ГЕНЕРАЛ ҚАЛМЕНОВ
Оңтүстік Қазақстан облысының, Шымкент қаласының және Қызылорда облысы Шиелі ауданының құрметті азаматы, 43 жыл ішкі істер жүйесінде жемісті қызмет еткен, оның 20 жылдан астамын Алматы, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарында Ішкі істер басқармаларының басшысы болған милиция генерал-майоры Құлахмет Қалменов жаратылысы бөлектің үлгісі, шынайы кісіліктің көрінісі, қатарластарынан оза туған нағыз дарабоз жан еді.1926 жылы 15 қазан айында Қызылорда облысының Шиелі ауданына қарасты Сырдария өзенінің батыс жағалауындағы «Тарша» көлінің жағасында дүниеге келген Құлахмет Қалменов әкеден ерте айырылып, үлкен ағасы Рахметтің тәрбиесінде болды. Тағдырдың жазуымен орта мектепті Оңтүстік Қазақстан облысының сол кездегі Бостандық, Луговой және Ильич аудандарында оқыды.
Мектепте жүргенде мынадай оқиға болады. Жағырапия мен жаратылыстану пәндерінен сабақ беретін мұғалимадан адамдар маймылдан жаратылған дегенді естіген оқушы: «Онда бүгін неге маймылдар адам болмай жатыр?» деп сұрақ қояды. Осы сұрағынан-ақ апайына жақпайды. Отырса опақ, тұрса сопақ болады. Бағаны да жарытпайды. Тәкаппар, қызғаншақ татар мұғалима педагогикалық кеңесте мектеп директоры күйеуін біреуге таңып, әріптестер арасында масқарасын шығарады. Бұған шыдамаған ері өзін-өзі атып, емханаға түседі. Мұны естіген, көптен кеудесінде қыжылы бар, бесінші сыныпта оқитындардың жас шамаларына қарамай би болып алған Құлахмет балаларға сүйікті ағайымызды жазықсыз кінәләғаны үшін апайға қыр көрсетіп, ол сабаққа келгенде барлығымыз жерге етпетімізден жатамыз дейді. Балалар бұл ұсынысты бұлжытпай орындайды. Мұғалиманың тұр дегеніне олар тұрмайды. Осыны ұйымдастырып жүргеннің Қалменов екенін білген ол оған «Тұр, сыныптан шық» дейді. Тиесілі сөзін айтып, қайсар оқушы шығып кетеді де, мектепке оралмайды. Басқа мектепке ауысады. Көп ұзамай балалардың саны жетпегендіктен көктемгі демалыстан кейін сынып жабылады.
Құлекең бірге оқып жүрген, бірақ жастары бөлек сыныптастары Ұлы Отан соғысына кетіп жатқанда, он бес жастағы оқушы досы Идахмет Әбдіров екеуі СССР Соғыс-теңіз флотының қолбасшысы адмирал Кузнецовқа арнайы хат жазып, Қазақстан комсомолы қамқорлыққа алған Балтық теңізіндегі Киров крейсеріне матростар қатарына алуды өтінеді. Бірақ жастары жетпеуіне байланысты әскерге алынбайды.
Он алтысында мектеп бітірген жас еңбек жолын 1942 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Ильич аудандық халық сотының хатшысынан бастайды. Бір жылдан кейін Шымкенттің мұғалімдер институтына түсуге барады, бірақ ондағылар сен әскерге шақырылушысың деп оқуға қабылдамайды. Содан қайтып келіп, «Мақтаарал» кеңшарындағы орталық жөндеу шеберханасының балға соғушысы болып жұмысқа орналасады. Бұл оңай шаруа емес еді. Сөйтіп жүргенде ағасы Рахмет жұмыс жағдайымен басқа «Большевик» атты ұжымшарға көшеді де, інісі сонда трактор бригадасының есепшілігіне жұмысқа тұрады. Ел арасында жиі болып жүретін учаскелік милиционер еті тірі жасты байқап қалады. Бір күні соның ұсынысымен аудандық ішкі істер бөлімі есепші балаға Алматы қаласындағы Ішкі істер министрлігінің облысаралық бір жылдық милиция мектебіне жолдама береді. 1945 жылы оны бітіргеннен кейін жас маман Оңтүстік Қазақстан облысы Ішкі істер басқармасында бандитизммен күрес бөлімінің тергеушісі, тергеу тобының жетекшісі, аға тергеуші болып қызмет етеді.
1948 жылы Қазақ ССР Ішкі Істер министрлігі өз жұмысында көзге түскен жиырма екі жасар маманды орталық аппараттағы оперативті өкіл қызметіне шақырады. Бұл, әрине, сонау облыста жүрген жас үшін үлкен құрмет болатын. Еңбекқорлық пен жауапкершіліктің жоғары болуымен аппаратта өзін жақсы жағынан таныта білген ол 6 айдан кейін, яғни 1948 жылдың қыркүйек айында Мәскеудің КСРО Ішкі істер министрлігі жанындағы Жоғары офицерлер мектебіне жолдама алады.
Мұнда келгеннен кейін жүйелі оқуға мүмкіндік туады. Орта мектепте Л.Н.Толстойдың «Кавказ тұтқындарындағы» Жилиннің, С.Тургеневтің «Мумуындағы» мылқау Герасимнің образдарынан әрі асып кете алған жоқ еді. Енді саналы түрде орыс және Батыс классиктерін оқуға бар ынта-жігерімен кіріседі. Осында танысқан, кейін 60 жылдан астам уақыт ең жақын досы болған ақмолалық Мұқаш Омаров екеуі бос кездерін тиімді пайдаланып, Мәскеудің опера және балет, драмалық театрлар мен концерт залдарының жиі қонағы болады. Атақты әртістердің көрермені мен тыңдармандарына айналады.
Туасы қайсар адамдар шынайы табиғатын оңайлықпен өзгерте қоймайды, қайта мықты жағын жетілдіре түседі. Олардың ерекшеліктері да осында. Жас кезінен серік еткен әділетсіздікке төзімсіздік, қажырлылық, қайсарлық Мәскеудегі оқуда да жалғаса түсті. Оқытушы, ғылым кандидаты Зивстің қылмыстық процесс мәселесінен оқыған дәрісінде кеңес адамдарының құқықтық санасы тұтас дегенімен келіспеген курсант семинар сабағында оқытушы полковник Машковқа егер солай болса, қылмыскерлер мен заң бұзушылар қайдан шығады дейді. Курсанттың сұрағы орынды екені мектеп оқытушысына да белгілі болар. Бірақ жоғарыдағылардың ойын қайталауға әбден жаттығып қалған полковник стандарт арнадан қайдан шыға қойсын. Шынайылыққа орын бола бермейтін тоталитарлық болмаса авторитарлық саяси жүйеде басқаша болуы мүмкін емес еді.
Одақтың ІІМ-інде құрылған комиссия оқудағы қабілетін, оқуға деген алғырлығын, тапсырылған жұмысқа деген ерекше орындаушылық ынтасын байқаған жас маманды «Мәскеуде қалыңыз, не Ресей федерациясының қалаған облысына барыңыз» деп біраз әурелегені жайдан-жай емес еді. Бірақ мансаптан алшақ, туған елден артықты ұғына қоймайтын жас маман «Қазақстан қайдасың?» деп тартып тұрады.
Сол кездегі кеңестер Одағының орталығында Құлекең Ішкі істер органының жоғары деңгейіндегі маманы ғана болмай, рухани мол қазынаға да ие болып, елге оралады. Мәскеудегі кезін «өмір академиям» деп еске алушы еді.
Сөйтіп жиырма төрт жастағы Мәскеу маманы Ішкі істер министрлігінде балалар колониясы бөлімінің оперативті-режим бөлімшесінің басшысы етіп бекітіледі. Жаңа жұмыс бағыты жаңа ізденіске жетеледі. Тағы да іздегені кітап болды. Ұлы педагог һәм шынайы тәжірибешіл ұстаз Антон Семенович Макаренконың «Педагогикалық поэма», «Башня басында флагтар», «Ата-аналарға дәріс» атты еңбектерін бар ынтамен оқып, алдағы ісіме пайдалы болар деген жерлерін конспектілеп алады екен. Қызмет бабында мәселелер туғанда осы жазбаларға қарап қиыншылықтан жол іздейді, табады, қажетіне пайдаланады. Бұл да кім болса, соның істей беретін тірлігі емес қой.
Еңбек жолындағы шынайы өмір көрінісіне бейжай болмау, әрбір сәттен ой түю сияқты аса қажет қасиеттер туасы қабілетті жастың даралана түсуіне игі ықпал еткені даусыз. Құлахмет Қалменов Республика Ішкі істер министрлігінің аппаратында бөлімше басшысынан бастап сегіз жылға жуық арасында екі жылдық Мәскеудегі оқуы бар уақытта кадр басқармасының бастығының орынбасары лауазымдарына дейін жоғарылады. Осы кездерден милиция қызметінде барынша еті тірі, табанды шешім қабылдай алатын қабілеті мол, заң жағынан сауатты, қолы таза, ешкімге қиянат жасамайтын, адал жігіттер болса, жұмыста береке болады деген ой көкейде бір-бірлеп ұялап, кейін берік бекіп, өмірлік серік болып қалды. Сондай-ақ өз қызметінде мынандай принциптерді басшылыққа алды: ақылды ашуға жеңдірмеу, өзгені өлгенше жек көрмеу, досыңды сатпау, езді ерекше құрметтемеу, жамандыққа жуымау. Сыпайылық сыйы – құрмет, дөрекі сөз – тәлімсіздік жаршысы деп санады. Шындықтан асқан жақсылық, өтіріктен асқан жамандық жоқ деп ойлады. Ол милицияның абзал борышы қылмыскерді ұстау емес, қылмысты болдыртпау деп түсінді. Бұл қызмет бабында жаңа ізденістерге итермелеп отырды. Сөйтіп министрліктегі жылдарда қандай жұмыс болса да таңдамау, тапсырылған не мойынға алған істі адал, қалтқысыз, сапалы, жан-тәнімен істеу қасиеттері қалыптасты.
Білімі қатарластарынан кем емес, тәжірибесі де әзірге жетерлік, қандай мәселе болса да алдымен ойлана білуді әдетке айналдырған маман жас та болса, өзін аппаратта еркін ұстады, пікірін де жоғары жаққа қарап, жалтақтамай айта алды. Басқа органдарға қарағанда кірпияздау министрліктегі болған бір жайды мысалға келтіре кетейін.
Республика ІІМ аппаратында өткен жеті жүз коммунисті біріктіретін бастауыш партия ұйымының жиналысында 1956 жылғы 14-25 ақпанда өткен КПСС XX сьезінің қорытындылары талқыланады. Баяндаманы Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің төрағасы В.В.Губин жасайды. Осы жиналыста 30-ға толмаған Қ.Қалменов қазақ жастарының жоғары оқу орындарына түсу мәселесін арнайы көтеріп, сөзінде олардың конституциялық құқықтарын тек орта мектеп көлемінде ғана пайдалана алатынын айтып, осы мәселенің Қазақстан Компартиясының Орталық комитетіне жеткізілуін сұрайды. Бұл республиканың орталық партия комитетіне жетпеді емес, жетті. Алайда, Одақтағы уақытша жылымықтың арқасында комитет бөлімінде арнайы әңгімелескен орыс азаматы алдында отырған нағыз қазақтың ойлы дәлелдеріне түсіністікпен қарады.
Жиналыстарда ұлттық мәселені арнайы қоюдан қазақтың зиялы қауымының жүрегі шайлыққан заманда осылай тікелей сөйлеуге Құлекеңнің ғана батылы барды. Менің есіме Екінші дүниежүзілік соғыстың қайнап жатқан кезінде елге аз уақытқа келген Бауыржан Момышұлының қазақ тілінің бейшара күйін республика партия ұйымының Орталық комитетінің хатшысының деңгейіне дейін көтергені еріксіз еске түседі. Өз мүддесінен ұлтының мүддесін жоғары қоя алған адам қандай әрекетке болса да, бара алатынына тағы да көзім жетті. Құлекең сөзі сол кездегі алдыңғы қатарлы зиялылардың ой арнасына құйылған бұлақ болғанына да, мәселеңің шешілуіне ықпал еткеніне дау жоқ.
Құлахмет Қалменов Одақтық деңгейдегі жиында да өз қабілетін тиісті көрсете білді. 1957 жылғы мамырда Мәскеуде ІІМ клубында өткен Ішкі істер министрлігінің Бүкілодақтық кеңесінде кадрларды іріктеу, олардың іскерліктерін арттыру мәселесі қаралады. Осы кеңесте өз министрі кадр бөлімі меңгерушісінің жұмысқа жаңа келгендігін айтып, оның орынбасарларының бірі, отыз бір жастағы өзіне сөз сөйлеуді ұсынады. Бұл ұсыныс жайдан-жай болған жоқ. Министр іштей жаңа меңгерушінің мүмкіндігі мен орынбасарының қабілетін ескермеді дей алмаймын. Әйтпесе ол кезде басшы тұрып, Одақтық деңгейдегі жиналыста оның орынбасарына сөз бере бермейді.
Құлахмет Қалменов сөзінің басын бұрын дайындалған қағазды оқудан бастап, сонан соң ауызшаға көшіп, регламентте көрсетілген он бес минуттың орнына «Казахстан - большая страна» деп қосымша уақыт сұрап алып, өткір мәселелерді көтеріп, отыз минут сөйлейді. Сөз мазмұнына риза болған залдағылардың сілтідей тынып, қайта-қайта қол соғып, жарты сағат тыңдауларына не айтуға болады? Мұндай мықтылық кім болса, соның маңдайына жазыла салған жоқ. Бұл – Құлекең сияқты дараларға ғана тән құбылыс.
Енді сөзде көтерілген мәселелердің бағытына қараңыз. Біріншіден, Одақтан келгендердің көбісінің өздерін жоғары санайтынын, жергілікті кеңес-партия органдарының шешімдерін мойындай бермейтінін, Қазақстанда қоныстанып, тұрақты жұмыс істеймін деп ойламайтынына нақты мысалдар келтіреді. Ұлттық кадрлар дайындау мәселесіне тоқталып, ішкі істер министрлігіндегі оқу орындардың көбі Ресейде, Украинада, Белоруссияда екендігі, оған келешегінен үміт ететін қазақ жастарының орыс тілінен шығарма жаза алмай, елге қайтып жататынын, Қазақстандағы кадрларға әскери атақтардың өте сирек берілетінін, сондай-ақ көп құжаттардың министрлікте қаралмай жатып қалатынын айтқанда залдағылардың қайта-қайта қол шапалақтаулары, әсіресе ұлт республикаларынан келгендердің «қышыған жерлеріне» тигені даусыз екенін байқатады. Сәл ойланып көрейікші. Мұндай пікірлерді тіпті «жуасып» қалған министрлердің өздері көтере бермейтін еді. Республика министрі Құлекеңді ұсынғанда оның осы батылдығына, Орталықта әңгіме өзегі болған мәселені жетік білетініне сенген болатын.
Бүкілодақтық жиналыстан кейін Алматыдағы Ішкі істер министрлінің жоғары мектебіне қазақша оқыған абитуренттер қазақ тілінен емтихан тапсыратын болуы, Ташкент, Қарағанды қалаларында жоғары білімді милиция кадрлар дайындайтын мектептердің ашылуына, сөзсіз, Құлекең сөзі де әсер етпей қалмады.
Құлахмет Қалменов өз қызметінде «Милиция халық үшін туған, халық милиция үшін тумаған» деген принципті ешқашан естен шығарған емес. Сөйтіп министрліктегі бас-аяғы сегіз жыл көлемінде Құлекең бойында қандай жұмыс болса да таңдамау, тапсырылған не мойынға алған істі адал, қалтқысыз, сапалы, жан-тәнімен беріле істеу қасиеттері қалыптасты. Бұл оның жоғары деңгейдегі қызметіне жол ашты. Содан 1958 жылы Алматы облысының Ішкі істер басқармасы басшысының орынбасарлығына тағайындалады. Бірақ көп ұзамай облыстық басшы ауырып, зейнетке шығады да, оның орнына кеңес-партия органдарының үлкен сенімімен Құлекең ұсынылады. Мұндай ұсыныс жасаған Алматы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Мәсімхан Бейсебаевқа министрдің өзі жүрексінген көрінеді. Бірақ жастарға сенім арту керек деген облыстың партия басшысы өз дегенін істеп, Құлекең бірінші басшылыққа тағайындалады. Сөйтіп ол астаналық басқарманың бірінші рет қазақ басшысы, 1960 жылғы Теміртаудағы жағдайға байланысты орнынан босаған Ішкі істер министрі Ш.Қабылбаев облыстық басқармасы басшысының орынбасары болады. Құлекең сол кезде облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып істейтін Мәсімхан Бейсебаевқа Шырақбек Қабылбаевты өзіне орынбасар етпей, басшы еткенді сұрайды. Бірақ оған келісім берілмейді.
Көп ұзамай Құлекең Жамбыл облыстық ішкі істер басқармасына басшылыққа ауысып, оның орнына бұрынғы министр тағайындалады. Жамбылдағы сегіз жыл жемісті болады. Қырыққа толмаған басшыға «КСРО Ішкі істер органдарының еңбек сіңірген қызметкері» деген жоғары атақ беріледі.
1967 жылы Шымкент қаласында МАИ қызметкерлері мен автокөлік айдаушыларының арасында кикілжіңнен басталған оқиға ушығып, қанды қақтығысқа ұласады. Одақты дүрліктірген осы оқиғаны тексерген КПСС ОК бригадасы пен ҚКП ОК ойласып кадр іздегенде Құлахмет Қалменов тоқтайды. Бұл қырықтың біріне шыққан кадрға көрсетілген үлкен сенім де, құрмет те болатын.
Министрлік деңгейіндегі мол тәжірибе, Алматы және Жамбыл облыстық ішкі істер басқармаларында жемісті болған басшылық, барлық сала тынысын білу, өзін тұрақты қамшылап, жетілдіріп отыру, бар мәселені жедел және кәсіби сауатты шешуге ұмтылуды тұрақты серік ету, демографиялық, этностық құрамы жағынан, халықтың айналысатын кәсібі жағынан болсын аса күрделі облыста жаңа басшының кәдесіне жарады.
Құлахмет Қалменов қызметінің жан-жақты жарқырай көрініп, кемеліне келген, одақ көлемінде үлкен абыройға ие еткен жылдар осы оңтүстік өңірге қатысты. 1970 жылы генерал-майор атағын алды. Екі жылдан соң сан салалы, тынымсыз қызметте жүріп СССР ІІМ Жоғары мектебінің ғылыми кеңесінде «Тергеуші мен анықтау органдарының қылмыстық істі тоқтатумен байланысты қызметі» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. Осы тақырыпта шығарылған монография құпия мәртебеге ие болып, арнайы оқу орындарында қазір де оқытылып келеді. Сөйтіп Құлекең Кеңестер Одағындағы өлкелік, облыстық ІІБ басшыларының ішінде жалғыз заң ғылымдарының кандидаты болды.
Ішкі істер органында отыз жылдай қызмет етіп, бұл саланың тыныс-тірлігін бес саусақтай білетін Құлахмет Қалменов ортаңғы буын кадрларды дайындайтын оқу орнының қажеттігін күн өткен сайын сезіне түседі. Алайда, бұл оңай тірлік бола қоймайды. Одақ егер республика Ішкі істер министрлігі қаржы тапса, мектеп ашуға қарсылықтарының жоқ екенін айтады. Ал республика министрі қаржы жоқ деп отырып алады. Бірақ Қалменов қажырлылығы мен беделінің, істің көзін таба білетіндігінің арқасында Шымкент қаласында КСРО Ішкі істер министрлігіне басшы кадрлар құрамын, оперативті қызметкерлер мен колонияларға отряд бастықтарын дайындайтын арнайы орта мектеп ашылады. Бұл да берісі республика, арысы Одаққа мәлім Құлекең сияқты кісінің ғана шеше алатын түйіні болатын.
Құлахмет Қалменов кейбір бастықтардай қағазға қол қойып, жанды қинап отыра бермей, күрделі істерге өзі кірісіп, өзін бастықпын деп санамай, бірінші оперативті қызметкермін деп сезініп, қарамағындағыларды солай тәрбиелеуге тырысты. Бұл пікірімізге дәлел ретінде әріптесінің мінезін жақсы білетін, көп жыл қызметтес, орынбасары болған милиция полковнигі Оспан Байдаулетовтің мына сөзін келтіре кетуге болады: «Құлекеңнің небір күрделі жиналыстарда, бюроларда есеп бергенінің куәсі болдым. Қандай қиын жағдайлардан өткел тауып кететін. Өзінің логикасымен, заңды терең білетіндігімен, көп сөйлемей жүйесін табатын. «Е, Қалменов, дені сау болса бұдан да аман-есен шығып кетеді» дегенін талай есітіп, саспай сабыр сақтағанын көрдім».
Адамға терең түсіністікпен және әділеттілікпен қарау Құлахмет Қалменовтің адамдармен қатынасындағы өмірлік кредосы болатын. Адам жөнінде жаман ойлай алмады. Әрбір кісінің жаза басқан қадамына кешіріммен қарады. Ол кісі бақытына қуана білді, қайғысына ортақтаса алды. Осыдан Құлекең әсте кем болған емес, қайта мәртебесі артып, адамгершілік қасиеті айқындала түсті.
Құлекең жиырма жылдан астам басшылықта жүріп, қаншалықты кадр, тіпті генералдар дайындаған басшы болды. Солардың естеліктеріндегі жүрек жарды сөздерін тебіренбей оқу мүмкін емес. Өзінің сүйікті шәкірттерінің бірі, милиция генерал-майоры Талап Қабденов: «Құлекеңде адамдарды ұлтқа, өзіміздің жігіттерді руға, жүзге бөлу деген қасиет жоқ. Жұмысына адал, іскер, жүрегі де қолы да таза, азаматтарды қадір тұтып, оларды қызғыштай қорғап, сақтауға тырысатын. Достыққа берік, қадіріне жеткен адамдарды еш уақытта естен шығармай, сыйлайтын» деп жазған еді.
Құлекең педагог, заңгер, дәрігер сияқты үш мамандықты қалап алған адамдарды ерекше екшеп, сол мамандықтарға оның ақылы, ой-өрісі, мінезі, қабілеті тура келе ме, жоқ па сонысына көз жеткізіп барып оқытса дұрыс, мемлекетке пайдалы болар еді деп ойлады. Осының ішінде, әрине, заңгерге бүйрегі бұрып тұратын. Қанша дегенмен өзінің өмірлік мамандығы ғой. Алайда заңгерге ерекше талап та қойып отыратын. Өйткені заң – біздің өмір сүруіміздің құқықтық негізі, қоғамымыздың құқықтық қаңқасы, адамдардың бір-бірімен қарым-қытынастарының нормасы мен ережесі. Және заңды сыйлау, оны түсіну – бүгінгі тәуелсіз еліміздің демократиялық ұстанымының да негізгі шарттарының бірі.
Республиканың ішкі істер жүйесінің белгілі тұлғасы болған, жоғары моральдық қасиеттерге Құлахмет Қалменов қажырлы еңбегімен және терең кәсіби шеберлігімен үш рет мерзімінен бұрын майор, подполковник, полковник атақтары берілді. 1970 жылы КСРО Министрлер Кеңесінің шешімімен милиция генерал-майор атағына ие болды. Отан алдындағы ұзақ та қалтқысыз қызмет үшін «Қызыл жұлдыз», «Партийная доблесть», әскери еңбектері үшін медальдермен марапатталды. ҚазССР Жоғары Кеңесі Президумының, КСРО және ҚазССР ІІМ құрметті грамоталарына ие болды.
Қызметтік қырық үш жылдан астам, оның жиырма жылында бірінші басшылықта талай соқпақты жолдан өткен, өмірлік мол тәжірибе жинаған, оқу-білуді ғұмырлық серік еткен Құлекең қажырлы қызметімен қатар қаламгерлік қасиетімен де ұлан-асыр іс тындырды. «Деятельность следователя и органа дознания в связи с приостановлением уголовного дела» атты монография, «Өмір белестері» (1998 ж.), «Воспоминания генерала милиции» (2001 ж.), сондай-ақ «3амана тынысы» (2004 ж.) «Құныққан қасқырлар» (2006 ж.), «Тәртіптің мәңгілік сақшылары туралы энциклопедиялық анықтама» (2006ж.) және «Бәукеңнің шарапаттары. Бауыржан Момышұлының қанатты сөздері туралы ой-толғау» (2012 ж.) тәрізді кітаптар жарық көрді. Арнайы жазу-сызуды кәсіп етпеген, оның үстіне ауыр науқастан ұзақ отыра алмайтынына қарамай, сол қолымен өз тарихындағы шындықтарды кейін талай ұрпаққа үлгі болар деп жазып кетті.
Дарабоздығын Құлекең сексен сегізінде де қайталады. Әттеген-ай соңғы рет болды! Қайтарынан бір айдай бұрын, 2014 жылдың 23 қаңтарында өзі, 1980 жылдан жеті жыл басқарған мектеп-училищесінің курсанттарының алдында үш жарым сағатқа созылған, тыңдармандарын еліте әңгіме-дүкен құрыпты. Осыдан 23 жыл бұрын жұмыс істеген, басшы болған кісінің мұншалықты уақыт сөз сөйлеуіне, мұндай сирек кездесетін, тіпті бола бермейтін құбылысқа қайран қаласың.
Осылай Құлекең жүздің жүзін көре алмай кетті. Ал 64 жыл бірге өмір сүріп, жарының бар саналы ғұмырының куәсі болған, тоқсанның сегізіндегі Күмісжан жеңгемді балалары мен келіндері, немерелері де алақандарына салып, барынша аялап отыр. Шынайы бақыт деген осы емес пе?!
Әбдіжәлел БӘКІР,
саяси ғылымдар докторы,
профессор
саяси ғылымдар докторы,
профессор







