Оқитын елдің ойы терең
Ұлттың тағдырын кейде майдан даласындағы шайқас емес, кітапханадағы тыныштық шешеді. Бұл сөзді алғаш естігенде артық айтылған әсіре пікір секілді көрінуі мүмкін. Өйткені мемлекеттің қуатын біз көбіне зауыттарымен, жолдарымен, табиғи байлығымен, экономикасымен өлшейміз. Ал сөренің түкпірінде үнсіз тұрған кітаптың ел тағдырына қандай қатысы бар деп ойлаймыз. Бірақ өркениеттің ең ірі төңкерістері алдымен адамның санасында басталғанын ескерсек, мәселенің мәні өзгереді.Зауытты адам салады. Жолды да біз жобалаймыз. Заңды адам жазады, ғылымды да жасайды. Мемлекетті адам басқарады. Ал адамның ойлау қабілетін не қалыптастырады? Міне, мәселенің ең күрделі тұсы осында.
Кітап — ұлттың жады ғана емес, оның ойлау аппараты. Оқымайтын қоғам ақпараттың соңынан ереді. Ал оқитын ұлт ақпаратты саралайды. Демек бірі бүгінгі дабырамен өмір сүрсе, екіншісі ғасырлар тәжірибесіне сүйенеді. Сондықтан кітап оқу мәселесін «бос уақытта айналысатын пайдалы әдет» деген түсініктен арылатын кез жетті.
Кітап – ұлттың интеллектуалдық иммунитеті. Адамның денесін аурудан иммунитет қорғаса, қоғамды надандықтан, үстірт ойдан, жалған ақпараттан, тобырлық елігуден қорғайтын қуаттың бірі – терең білім мен қалыптасқан ойлау мәдениеті. Бүгін ақпарат бұрын-соңды болмаған жылдамдықпен тарайды. Телефонның бір экранында әлемнің мыңдаған жаңалығы, жүздеген пікірі, сан түрлі бейнесі тоғысады. Бірақ ақпараттың көбеюі адамның ойының тереңдегенін білдірмейді. Керісінше, үздіксіз ағылған қысқа хабарламалар адамның зейінін бөлшектеп, күрделі мәтінді соңына дейін оқуға деген шыдамын әлсіретіп барады.
Ал осы тұста кітаптың құдіретін сезінуге болады. Президент түйіткілдің тамырын дөп басып, адамды ақпарат ағынының ішінен суырып алып, ойдың тереңіне түсіретін «Кітап оқитын ұлт» жобасын ұсынды. Абай Құнанбайұлының «Қара сөздерін», Мұхтар Әуезовтің «Абай жолын», Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділерін», Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұясын», Виктор Франклдің «Адамның мән іздеуін», Антуан де Сент-Экзюперидің «Кішкентай ханзадасын» оқыған жан ойға батпай қоймайды, әрине.
Иә, жақсы кітап асықпай оқуды талап етеді. Ол сенен назар сұрайды. Сені тоқтатуға мәжбүрлейді. Кейде бір сөйлемді оқып бірнеше минут отырасың. Кейде бір кейіпкердің тағдырын ойлап, кітапты жауып қоясың. Өйткені шығармадағы оқиға аяқталғанымен, оның адам санасында басталған әңгімесі жалғаса береді.
Әлемнің озық елдерінің тарихына үңілсек, кітап пен білімнің ұлттық дамумен байланысы анық көрінеді. Жапонияның Мэйдзи дәуіріндегі жаңғыруын алайық. XIX ғасырдың екінші жартысында ел Батыстың ғылымы мен технологиясын жүйелі түрде игеруге ұмтылды. Мектептер ашылды, оқулықтар аударылды, білім беру мемлекетті жаңғыртудың негізгі құралдарының біріне айналды. Жапон қоғамы сырттан келген білімді жай көшірумен шектелмей, оны өз мәдениетімен ұштастыруға тырысты. Осылайша ұлттың жаңаруы ең алдымен оның білімге деген қатынасынан басталады.
Оңтүстік Кореяның соғыстан кейінгі тарихы да осыны көрсетеді. Бір кездері аса ауыр экономикалық жағдайда тұрған мемлекет білімге, мектепке, адами капиталға ұзақ мерзімді инвестиция жасады. Бүгінде Корея жоғары технология, ғылым, инженерия және инновация салаларындағы маңызды орталықтардың біріне айналды. Мұның бәрін тек кітап оқумен түсіндіру, әрине, дұрыс емес. Мұнда мемлекеттік саясат, өндіріс, технологиялық даму, еңбек мәдениеті және басқа да көптеген фактор бар. Бірақ сол жүйенің іргетасында білімге ерекше мән берген қоғам тұр.
Финляндияның тәжірибесі де жиі мысалға алынады. Оның білім беру жүйесінде оқушының жаттап алуынан гөрі түсінуіне, оқу сауаттылығына, сыни ойлауына басымдық берілген. Ұлы ойшыл әл-Фараби білім мен тәрбиені адамның кемелденуімен байланыстырды. Оның философиялық мұрасында білімнің түпкі мәні тек мәлімет жинаудан тұрмайды, адамды ізгілікке, парасатқа, бақытқа жетелейтін кемелдікпен сабақтасады. Бұл ойдың бүгінгі қоғам үшін салмағы ерекше. Нағыз білім адамның мінезіне әсер еткенде ғана құндылыққа айналады. Кітаптың адамға берер ең үлкен сыйы да осы. Ол тек «не білу керектігін» үйретпейді. «Қалай ойлау керек?» деген сұраққа жетелейді. Ал ойлау мәдениеті қалыптаспаған жерде білімнің өзі кейде құралға айналып кетеді. Сондықтан бізге көп оқыған ғана емес, ойлы ұрпақ қажет.
Г.Дүйсебай








