Денсаулықты сақтандыру маңызды
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі – халықтың денсаулығын қорғайтын мемлекеттік жүйе. Бұл жүйе Қазақстанның барлық сақтандырылған азаматтарына жынысына, жасына, әлеуметтік жағдайына, тұрғылықты жеріне және табысына қарамастан медициналық және дәрілік көмекке тең қолжетімділікті жасауға кепілдік береді.
Еліміз озық елдердің тәжірибелерін ескере келе, Елбасының «100 нақты қадам» институционалдық реформасының 80-қадамын жүзеге асыру мақсатында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілген болатын. Баспасөз орталығында осы тақырыпты арқау еткен брифинг болып өтті. Жүйеге қатысты жауапты болып бекітілген Нұрлан Әмірдің айтуынша, Қызылорда облысы бойынша жарнапұл мөлшері 2 млд-тан асса, ал, өзіміздің ауданда 2017 жылдан 2018 жылдың 1 маусымына дейін 159 млн. 216 мың теңге жарна аударылған. Осы уақытқа дейін 12 мың 500 адам нақтыланбаған болса, оның 5231 өзектендірілген. Бүгінгі таңда, 7307 адам жұмыс жасауда. Ауданда мәртебесі анықталмағандар 934 болса, тіркелмеген жұмыссыздар 682-ні құрайды. Ал, көшіп кеткендер саны 26 көрсетіп отыр. Денсаулық сақтау саласында қаржыландыру жарналық төлемдер есебінен өсіп, медициналық көмектің ұлғайып жатқан шығындарын өтеуге мүмкіндік береді. Ауруханалар мен емханалар емделуші үшін бәсекеге түсіп, медициналық қызмет сапасы мен дәрігерлердің біліктілігін көтеруге мүдделі болатыны айдан анық. Әрбір азамат өзі емделетін жеке медициналық немесе мемлекеттік ұйымды таңдай алады.
Мұнымен қоса ауданда атқарылып жатқан бір қатар шараларды аталмыш жүйенің жауапты маманы назарға ұсынды. Атап айтсақ: «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру» КЕАҚ Қызылорда облыстық филиалының бөлім басшысы Ғ.Мұратбаев, бас сарапшысы А.Рахымовтың басшылығымен аудандық емхананың мәжіліс залында дәрігерлер, орта және кіші буын медицина қызметкерлеріне баяндама оқып, слайдтар көрсетіп түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері Ұ.Сариева, А.Оңалбекова, Г.Әбдісатовалардың қатысумен ауылдық елді мекен тұрғындарына да түсіндіріп, келешекте ауруханаға барғанда ұзын сонар кезектерді азайтып, науқастарды қабылдау мен емдеу сапасын арттыратынын айтты.
Бұл жүйе барлық сақтандырылған азаматтарға табыс пен төлем көлеміне қарамастан, сапалы медициналық көмекке қолжетімділікті қамтамасыз ете алады. Сондай-ақ, мемлекет әлеуметтік жағынан аз қамтылған 14 санаттағы азаматтар үшін жарна төлейді (балалар, мүгедектер, жұмыссыздар, жүкті әйелдер, 3 жасқа дейінгі бала күтіміндегі адамдар, зейнеткерлер, студенттер, көпбалалы аналар, тергеу изоляторындағы т.б ). Осы жүйені енгізе отырып, азаматтың денсаулығы үшін жауапкершілік адамның өзіне, жұмыс берушісіне және мемлекетке жүктеледі.
Сондай-ақ, аудандық орталық аурухананың мәжіліс залында МӘМС жүйесі жұмысшы тобының төрағасы Н.Әмір дәрігерлер, орта және кіші буын медицина қызметкерлерінің қатысуымен семинар өткізген,
аудан тұрғындарын МӘМС жүйесі туралы ақпараттандыру мақсатында жыл басынан бері бүгінгі күнге дейін бірнеше рет түсіндірме жұмыстар атқарылған.
Жұлдызай Ноғайбайқызы.