«ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ» БҰРЫНҒЫДАН ҚЫЗЫҒЫРАҚ…
«Қазақ хандығы. Алтын тақ» атты ауқымды жобасы екінші маусымының түсірілімдері Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас ауданында жүріп жатыр..Көп сериялы фильмді Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша «Centaurus Rustem Abdrashev production» ЖШС-нің қатысуымен Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсіруде.
Тарихи киноның түсірілімдері Алматы облысында мамырдың басында басталған. Кейінірек түсірілім тобы Оңтүстік Қазақстан облысында орналасқан «Елтай» ауылы маңындағы «Иір су» жайлауына ауысқан. Дәл осы жерде түсірілім тобы режиссер Рүстем Әбдірашевтің бастауымен Керей мен Жәнібек хандардың тұрағын – төрелердің ауылын жасап шыққан. Шайбандар мен Қазақ хандығының үлкен ұрыс сахнасы да осында түсіріліген.
–Екінші маусымның аты айтып тұрғандай «Қазақ хандығы.Алтын тақ». Қазақ хандығындағы ең бір күрделі кезеңдердің бірі. Жәнібек пен Керейдің Әбілқайыр Шайбани ұрпақтарымен Қазақ хандығының Сығанақтағы тағы үшін тақ таласы. Бұл маусымда тақты, Ақ орданың астанасы Сығанақты қайтару сынды маңызды оқиғалардың айналасында өрбиді. Бірінші маусыммен салыстырғанда бұл әрине әлдеқайда қызықтырақ, динамикасы жағынан жылдам. Экшн көп болады. Көрерменге қызықты болады деген ойдамын. Сценарий тарихи негізде жазылды. Бірақ жастарға қызық болсын деп көптеген сол заманның оқиғаларын қайтадан тірілтуге тырыстық. Материал қазір түсіріліп жатыр. Мынау жазғы маусымның түсірілімі. Көктемде бастадық. Бұйыртса, Түркістанға барып, соңғы, негізгі эпизодтарды түсіреміз. Оңтүстік Қазақстан облысының билік өкілдеріне алғысымыз шексіз. Бізге барынша қолдау көрсетіп, түсірілім алаңына қажетті дүниелермен қамтамасыз етіп отыр, – деді Рүстем Әбдрашев.
Екінші маусымдағы оқиға желісі 1470 пен 1485 жылдар аралығында өрбіп, Жәнібек ханның қайтыс болуымен аяқталады. Режиссердің айтуынша, негізгі актерлік құрамға екінші пландағы 5 – 6 кейіпкер қосылған.
–Есенберилннің кітабы біз түсіріп жатқан кезеңмен аяқталады. Финалда Жәнібек қайтыс болып, таққа Бұрындық отырады. Міне дәл осы жерге дейін жеткізбекпіз. Бірінші маусым негізінен Алматы облысында түсірілген болатын. Ал екінші маусымда Оңтүстік Қазақстанда түсірейік деп шештік. Облыстың басшылығымен тез түсінісіп кеттік, олар тарапынан қолдау алдықТарихи фильмдерді түсіру барысында ең бастысы 360 градус бүгінгі адамзаттың іс-әрекетінің белгілері болмауы тиіс. Біз іздеген локацияны осы жерден таптық. Жалпы тарих бойынша ұрыстар осы маңдарда орын алған. Қазақ хандығы Қаратау бөктерінде негізі қаланды.Былтыр қыста біз осы киіз үйлер мен шатырларды «Қазақфильмнің» территориясына тұрғызып, монологтар мен диалогтарды түсіріп қойғанбыз. Түлкібаста тек көпшілік сахналарды яғни – ауыл көрінісін, келу, кету, киіз үйге кіру, ұрыс сахналары мен жекпе-жектер осында түсіріп жатырмыз, – деді бас продюсер Арман Асенов.
Продюсердің айтуынша, бүгінгі таңда 10 сериялы фильмнің 8 сериясы түсірілген. Сонымен қатар, түсірілімдер Қазақстанның тарихи қалалары – Түркістан мен Таразда да жүреді. Аталған қалаларда маңызды сахналарды қоятын болады. Сериалдың соңғы түсірілім жұмыстары «Қазақфильмнің» павильондарында өтеді.
–Мұнда әлі бір аптадай түсіреміз. Сосын Түркістанға көшеміз. Өздеріңіз білетіндей, Түркістан күллі түркінің орталығы. Бұндай аса ауқымды тарихи полотнода тарихи архитектуралық ансамбльді көрсету керек деп есептеймін. Жәнібекті хан көтеру салтанатын Түркістанның маңында түсіреміз деп жоспарлап отырмыз. Дәл осы Түркістан біз түсіріп жатқан тарихи кезеңдердің шынайы куәгері. Өкінішке қарай, қазақ кинематографында Шәкен Айманов түсірген «Алдар көседен» басқа ешқандай фильмде Түркістан қаласы көрсетілмеген екен. Түркістаннан соң Тараздағы Қарахан мен Айша бибі кесенесін де түсіреміз, – деп қосты бас продюсер.
Түсірілім алаңында реквизиторлар, декораторлар, рестовраторлар және қару-жарақ жасаушылардан тұратын суретшілер департаменті XV ғасырдың ауылын тұрғызған.Түсірілімдер үшін отыздан астам қырғыздың және жергілікті киіз үйлерін жалға алған. Көптеген тулар, әскери шатырлар, көп мөлшерде үй мен далаға қажетті жабдықтар, құрал-саймандар жасалған. Ал бас кейіпкерлердің ат сауыты Қытайда тігілген.
–Екінші маусымда негізінен бірінші маусымның реквизитін қолдандық. Алайда, көбін қайта жасап шығуға, жаңартуға тура келді. Өйткені жарамсыз болып қалған. Реквизит қолайсыз ауа-райынан жарамай қалады. Ал тарихи фильмдердің барлығы дерлік ашық кеңістікте түсіріледі.Екінші маусымда біз шатырларға ден қойдық. Олар кадрда әдемі көрініс береді. Барлық реквизит тарихи деректерге сай Алматыда жасалды. Бірінші маусымда көпшілік сахналар үшін қылыштарды пластиктен жасадық. Өйткені ондағы адамдар қылыштасу өнерін меңгермегендіктен жарақаттанып қалулары мүмкін. Қылыштардың 50% қайта жасап шығуға тура келді. Әр бас кейіпкердің әскери реквизитін түгел қайта қалпына келтірдік. Ат сауыттарының эскиздерін және жылқының мөлшерін өзіміз сызып, Қытайда тіктірдік, –деді қоюшы-суретшілердің бірі Мұрат Карипов.
–Қазақ хандығы. Алтын тақ» жобасының екінші маусымы үшін костюмдер бойынша ауқымды жұмыс жасалды, – дейді костюм жөніндегі суретші Ажар Әубәкірова. Көпшілік сахнасындағы, эпизодтағы және басты рөлдегі кейіпкерлерге бірнеше комплект әскери костюмдер мен аяқ киімдер тігілген. Барлық киімдер Алматыда жасалған.
–Костюмдерді шетелден аламыз деп әдейі ешқайда барған жоқпыз. Маталарды да Алматының базарларынан таптық. Былғарыны әскери костюмдердің негізі ретінде пайдаландық. Көпшілік сахнаның әскери костюмдерін бірнеше топқа бөлдік. Олар: тимуридтер, шайбандар, қазақтар және ноғайлар. Қазақ жауынгерінің костюмы қалыңдау. сауыт-сайманы, белбеуі, былғары плащы егжей-тегжейлі жасалған. Толыққанды образ шықты. Бәрін де отандық мердігерлер жасап шыққан. Костюмдер түс гаммасы бойынша да ерекшеленеді. Қазақтардың костюмдері қоңыр, ал ноғайлар мен шайбандардікі сұр түсті. Барлық костюмдерді жасау барысында тарихи шындықтандан алшақ кетпеуге тырыстық, – деді Ажар Әубәкірова.
Жоба барысында 200 астам отандық кинематографтың білікті мамандары жұмыс жасап жатыр. Фильмнің сценарийін Смағұл Елубай, Тимур Жақсылықов, Рүстем Әбдірашев Ілияс Есенберлиннің «Алмас қылыш» романының негізінде жазып шыққан.
Сериалдың тұсаукесері биыл желтоқсан айына жоспарланған. Фильмнің режиссері – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, кинорежиссер, сценарист және суретші Рүстем Әбдірашов. Ол «Құрақ көрпе», «Қаладан келген қыз», «Сталинге сыйлық», Елбасы жолы киноэпопеясының: «Балалық шағымның аспаны», «От – өзен», «Теміртау», «Тығырықтан жол тапқан» атты кинотуындыларының авторы.
Еркін ҚАЛДАН