Иммунитетіңіз әлсіресе...
Дана халқымыз "дені сау адам - табиғаттың ең қымбат жемісі" дейді. Бәріміз де басымыз аман, бауырымыз бүтін жүргенді жақсы көреміз. Алайда табиғаттың салдарынан немесе басқа бір белгілі жағдайларға байланысты түрлі ауруға ұшырап жататын жайымыз бар. Соның бірі – иммунитетіміздің әлсіреп кетуі. Сол себепті біз бүгін сіздердің назарларыңызға иммунитетімізді небір аурудан қорғайтын шөптер мен өсімдіктерді ұсынғымыз келіп отыр. 1. Сұлы. Бір стақан тазаланбаған сұлы мен 2 ас қасық итмұрын түйінін қайнатып, 1,5 литрлік термосқа құйып, бір түнге қалдырыңыз. Кейін жарты стақаннан күніне 2-3 рет ішіңіз. Емделуге шамамен бір ай жеткілікті. Содан соң міндетті түрде үзіліс жасауды ұмытпаңыз. Итмұрынмен бірге алма, алмұрт, шетен, өрік, жүзім секілді кептірілген жемістерді салып ішуге болады. 2. Асқабақ. 300-400 гр асқабақ мәйегін үлкен үккіштен өткізіп, 300 г бал қосып, 2-3 лимон шырынымен араластырып, тоңазытқышқа сақтаңыз. Содан кейін күн сайын таңертең аш қарынға бір ас қасықтан тұтыныңыз. 3. Шетен. Бір уыс балғын немесе екі құрғақ шетен жемісін жуып, еттурағыштан өткізіңіз. 1 ас қасық езбені 2 ас қасық ұнтақталған мүкжидекпен араластырып, 5 ас қасық бал мен қызылша және сарымсақ шырынын құйып, 2 апта қараңғы жерде ұстаңыз. Содан соң бір айдай күніне 2-3 рет тамаққа дейін бір ас қасық ішіңіз. 4. Толғақшөп. 2 шай қасық толғақшөпті 250 мл қайнаған суға салып, отқа қойып демдеу керек. Кейін үгітілген балауыз қосып, жақсылап араластырғаныңыз абзал. Қоспа суыған соң сүзгіден өткізіп, 250 мл-ден күніне 3 мезгіл тамақтанардан бір сағат бұрын ішіңіз. Емделу курсы – 5 күн. 1 жылдан кейін қайталауға болады. 5. Жанжабіл. Жанжабіл тамырының кішкентай үзіндісін (6-8 cм) үккіштен өткізіп, 1 л ыстық су құйып, қабығымен бірге ұсақ туралған лимон және бал қосып, күніне 3 мәрте 250 мл тұтыныңыз.
Massaget.kz
Massaget.kz