Елорда тойы – ел тойы

Еліміздің жетістіктерін, мемлекеттің гүлденуін, қазақтың мақтанышына айналған Астананың даму жолын облыстық ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Бастар Есқараев айтып берді. «Дөңгелек столға» қатысып отырған облыстық мемлекеттік архивінің басшысы Айдын Исатаева, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, тарихшы Гүлзада Байбосынова, журналист Уәлихан Қожақ және бірқатар азаматтар мерекелік тілектерін білдіріп, пікірлерімен бөлісті.
Жиында Бастар Әуелханұлы әрбір қазақ Астана қаласын өз көзімен көруі керек екенін жеткізіп, архив ұжымында Елорданың көркін тамашаламаған қызметкер болса тиісті қаржы қарап, сол маманды бас қалаға барып қайтуға жіберуге уәде етті.
Биыл Елордамыздың Сарыарқа төріне, Есілдің бойына қоныстанып, Астана атанғанына 20 жыл толып отыр. Кең жазира далада көсіліп жатқан Есіл өзені алыстан менмұндалап, сұлулығымен өзіне тартып тұр. «Бәйтеректің» төбесінен қарасаң, Астананы түгелдей көруге болады. «Бәйтерек» – Астанамыздың символы.
Бірінен соң бірі бой көтерген «Хан шатыры», «Думан» демалу орталығы, Астананың қақ ортасында орналасқан «Әзірет Сұлтан» мешіті, «Пирамида» сияқты көптеген сұлу ғимараттар бір кездегі қарапайым облыс орталығын 20 жылдың ішінде гүлдендіріп, адам танымастай өзгертіп жіберді. Астана қаласының қазақ елін осылайша әлемге танытуы – біз үшін үлкен мақтаныш», – деді ол кісі.
«Дөңгелек стол» барысында Астана жайлы бейнефильм көрсетіліп, университет студенттері халық композиторларының күйлерін орындады.
Д. ҚҰДАЙБЕРГЕН.
Zamana.kz