхозы болып қайта құрылды. Совхоз директоры болып Асанхан Исаханұлы, А.Терапезников, И.Раматуллаев, Ә.Әбдіқалықов, Ә.Теміров, Ы.Оразов, О.Молдабеков, К.Тәжіков қызмет етті. Сол уақытта Әбдікәрім Әбдиев, Құланбай Жүнісбеков, Мінәт Айтбайұлы, Шәмшеддин Омаров, Күзенбай Қамбаров, Мамай Жүрсінбаев, Дүйсенбек Қамбаров белгілі шопан атанса, ал, Жұман Өтеуліұлы мен «Құрмет» орденінің иегері Әуесхан Қыдырбайұлы атақты жылқышы атанды. Сонымен қатар, Әлібатыр Жүсіпов, бас гидротехник Қошқар Сарманов, Қалдыбай Маханбетов, Махмұтсұлтан Маханбетов, Тыныштық Оспанов, Яхия Онбаев, Маханбет Жұмабаев, Қадрия Рахметов, Мейрамхан Әтенов, Мейірман Жанақаев, Сералы Махамбетов, Шайхыслам Қыдырбаев, Аманкелді Әмзеевтер механизатор болып жұмыс жасады. Ал, дәрігер Есіркеп Молдахметұлы халқына аянбай қызмет етіп, ауыл тұрғындарының алғысына бөленген еді. Осы тұста Есіркеп дәрігердің өз мамандығына адалдығы мен адами қасиеті жөнінде айта кеткенді жөн санадым. Ауылда балтыры сыздап, басы ауырған жандардың шынайы жанашырына айналып, қарлығаштың қанатымен су сепкендей ауырған жанға араша іздейтін еді. Күн демей, түн демей, жаяу-жалпы жүріп ем-домын жасай беруші еді. Дертіне шипа іздеген жанға қолұшын беріп, ем жасауды өзінің борышы санаған жанға сол кездегі ауылдың әрбір шаңырағы дән риза еді. Әрбір әрекетінің астарында бір жылылық пен ізгілікті көруші едік. Кейде маған сол кездері осы дәрігердің қандай да бір сиқыры бардай көрінетін. Өйткені, дәрігер есіктен кірсе, науқастанып жатқан бала болсын, ересек болсын ауырған жерінің жеңілденгенін сезінетін. Қазір қарап оты­р­­сам ол кісінің бар сиқыры – қанша білікті болса, сонша мейірімділдігі мен адамдық болмысының жоғарылығында екен ғой. Бүгінде арамызда жоқ Есіркеп Молдахметұлының есімі есте қалу үшін қандай да бір елеулі іс жасасақ, нұр үстіне нұр болар еді-ау.
Ауыл азаматтары еліміздің көптеген аймақтарында әртүрлі салада қызмет етті. Олардың қатарында КНБ полковнигі Серғара Ізтілеуов, республикамыздың құрметті дәрігері Аманхан Сәдуақасов және Иманғали Әбдіхалықов, Қани Құрманаев, Әбсадық Әбуов, Өтеген Сүлейменов, Ғабит Парманқұловтарды атап өткен жөн. Сондай-ақ, Шиелі аудандық «Өскен өңір» газетінде С.Құрманаев, аудандық оқу бөлімінің инспекторы Мырзалы Есқабылов, Алматы энергетика институты ректорының орынбасары Махмұт Пернебеков, совхоз директоры, әрі түрлі қызметтерде жұмыс жасаған Жақсылық Ахметов, аудандық колхозаралық энерго басшысы Амантай Пернебеков, аудандық стат бөлімінің басшысы болып Сейтжан Омаров, аудандық әлеуметтік қамсыздандыру бөлімін 30 жылдан астам уақыт басқарған Ұлман Мәміреева, бірнеше басылымдарда басшылық қызмет атқарған, сондай-ақ, бұрынғы облыстық «Ленин жолы» мен аудандық «Өскен өңір» газетіне басшылық жасаған, «Сыр маржаны» әнінің сөзін жазған Дүйсенбі Смайылов пен журналист Серік Пірназар, аудандық парткомның қызметкері Сейтхан Тұрысбеков, «Жөлек» ауылындағы мектепте директор болып талай жыл қызмет еткен Мақұлбек Рүстемов, аудандық партия комитетінің хатшысы Қален Әбдешевтер бар. Бүгінде осы аға буынның жалғасындай «Қазақстан- Қызылорда» арнасының жарнама бөлімінің басшысы Нұржан Оспанов, «Сыр медиа» ЖШС қызметкері Қасымхан Қыдырбаев, облыстық ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы Артур Раушанбекұлы, тілші Сабырхан Нәдірбаев, аудандық білім бөлімінің басшысы Болат Сейілханов және осы салада бел жазбай еңбек етіп жатқан Ғалым Төлегенов, Марат­ Ақпанбетов секілді азаматтарды атауға болады.
Ауылдың сауаттану кезеңі де өзіндік тарих. Елді жаппай сауаттандыру саясатының жүзеге асырылып жатқан кезінде, 1934 жылы 17 қазанда Оңтүстік Қазақстан облысы, халық депутаттары Жаңақорған аудандық Советінің қаулысы бойынша «Ортақшыл» колхозының орталығынан бас­тауыш мектеп ашылды. Білім ошағының салынуына ауыл азаматы Мінәт Қалдыбаев мұрындық болды. Сол уақыттың ағымына қарай ең жауапты жұмысты қолға алып, ел балаларының сауат ашып, білім алуына бар күшін салды. Ауыл тұрғындары ауызбіршілікпен жұмыла жәрдемдесіп, колхоз басқармасы екі бөлмелі мектеп үйін салып берді. Мінәт Қалдыбаев көрші Жөлек ауылында интернатта жатып оқитын ауыл балаларын өзі ертіп әкеліп, білімге баулығанын ауыл қарттары аңыз етіп айтады. 1934-35 оқу жылында мектепке 97 оқушы тартылды. Оқуға қажетті үстел, тақта, парта, орындық деген сияқты жабдықтар да жоқ болатын. Олардың бәрін ауылдың әйгілі ұстасы Әбдірей ақсақал жасап береді. Бұл ауыл өміріндегі елеулі оқиға еді. Осылайша, мектеп ауылдың мәдени орталығына айнала бастады. Көпшілікке сауатсыздықты жою мектебі ашылып, ересек ер кісілер, әйелдер тегіс тартылып сауаттарын ашты. Ал, 1937-39 оқу жылынан бастап мектеп орталау мектепке айналып, мектепте 180 оқушы оқитын болды. Мектепке білімді кадрлар келіп мектеп білім ордасына айнала бастады. Материалдық базасы жақсарып, колхоз басқармасы он бес бөлмелі мектеп үйін салып берді. Онда «Ортақшыл» мен «Ақтөбе» колхозының балалары оқыды. «Ортақшыл» орталау мектебінің директоры болып Қараман Әлмаханов, оқу ісінің меңгерушісі Көшек Зиядинов және пән мұғалімдері Мінәт Қалдыбаев, Иманбай Құтышев, Әлібек Күлімбетов, Мәжит Ділімбетов, Қалмахан Сейдахметов, Әбішев Мүсілім, Жиенбай Ратаев, Өтеш Еспенбетов, Есіркеп Оспанов, Молдахмет Пірімбетов, Сәрсенбай Назаров оқушыларға қажырлықпен білім берді. 1940 жылы бірінші рет ауыл балаларынан орта мектепті бітіріп, Отанымыздың қалаларына мамандық алу үшін оқу орындарына аттанды. Олар Серікбай Зеков, Есімағай Ділманов, Әбиүр Үрметаев, Шаймахан Өтеев, Әден Құрманаев, Тұрғанай Кеншібаев, Қожамқұл Пірназаров, Жағыпбар Оспанов, Есен Жарылқасынов, Қалжан Мәміреева, Жұмаш Ибадуллаева, Әбибулла Ахметов, Ұлман Мәміреева, Битілеу Сыздықов, Қалжан Қалтаев, Шәріп Жанахаев, Қани Пірімбетов, Әбдір Әлжанов, Тұрсынбай Маханов болды. Ұлы Отан соғысынан кейін бұл білім ошағы орта мектепке айналады. Мектеп директоры Мырзабек Әшірбеков оқу ісінің меңгерушісі Оспан Әбішев болды. Оқуға «Ащықұдық», «Талаптан», «Социализм» колхоздарынан 8-9-сыныптың оқушылары келіп оқыды. Мектепке 1946 жылы барлығы 315 оқушы тартылады. Он жылдан астам ел игілігіне қызмет еткен мектеп 1960 жылдары дария тасыған шақта су шайып кетіп, құлайды. Содан 1961 жылы Мінәт Қалдыбаевтың бас­тамасымен жаңадан сегіз жылдық мектеп салынады. Бұл мектептің құрылысына да ауыл тұрғындары белсенді түрде атсалысып, үлестерін қосады. Содан бері осы мектептен қаншама шәкірттер сауат ашып, оң-солын танып, өмір жолдарына бағытталғаны белгілі. Ауыл ажарланып, тұрмысы түзеле бастайды. Халықтық «Асар» әдісімен 1969 жылы ауыл орталығынан жаңадан он жылдық орта мектеп ғимараты бой көтерді. Ал, 1974 жылы №150 Ортақшыл орта мектебі облыстың «Құрмет тақтасына» ілінеді. Онда мектеп директоры Қадырбек Төлегенов болатын. Арада 40 жылдай уақыт өткенде аталған мектеп екі қабатты болып заманауи үлгіде жаңартылып, жаңа технологиялармен жабдықталды. Қазіргі таңда мұнда 300-ден астам оқушылар білім алуда.
Мұнда сонымен қатар, медпункт, 2008 жылы Қауас Пірімбетұлының бастамасымен салынған мешіт те халық игілігіне жұмыс жасауда. Айта кету керек, ауылдың әр жылдары тізгінін ұстап Н.Парманқұлова, О.Ысқақ, М.Ақпанбетов есімді азаматтар басшылық еткен тұста ауыл көші алға асып, міндеттер үдесінен шыға білді. Бүгінде ауыл әкімі Ж.Ноғайбаев ауыл тұрғындарымен қоян-қолтық жұмыс жасауда. Ауылға сән беріп, балалардың алтын ұясына айналған мектепті де атамай өтсем болмас. Қазіргі таңда Қ.Парманқұлов басшылық жасайтын ұжым да бүгінгі талапқа сай жұмыс жасауда. Өткен оқу жылында мектепті 8 оқушы ҰБТ тапсырған. Оның 7 грант иегері атанған. Биыл 5 түлек грантқа қол жеткізді. Бұл да болса жұмыстың жүйелілігін көрсетеді.
Әрбіріміз қайда жүрсек те ауылға деген ыстық сағынышымызды жасыра алмасымыз анық. Ауылдың түтіні, самал желі, айраны мен құрты, даладағы ас пісіп жатқан қазан-ошағы, сарқылдап қайнап жатқан самаурынның шайы, таза ауасы – баға жетпес асыл қазынасы. Сондықтан, ауыл тарихымен мақтанып, ауыл өмірінің гүлденуіне жұмыла кіріскен жөн сияқты. Ауыл мәдениетін, экономикасын көтеру ол әрбіріміздің парызымыз болып қала бермек. Қазақ ауылы гүлденсе, бұл қазақ халқының байығанымен тең. Рухани жаңғыруды меже еткен еліміз үшін тұтас тірліктің бастауы ауылда екені сөзсіз. Себебі, әрбір қазақ ұл-қыздарының тамыры сол ауылдарда.

Асанхан АҚПАНБЕТОВ,
білім саласының ардагері. Ортақшыл ауылы.
20 қыркүйек 2018 ж. 1 153 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№35 (9302)

12 мамыр 2025 ж.

№34 (9301)

10 мамыр 2025 ж.

№33 (9300)

06 мамыр 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031