Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Адалдығын аманат қып қалдырған

Адалдығын аманат қып қалдырған


Кезінде аудан өміріне белсене араласып, туған топырағының төсін түлетіп, мәртебесін марқайту үшін маңдай терін төккен талай марғасқа азаматтарымыз бүгінде нарық көшіне ілесіп, республикамыздың түкпір-түкпірінде өз кәсібінің қаһарманына айналып жүргенін жақсы білеміз. Міне, сондай саңлақтарымыздың бірі, жетпісінші-сексенінші жылдары аудандық өндіріс комбинатында еңбек жолын қатардағы маманнан бастаған Арыстан Қалмағанбетов сол мекеменің тізгінін де ұстап, кейін Алматыдағы жіп иіру фабрикасының бас технологі қызметінен бизнеске бет бұрып, тәп-тәуір жетістіктерге жеткен дер шағында. өкінішке қарай, өткен жылы ауыр науқастан көз жұмған-ды. Тағдырға не айтарсың...

Арекең Арыстан десе өзі де арыстандай арыс азамат еді. Біздің Арыстан екеуміздің таныстығымыздың басталып, дос ретінде сыйласқанымызға, бүгінде ойлап отырсам, тура алпыс жыл болыпты. Яғни, 1958 жылдың 1 қыркүйегінде «Қызыл ту» (қазіргі Ы.Жақаев ауылы) колхозы орталығындағы 5-сыныптың есігін бірге аштық. Тығыршықтай шымыр денелі, шалт қимылды, маңдайы кере қарыс, ашаң жүзді бала Арыстан Қалмағанбетов колхоздың бес-алты шақырым жердегі 4 кластық қана бастауыш мектебі бар бөлімшесі, көрші Жаңатұрмыс ауылынан жаяу қатынап оқитын. Онымен бірге Аманкелді Елупанов, Серік Әбуов, Ібраш Әбусәдіров, Әуелбек Абызбеков, Күләнда Жұмаділдаева, Жәмила Қаппарова, Әбибә Қожахметова, Гүлсім Әбілдаева сынды ұл-қыздар да класымызға жаңадан қосылып, қатарымызды толықтыра түскен.
Олар көктем-күз айларында аудан орталығына апаратын қара жолмен жүріп оты­рып, одан солға бұрылып, мектеп жанынан өтетін канал бойын жағалап келсе, қыс түсті дегенше өзек мұзының үстімен, қоға-қоғаның арасынан төтелетіп өтіп жететін. Соның өзінде бір сағаттан астам уақыттары жолға кететін еді. Балалық-ай десеңші, олар сонда да шаршағандарын білдірмейтін. Тіпті мұғалімдердің де «сендер сонша жер жүріп, шаршап жеттіңдер-ау» деп, оларға аяушылықпен қараған кездерін көрмеппін.
Бәлкім, көрсем де аңғармадым ба екен?! Оны айтасыз, кейде әлдеқалай олар сабаққа кешігіп келе қалса, сонысы үшін бұрышқа тұрғызып та қоятын-ды. Жалпы, ол жылдары бізді ешкім де, колхоз да, мектеп те, тіпті ата-ана да аяған жоқ. Бірінші сыныпты бітірген жылы жазда қырмандағы жүгеріні собығынан айырып, бір жерге үйсек, екінші сыныпта сол собықты сабағынан қайырып, жаздай жүгерілік алқапта жүрдік. Ұлдар ғана емес, Шәзінданың керім Күләйханы бастаған Шүкәннің кербез Гүлсарасы мен Байжігіттің жауқазын Жұпары да, Байнияздың ай ару Айымханы мен Қаратемірдің сырықтай сүйкімді Сарагүлі де бізден қалыспай, күнге қақталатын. Үшіншіні бітірген жазғы демалыста бәріміз бел­уардан су кешіп, күріштің арамшөбін отасақ, төртіншінің жазында шанамен шөп тасып, күзде бесінші сыныпқа барған бойда бір аптадан соң көрпе-төсегіміз салынған қабымызбен бірге жүк машинасының үстіне мініп, күріш ору үшін ауылдан жырақтағы дала қосына тартып отыратынбыз.
Кімнің кім екені де, міне, осы күріш орағы кезінде танылды. Әр атызға екі-екіден бөлініп, білекті түріп, кірісіп кеп бердік. Мейірман: «Мұрат, кәнеки, екеуміз бір атызға түсіп орайық», – деп қоймаған соң, онымен оңдыртып жұмыс тындырмайтынымызды білсем де амалсыз келіскем. Содан оруды бас­тамай жатып, Мейірман әлденелерді айтып күлдіреді. Орғанымыздан отырғанымыз көп. Онымен де қоймай, көрші атыздағы Әбдінің Серігі мен Мәуленнің Ұзақбайын да шақырып алып, қайдағы бірдеңелерді айтып, езуімізді бір жиғызбайды. Жырқ-жырқ күлкі. Ара-тұра Тұрсынбай мен Құрманәлі ағайларымыз үстімізден шығып қалып: «Әй, атаңа нәлеттер, тұрыңдар, сендер жүрген жерге шөп шықса, мына мұрнымызды кесіп берейік», – деп қояды. Біріміз – колхоздың председателінің, екіншіміз – мектеп директорының, анау екеуі де тегін емес: қоймашы мен бригадирдің балаларымыз. Екеуі кеткен соң: «Мираш, давай, біраз орып тастайық...», – деймін. Оған көне қоятын Мираш па: «Отырайықшы, мені қойшы, сен шаршаған шығарсың – дейді қуланып, сосын: – Есіңде ме...» – деп алып, тағы да қайдағы бірдеңені бастап кетеді.
Бұл кезде Арыстан мен Аманкелді, олармен жарысқа түскен Рысбай мен Ұқандар бір-бір атызды орталап, орған күріштерін бау­­лап, үйіп жатады. Олардан Қуаттың Әмірі мен Бектұрғанның Олжабегі де қалыспайды. Әсіресе Арыстанның арыны қатты, алдына жан салмайды. Әңгімемен де шаруасы жоқ. Жұмыстан бас алмайды. Сөйтіп, күріш орағы аяқталғаннан кейін біз тиын-тебен алып жатқанда, олар, арасында найман Шәкеннің Жақсыбайы да бар озаттарымыз әжептәуір олжаға қолдары жетіп, көзімізді қызықтыратын. Ақшаға мұқтаждығы жоқ Мираш сонда да айылын жимай: «Та-ак, нешауа, келесі жылы бар ақша біздікі болады», – дейді ыржия күліп. Оның бұл сөзіне басқалар да қосыла күліп, мәз боламыз.
Бірақ кейінірек есейіп, үйлі-баранды бола бастаған кеңес дәуірінде ақшаға Мейірман да, мен де емес, күрішші Мәуленнің комбайнер баласы Рысбай қарық болып, қосымшасы бар, он үшінші айлығы бар, жыл сайын кемі бес мың, он мың сомнан (ол кезде бұл өте көп ақша) алып, бұған қоса республика Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына да сайланып, мәртебесі бәрімізден де биіктей түскен. Сөйткен Рысбайы­мыз тәуелсіздігімізден кейінгі жекешелендіру жылдары көптеген тұстастарымыз тәрізді амал таппай абдырап, біраз қиналып барып бойын тіктесе, қауыншы Айыптың «ақырын жүріп, анық басқан», жекешелендіріп алған жүк көлігімен әрлі-берлі ызғып-ақ қиыннан қиыстырып, қиядан жол тапқан ұлы Ұқан бұл күндері Шиелінің шаруасы шалқыған шонжарларының біріне айналған.
Сол бала күніміздегі алғашқы табысымызда-ақ ақшаны ең көп тапқан Арыстан ақыры сол көшті бастаған қалпынан өмірінің соңына дейін айнымастан өтті. Сонысына орай тұрмыстан да таршылық көрген жоқ. Ал, кейін «Қызылтудан» көшіп, содан сегізіншіде Шиелідегі №45 орта мектепте басымыз қайта қосылған, 10-сыныпта-ақ «Төңкеріс» ауылынан бірге қатынап оқып, бір партада отыратын Зина қызды меншіктеп алған Жақсыбайымыз бүгінде он баланың әкесі атанып, енді немерелерден өрбіген шөберелерін шөпілдетіп отыр. Мираш (Мейірман Нұрекеев) болса ол сол құдай берген дарыны арқасында ақтық демі үзілгенше халқын күлкіге кенелтіп, елдің сүйіспеншілігіне бөленді. Жасынан есепке жүйрік Елупанның Аманкелдісі Байқоңыр ғарыш айлағындағы қазақтың алғашқы техник кадрларының қатарында қызмет етіп, соның жолында бүкіл өмірін сарп етті.

Қазір енді сол кешегі «Қызыл ту», бүгінгі Жақаев ауылының жайсаңдары – арындап жүрген арыс азаматымыз Арыстан да, талантымен таң қалдырып, Алаштың ардақтысына айналған Мейірман да, есептен есесін жібермеген ерен Аманкелді мен машина атаулының тілін жатқа білген білгір инженер, жампоз маман Жарқынбектің Сапары да, ағаштан түйін түйген шебер Әбудің Серігі мен сауданың саңлағы атанған Абызбектің Әуелбегі де, оқығандарынан тоқығандары көп, трактордың тарландары Нұртайдың Асқары мен Әбусәдірдің Ібрашы да, жедел жәрдемін жүйткітіп, талай сырқатты ажалдан арашалап қалуға себепкер болған Қойлыбайдың Серігі де бұ дүниеде жоқ.
Қыздарымыз ше?! Бастауышта білім берген қарт ұстазымыз Шоқаев ағайымыздың шырыны – Ібраһімның Раясы мен жаңатұрмыстық Жұмаділда ұстаның жауһары Күләнданың фәниден бақи дүниеге аттанып кеткеніне де біршама уақыт болыпты-ау?! Оны айтасыз, колхоздан аудан орталығындағы орта мектепке келіп, бірге оқыған қыз-жігіттеріміздің қатарынан да жиырма бесінен астамынан көз жазып қалғанымызды қайда қоярсыз?! Мен бұл естелік мақаламда өткен ғасырдың сонау елуінші жылдары кешегі «Қызыл ту» жеті жылдық мектебінде бірге оқып, бүгінде о дүниелік болған, есімдері көп ретте ескерусіз қалып жататын достарды ғана орайлы сәтінде еске алып, әруақтары алдында тағзым етуді парыз санадым. Әрине, орта мектептегі сыныптас­тарымды да жіпке тізсем, олардың арасында да, әруақтары кешірсін, қандай құрметке болсын лайық достарымыз аз емес.
Осыдан үш жыл бұрын бәріміздің мектепті бітіргенімізге 50 жыл толған мерейтойымыздағы кездесуге де Ділбарын қолтығынан демеп, ортамызға жайраңдай келіп қосылған жарықтық Арекең баяғы көңілді қалпынан жазбай, әдемі әнімен де, вальске шыр айналған керемет биімен де кешіміздің көркін қыздырып қана қоймай, одан қалыспауға тырысып тыраштанған біз де жетпісіңнің енесінен ұрып, желігіп алғанымыз сонша, өзімізді жастық шағымыздың гүлзар бағында жүргендей сезінгенбіз. Әсіресе, сол жолы Шиелінің «Алтын орда» мейрамханасындағы басқосуымызда Ділбар екеуінің құшақтарын кең жазып, вальс­ке еркін көсіле билеп, елдің бәрін дел-сал қылған ғажап, ұмытылмас сәті әлі көз алдымнан кетер емес. Дәл сол жолы екеуі билеп емес, кең даланың төсінде қалықтап бара жатқандай әсер қалдырған.
Ой, Алла-ай, сөйткен Арекеңді, бұдан екі жыл бұрын Алматының төрінде 70 жылдық мерейтойын республиканың түкпір-түкпірінен, тіпті сонау Өзбекстанның Ташкентінен де ағайын-туыс, дос-жараны жиылып келіп дүркіретіп өткізген Арыстанды іле-шала ауыр сырқатқа шалдығып, төсекке таңылып қалады деп кім ойлаған?! Сол жолы он біріншіні бірге бітірген сыныптастары да тайлы-таяғымыз қалмай қосақтарымызбен қоса Алматыға тұс-тұстан жөңкіліп барып, Арекеңнің мерейтойында айды аспанға бір шығарып, оның ертеңіне досымыз Жүсіптің Бегайдарының да жетпісін жайқалтып, Тамара екеуінің шаңырағын да шаттыққа бөлеп қайтқанымызды қалай ұмытармыз. Осы жолғы сапарымыздың Арекеңмен соңғы кездесуіміз екенін біз бейбақтар қайдан білейік.
Кезінде Ташкенттегі тоқыма институтын бітіріп, Шиеліде аудандық өнеркәсіп комбинатын басқарған, одан Алматының Ф.Э.Дзержинский атындағы жіп иіру фабрикасында бас маман қызметін атқарып, елімізге тәуелсіздік таңы атысымен нарықтың нар жүгін көтеріп, бизнестің бәйгесіне қосылып ала жөнелген Арекеңдей апайтөс азаматтың тұтқиылдан төтелеп келген дауасыз дерттің азабынан мүшкіл халге түскен кейпін көру қандай қиын еді. Бірақ Арекең жан азабын қаншалықты тартып жатса да жігерін жасытпапты. Сүйікті жары Ділбар мен ұлы Сәкенге, қыздары Динара мен Шынарға ақтық аманатын айтып, сабырлы болуға шақырыпты.
Өзбекстан астанасындағы атақты Орта Азия университетінің орыс тілі мен әдебиеті факультетін үздік бағамен бітіріп тұрып, сол жылғы Ташкент тоқыма институтының түлегі, Сырдың «сегіз қырлы, бір сырлы» саңлақ серісі Арыстанмен тағдырын қосып, Шиеліден бір-ақ шыққан Шыршықтың шырайлы, айдай ару қызы, еңбек жолын Жаңатұрмыстың сегізжылдық мектебінде қатардағы мұғалімдіктен бастаған Ділбар аз уақытта-ақ үлгілі ұстаз ретінде танылып, аудандық білім бөліміне қызметке шақырылады. Кейін Арекең Алматыға жұмыс ауыстырғанда сондағы орта мектептердің біріне мұғалім болып барған Ділбар мұнда да іскерлігімен көзге түсіп, ұзамай білім басқармасына жауапты қызметке, одан қаланың орталығындағы іргелі мектептерінің бірінің директорлығына жоғарылатылады.
Міне, осындай еңбек жолдарынан өткен Ділбар Арекеңнің соңғы демі біткенше жанында болып, қолдан келген қамқорлығы мен күтімін жасаудан аянып қалған жоқ. Бірақ сұм тағдырдың жазуы мен мейрімсіз ажалға кім ара тұра алған дейсіз? Осылайша, Алаштың аяулы азаматы, жігіттің сұлтаны атанған Арекеңдей арысымыз келместің көшіне ілесіп кете барды ғой. Енді артында жанға жебеу, көңілге демеу болар ұрпағының қалғанына тәуба делік. Басқа не уәж айтарсың. Пейіште нұрың шалқысын, қайран дос!

Ерен едің, өзгелерден өзгеше ең,
Іскер едің, шешен едің сөзге сен.
Қайсар едің бағытынан қайтпаған,
Жетпей тынбас бір мақсатты көздесең.

Бұл өмірде сендей жандар сирек тым,
Болмысыңмен өзіңді елге сыйлы еттің.
Адалдықты аманат қып қалдырып,
Ұрпағыңды ізгілікке үйреттің.

Тіршілікте көрген жоқсың арды аттап,
Болмады ғой, күткенменен жар баптап.
Тағдырды ешкім жеңе алмаған, амал не,
Атыңды енді өтеміз біз ардақтап.

Мұрат КҮЛІМБЕТ.
18 қыркүйек 2018 ж. 1 147 0