Көзге пайдалы жаттығулар
Ояу кезіміздің барлық уақытында көзіміз жұмыс істейді. Егер адам әр түрлі жұмыспен айналысатын болса, көзі де бір бағытта тұрмайды. Бірнеше сағат бойы бір жұмыспен ғана айналысатын болсаңыз, көзіңізге ауыртпалық түсіп, шаршайды. Көзге зиян келмес үшін көзге арналған жаттығуды жиі жасап отыру қажет. Көзге арналған жаттығу не үшін керек? Көздің шаршауы және құрғап кетуі — әсіресе, компьютерде көп жұмыс істеу барысында жиі кезесетін жағдай. Көзге арналған жаттығу миопияның алдын алып, шаршаңқылық сезімін жояды, көздің бұлшық еттерін қалыпқа келтіреді. Бастысы - гимнастиканы әдетке айналдыруымыз керек. Тек бір рет қана қолдану көз шаршауын басқанымен, көздің көру қабілетін жақсартпайды. Сонымен жаттығуды қалай жасаймыз? 1. Көзіңізді компьютерден басқа бағытқа аударып, 2 минут тынықтырыңыз. Ол үшін көзіңізді жұмып, жағымды нәрсе жайлы ойлаңыз. Гимнастика барысында иығыңыз бен басыңызды тік ұстаңыз. 2. Енді назарыңызды басқа жаққа аударып, бір нүктеге 5 минут қараңыз. 3. Жоғарыдағы ең биік нүктені тауып алып, сонда қараңыз. Содан кейін жанарыңызды ақырындап төмен түсіріп, жердегі бір нүктеге қараңыз. Осы жаттығуды 10 рет қайталаңыз. Келесі жаттығуды дәл осы бағытта, тек солдан оңға, оңнан солға қарау арқылы жалғастырамыз. 4. Көзіңізді айналдыра отырып, оң жақтан сол жаққа қарай, сол жақтан оңға қарай қараңыз. Бұл жаттығуларды жасау барысында асықпағаныңыз жөн. 5. Сұқ саусағыңызды мұрныңызға тигізіңіз. Саусағыңыздың ұшына қарай отырып, қолыңызды алға қарай созыңыз. Қолыңызды асықпай қайта мұрныңызға тигізіңіз. Бұл жаттығуды орындау барысында назарыңызды саусақ ұшынан басқа бағытқа аудармаңыз. Бұл жаттығуды, кемінде, 6 рет қайталаңыз. 6. Алыста орналасқан бір нүктені тауып алыңыз. Бұл терезе алдында тұрған гүл немесе қарама-қарсы тұрған үйдің терезесі болуы мүмкін. Нүктені таңдап алғаннан кейін сұқ саусағыңызды 10 см алға қарай созыңыз. Енді сол саусақтың ұшына қараңыз да, назарыңызды өзіңіз таңдап алған алыстағы нүктеге аударыңыз. Осы әрекетті, кем дегенде, 10 рет қайталаңыз. Соңында көзді 1 минут тез-тез жыпылықтату керек.
Дереккөз: qalai.kz
Massaget.kz