Жол жөнделсе, қатынас жеңілдейді
Шиелі ауданында автомобиль жолдарының сапасын жақсарту, елді мекендер арасындағы қатынасты жеңілдету және тұрғындарға қолайлы инфрақұрылым қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Аудан әкімі А.Жандарбековтің тікелей бақылауымен жол құрылысы мен жөндеу жұмыстарының сапасына айрықша мән беріліп, маңызды нысандар кезең-кезеңімен жаңғыртылуда.Аудан үшін стратегиялық маңызы бар жобалардың бірі – «Шиелі – Тайқоңыр» автомобиль жолының 13 шақырымдық бөлігін күрделі жөндеу. «Kazatomprom» компаниясының демеушілігімен жүзеге асқан, құны 2,5 млрд теңгені құрайтын жоба толық аяқталып, тұрғындар игілігіне пайдалануға берілді. Бұл – елді мекендер арасындағы байланысты жақсартып қана қоймай, жол қозғалысының қауіпсіздігі мен қатынас сапасын арттырған маңызды жұмыс.
Жол инфрақұрылымын дамытуда демеушілік қаражаттың да үлесі зор. Қазіргі таңда «Самара – Шымкент – Еңбекші» автомобиль жолының 4,3 шақырымын күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Құны 1 млрд 200 млн теңгені құрайтын жоба «Гежуба Шиелі Цемент компаниясы» ЖШС-нің демеушілігі арқылы жүзеге асырылуда. Бас мердігер – «Орда Автодор» ЖШС. Сонымен қатар елді мекендердің ішкі жолдарын ретке келтіруге де басымдық берілуде. Алғабас елді мекеніндегі алты көшені күрделі жөндеуге жергілікті бюджеттен 790 млн теңге бөлініп, тиісті жұмыстар жүргізілді.
Шиелі кентіндегі жол-көлік инфрақұрылымын жаңғырту да кешенді сипат алып отыр. Кенттегі автомобиль жолдары мен көпқабатты тұрғын үйлердің кіреберіс жолдарын жөндеуге арналған, жалпы құны 5,3 млрд теңгелік жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Жоба 2026-2028 жылдары кезең-кезеңімен іске асырылмақ. Биыл 11 көшені жөндеуге қаржы қаралып, жұмыстар жүргізілуде.
Бұдан бөлек, Яссауи, Бәкіров және Есабыз көшелері мен Байтұрсынов көшесінен канал көпіріне дейінгі автомобиль жолдарын қайта жаңғырту жобасы жүзеге асырылуда. Жалпы ұзындығы 4 шақырым болатын нысанның құны 1,5 млрд теңге. Қазіргі уақытта оның 900 млн теңгесі қаралып, «УАД» ЖШС тарапынан құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Жол қауіпсіздігі мәселесі де назардан тыс қалмайды. Шиелі кентіндегі «Самара – Шымкент» тас жолы мен И.Әбдікәрімов көшесінің қиылысына бағдаршам орнатылып, аумағы абаттандырылды.
Жол – елді мекеннің айнасы ғана емес, әлеуметтік-экономикалық дамудың күретамыры. Сондықтан ауданда жол сапасын жақсартуға бағытталған жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын тауып, тұрғындардың қауіпсіз әрі жайлы қозғалысына мүмкіндік беретін заманауи инфрақұрылым қалыптастыруға негіз болмақ.
Г.Әбдіхани








