Еуроодақ журналистер байқауының жүлдегерлеріне Брюссельге жолдама берілді
Бұл туралы «Еуроодақ – Қазақстан: әріптестік пен ынтымақтастықтың 25 жылдығы» атты журналистер байқауының қорытындысына арналған ОКҚ-дағы баспасөз конференциясында белгілі болды, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.
Аталған байқау Еуропалық Одақ пен Қазақстан Республикасы арасындағы қатынастарды кеңейтуге әрі нығайтуға, ашық диалог қалыптастыруға және Қазақстан медиа қауымдастығында Еуропалық Одақ туралы хабардарлықты жетілдіруге бағытталған.
Өтінімдерді қабылдау осы жылдың 2 сәуірінен 31 мамырына дейін жүргізілді. Байқаудың нәтижесінде Еуропалық Одақ және Қазақстан ынтымақтастығының өзекті мәселелері бойынша қазақ, орыс және ағылшынтілдерінде БАҚ өкілдерінен 32 жұмыс қабылданды. Олардың ішінен байқау ережелері бойынша барлық талаптарға сай 16 өтінім іріктеліп, қазылар алқасының дауыс беруіне салынды. Сонымен оның нәтижесі бойынша алты жеңімпаз Брюссель қаласында (Бельгия) бір апталық тағылымдамадан өтуге жолдама алды.
Олар: Арсен Асқаров («ҚазТАГ» халықаралық агенттігі, Астана қаласы), Ольга Асхожина ( «Астана» Радиосы, Астана қаласы), Орынгуль Бектілеуова («Қазақстан» телеарнасы өңірлік филиалы, Атырау қаласы), Ерболат Мұхамеджан («Atameken Business channel» телеарнасы, Астана қаласы), Данил Москаленко ( «Atameken Business channel» телеарнасы, Астана қаласы), Гүлнар Тәжиева («Айқын» газеті, Алматы).
Айта кетейік, қатысушылардың бағдарламасында Еуропалық парламент, ЕО Кеңесі, Еуропалық комиссия, Еуропалық сыртқы істер қызметі және Брюссельде журналист пулы қызметімен танысу көзделген. Сондай-ақ, сапарбарысында қатысушылар ЕО-Орталық Азия министрлік кездесуіне қатысып, ЕО Жоғарғы өкілі Федерика Могерини ханыммен кездесуге мүмкіндік алады.
Естеріңізге сала кетейік, 2018 ж. 2 ақпанда Еуропалық Одақ пен Қазақстан арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнатлығанына 25 жыл толды. Аталған ширек ғасыр барысында өзара ынтымақтастықтың берік негізі қаланды. Астанада, ЕО пен Қазақстан Республикасының арасындағы Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісіміне (КӘЫК) 2015 жылдың 21 желтоқсанында қол қойылды. КӘЫК-нің негізгі бөлімдері 2016 жылдың 1 мамырынан бастап уақытша күшіне ене бастады.
Келісім 29 саладағы ықпалдастық аясын кеңейтіп, ЕО пен Қазақстан арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық, энергетика, көлік, қоршаған ортаны қорғау және климаттың өзгеруі, жұмыспен қамту, еңбек қатынастары, мәдениет, білім және ғылыми зерттеу салаларындағы ықпалдастыққа жол ашты.
1991-2014 жж. аралығында ЕО Қазақстанда жалпы сомасы 180 млн құрайтын 350-ден астам жобаны тікелей қаржыландырды. Бұл жобалар ҚР Үкіметінің әр түрлі министрліктері, ведомстволары мен комитеттеріне саяси кеңес және техникалық көмекке бағытталды.
Baq.kz