ҚАЗАҚ ҚАЛАМГЕРІ ҚАНДАЙ БОЛУЫ ТИІС?
Жаңа заман қаламгері қандай болуы керек? Ғасырлар бойы қалыптасқан қағидалар қаншалықты өзгеріске ұшырайды? Әдебиет айдынындағы мәселелердің халықаралық деңгейде талқыға түсетін кезі келді. Осы мақсатта 10-12 қыркүйек аралығында Алматыда тұңғыш рет халықаралық жазушылар форумы өтеді. Сонау Франциядан Атанас Ванчев де Траси, «Желідегі жалғыздық» романы арқылы көпшілікке таныс Януш Вишневский, ресейлік ақындар Алексей Цветков, Сергей Гандлевский, Америкадан Бақыт Кенжеев арнайы ат басын бұрады. Форумға жалпы саны 17 мемлекеттен 80-ге тарта қатысушы келеді деп күтілуде. Әлемнің әр жерінен мықтылардың басы қосылатын бұл іс-шарада әдебиет мәселесі қаралады. Қазақ ПЕН клубының президенті Бигелді Ғабдуллин форум жайлы сұрақтарымызға жауап беріп, жоспарларымен бөлісті. – Алматыда әлемнің түкпір-түкпірінен әдебиет өкілдері жиналғалы жатыр. Алғаш рет өткелі жатқан халықаралық іс-шараның мақсаты қандай? – Бұл форумды ұйымдастырудағы басты мақсатымыз – отандық жазушылардың шетелдік авторлармен танысып, білісуі. Олардың тұрмыс-тіршілігімен таныс болып, әріптестерінің не жазып жүргенінен хабардар болса дейміз. Сол арқылы ойға ой қосылып, жаңа әдеби аудармашылар табылуы бек мүмкін. Сонымен бірге, шетелдік жазушылардың да бұрын-соңды онша білмеген ел мен әдебиетті танығаны жөн. Олар үшін жаңадан ашылған әлем іспеттес болады деп ойлаймын. Өйткені күні бүгінге дейін еліміз әдебиет пен мәдениеттен бөлек, басқа параметрлер арқылы таныс. – Үш күнге жоспарланған форумның әдеби отырыстардан өзгешелігі неде? – Аталған шараның айырмашылығы – мұнда әдебиет айналасындағы мәселелер қозғалады. Саясат, гендерлік проблемалар, не болмаса еуропалық және әлемдік әдеби конференциялардағыдай азшылық жайлы әңгіме болмайды. Үшінші күні, 12 қыркүйекте Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында белгілі ақындар израильдік Алексей Цветков, қазақстандық Олжас Сүлейменов, АҚШ-тан Бақыт Кенжеев және ресейлік Сергей Гандлевскийдің қатысуымен поэзия кеші өтеді. – Әдебиет мәселелері қарастырылады дедіңіз. Ол қандай проблемалар? – Соңғы он жылдықтарда әлем радикал өзгерістерге ұшырап жатыр. Соның ішінде жүрген адамзат баласының ойында бірқатар сауалдар тұрады. Ол өмір сүріп жатқан қоғамды қалай түсінуге болады? Оның айналасында болып жатқан жайларды қалай қорытады? Бұл әлем өзі қай бағытта жылжып келеді? Бұған заманауи жазушының көзқарасы қандай? Әлем әдебиеті салған сара жолға түсіп, классикалық әдеби канондармен әрмен қарай жүре беруге бола ма? Бүгінде таным көкжиегі кеңіді. Мемлекеттердің шекарасы өзгерді, соған сәйкес саяси және әлеуметтік-экономикалық жүйелер де түбегейлі жаңарды. Жаңа мемлекеттер мен ондағы халық өз үнін қосуға құштар. Әлемнің технологиялық картасы өзгеріске ұшырады. Интернет халықтар арасын жақындатып, компьютер адам баласының шығармашылық қабілеттерін бірнеше есе ұлғайтты. Ғаламның өз білігінен тезірек айналып, уақыт тығыздалды. Ғасырлар бойы қалыптасқан өмірлік таптаурындар сынға іліге бастады. Тіпті ер мен әйел арасындағы махаббат, отбасы құндылығы, діни көзқарас, Отанға деген сезім, жақсылық пен жамандық турасындағы түсінік те сынала бастады. Ғалымдар бізге жаңашылдықты түсіндіруге тырысып бағуда. Жазушылар ше? Жаңа тарих беттерінде олардың рөлі қандай? Бүгінде көкейде сарнап тұрған сауалдар осындай. Сіз бен біз ендігі қадамымыздың қандай болатыны, қалай жазушы болу керегі жайлы тілдесуіміз керек. Жаңа дәуірге қажет болу үшін не істейтініміз жайлы ойлануымыз қажет. – Ендеше, құбылмалы жаңа замандағы жазушының келбеті мен рөлі қандай? – Жазушының рөлі жайлы үндемеген жөн сияқты. Тек біздің еліміз туралы ғана айтып отырмын. АҚШ-та жағдай басқа. Ол жақта жазушылар өте көп. Олардың кітаптары көптеп басылып жатыр. Соған сәйкес өте мардымды қаламақы алады, әлеуметтік тұрғыда олармен санасады. Ерекше ілтипатқа ие. Сол сияқты Скандинавия елдерінде, Чехия, Израильде де жағдай осыған ұқсас. – ПЕН клубтың алда тағы қандай жоспарлары бар? – Қазақ ПЕН клубының алға қойған басты екі мақсаты бар. Біріншісі, журналистер мен жазушылардың құқығы мен бостандығын қорғау. Бұл ретте Қазақстан билігінің спецификасы есепке алынары анық. Екіншісі, қазақ әдебиетінің шетелдегі пропагандасы. Алдағы уақытта қазақ әдебиетінің классиктері Сайын Мұратбеков, Қалихан Ысқақ, әзіл-қалжыңға толы әңгімелерімен танымал Оспанхан Әубәкіровтың шығармаларын ағылшын тіліне сапалы аударту үшін демеушілер іздестіріп, әрмен қарай Англияда осы туындыларды басып шығару жоспарда бар. Сондай-ақ жас қазақ ақындарының өлеңдері орыс тіліне аударылып, Мәскеуде кітаптары жарық көрсе дейміз. Жаңа жыл қарсаңында Қазақстанның жас ақындарының басын қосып, поэзия кешін ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. – Клуб жұмысына қысқа қорытынды жасап көрсек. Қай жерде ұттық, қай жерде кемшілік бар? – ПЕН клуб «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында үлкен жұмыстар атқарып келеді. Төрт жылға жетер-жетпес уақыт ішінде демеушілердің есебінен клуб он шақты автордың туындыларын аударып, АҚШ пен Англияда басылуына мүмкіндік сыйлады. Қыркүйектің ортасында Сәкен Жүнісовтың Лондонда басылған «Аманай мен Заманай» повесінің тұсаукесерін Көкшетауда өткіземіз. Енді кемшіліктері жөнінде айтар болсам, жазушылар мен журналистер құқығына, сөз бостандығына қатысты тұстарда әлі де көңіл толмай отыр. Сұхбаттасқан Жадыра АҚҚАЙЫР
https://aikyn.kz/2018/09/08/66639.html
https://aikyn.kz/2018/09/08/66639.html