Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Киелі ермен

Киелі ермен

Киелі ермен – гүлдің аты, дала гүліне жатады.

Қазақ гүл бапкерлері киелі ермен гүлін күрделі гүлдер тұқымадсына жатқызады. Көпжылдық шөптектес өсімдік деп біледі.
Киелі ермен гүлінің биіктігі 20-45 сантиметр шамасында келеді. жер астындағы тамыр сабағы, көген тамыры көлденең өседі, ағаш тектес болып өзгереді. Тамыры топырақ түсті, иісі жағымды. Сабағындағы сансыз бұтақтары көлбей көтеріле өседі. Жалғыз сабақты болады. Қызыл күрең не жасыл түсті келіп, сыртында ақ түсті мақта тәріздес түктері болады. жапырақтары кезектесіп не қарама-қарсы орналасады, төңкерілген жұмыртқа формалы, қауырсын айырықты. Кішкентай жапырақтары таспа тәрізді, қандауыр формалы, сағақсыз. Қысқа бұтақтары сабақ бойында дөңгелене өседі. Шоқбас гүл шоғыры сабағына қолтықтай өсіп, жиі орналасады. Сыртынан қарағанда жұмырлау түтік тәрізді көрінеді. Гүлі кішкене, сары түсті. Қыркүйек, тамыз айларында гүлдейді. Гүл кездегі киелі ерменді қазақ малшылары «айжамал гүлді ермен», «гүл ермен», «ерменгүл» деп те атайды. Гүл ашқанда сұлулық, әсемдік шегіне жеткен кезі, дәрілік қуаты асқан кезі.
Киелі ерменнің жер шарында кең тараған 200-дей түрі бар. Олар биік, ұлы таулардың шөпті жерлерінде, таудың күнгей беттерінде, самырсынды орман арасында өседі.
Қазақ емшілері киелі ерменнің барлық шөбі дәрі деп біледі. Ермен піскен кезде, гүлдеген тұста, жазда, күзде қазып алып, жіппен буып, көлеңкеде кептіреді. Кейін ұсақтап турап, дәрі ретінде қолданады. Бұл гүлден жасалған дәрілердің қасиеті – ащылау дәмді, жылы райлы, уытсыз. Ыстықты басады, уытты қайтарады, тамақты сіңіреді. Жылан шаққанға киелі ерменнен бір сәрі суға қайнатып не суға бұқтырып ішеді. Киелі ерменді суға қайнатып алып, оның суымен жылан шаққан жерді жуса уы қайтады, тез жазылады. Есекжемге, түрлі себептермен ісіп ауырған адамдарға ем болады.
«Қамшы» сілтейді
25 шілде 2018 ж. 3 398 0