Burabay Summer Fest халықаралық фестивалі бірнеше елден келген 400 баланың басын қосады
17 маусым күні Бурабай демалыс аймағындағы «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығында Астана қаласының 20 жылдығын мерекелеу аясында Burabay Summer Fest халықаралық жасөспірім таланттар фестивалінің салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Фестиваль Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен өтеді. Шараны ұйымдастырушылар фестиваль қатысушылары үшін танымал өнер қайраткерлерінің шеберлік сабақтары мен экскурсияларын, басқа да ойын-сауық және танымдық іс-шараларды дайындады.
Фестивальдің іріктеу кезеңіне еліміздің барлық аймағынан келген 10-16 жасқа дейінгі бишілер, музыканттар мен көркемсөз оқу шеберлері қатысты. Сонымен қатар фестивальде Ресей, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Беларусь елі, Малайзия, Тайланд және Түркияның жасөспірім таланттары бас қоспақ. Қатысушылардың жалпы саны шамамен 400 адамды құрайды.
«Қазақ Әуендері» АҚ-ның вице-президенті Сәкен Шакеев журналистер мен баспасөз-турының қатысушыларын құттықтай отырып, Burabay Summer Fest балаларға өз шығармашылық қабілетін ашуға, шеберлік деңгейін арттыруға көмек беретінін атап өтті.
«Танымал тұлғалардан кәсіби білім алудан бөлек, қатысушылар Қазақстаннан ғана емес, шет мемлекеттерден де жаңа достар таба алады. Фестиваль балалық шақтың ең жарқын оқиғаларының бірі ретінде олардың есінде сақталады», – деді ол.
Қазылар алқасы мүшелерінің бірі Игорь Благодарный қатысушылар қалай іріктелгеннін атап өтті.
«Елімізде шығармашыл, жарқын және талантты балалардың көптігі бізді қуантады. Байқауға қатысқысы келген әр бала өзгеше болғандықтан, іріктеу кезеңі қазылар алқасы үшін оңай болмады», - деді әділқазы.
БАҚ өкілдері мен фестиваль қатысушылары Ziruza, «Ағайынды Жүгінісовтер», Ayree және Әли Оқапов сынды Қазақстан жұлдыздары дайындаған қызықты концерттік бағдарламаны тамашалады.
Әнші Әли Оқапов шарадан алған әсері туралы әңгімелеп, бәрінен бұрын шеберлік сабақтарының деңгейіне тәнті болғанын атап өтті.
«Осындай байқауларда болашақ әртістер ең алғашқы қадамдарын жасайды. Екіншіден, көптеген таныстарды осы жерден табады. Мысалы, Жанар Дуғалова, Димаш болсын барлығы да бала кезден осындай байқауларға қатысып, бір-бірімен танысып үлкен сахнаға деген алғашқы қадамдарын жасаған. Ең бастысы шын дарын иелері қатысып, әділетті түрде жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарлар жеңетін осындай байқаулар көп болсын дейміз. Ең бастысы жеңіс емес, тәжірибе жинау, басқа өнер иелерімен танысу, ақпарат алмасу. Өмірде әртүрлі жағдайлар болады. Кейбір кезде жеңімпаздардың өзі үлкен сахнаға жете алмайды. Сол себепті осындай байқауларға көбірек қатысу керек, себебі өзара тәжірибе алмасуға зор мүмкіндік береді», - деді әнші.
«Мен де осылай кішкентай кезімнен ән айтып, байқауларға қатыса бастадым. Үздіктер ғана жеңсін деген ойдамын. Тек қана алға ұмтылсын және бәріне сәттілік тілеймін», - деді әнші.
Естеріңізге сала кетсек, фестивальге қатысуға еліміздің түкпір-түкпірінен ең дарынды балалар келесі бағыттар бойынша шақырылды:
Вокалдық өнер:
1) дәстүрлі ән салу;
2) академиялық ән салу;
3) эстрадалық ән салу.
Аспапта орындау:
4) дәстүрлі өнер;
5) классикалық өнер;
6) эстрадалық өнер.
Хореографиялық өнер:
7) халық биі;
8) ұлттық би;
Көркемсөз оқу.
3 шілдеде қорытынды кезең Астана қаласында өтетін Гала-концертте өнер көрсететін қатысушылар анықталады. Фестивальдің Бас жүлде иегері «UNIVERSAL STUDIOS HOLLYWOOD» атақты киностудиясын тамашалау мақсатында Лос-Анджелеске жолдама алады.
baq.kz