Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Әкенің өнегесі – ұрпаққа аманат

Әкенің өнегесі – ұрпаққа аманат

Отбасының беріктігі әр адамның жауапкершілігінен басталады. Ал шаңырақтағы әкенің орны бөлек. Әкенің еңбекке деген көзқарасы, отбасына қамқорлығы, үлкенге құрметі, елге деген сүйіспеншілігі – бала үшін сөзден гөрі әсері мол тәрбие. Сондықтан «Әкеге қарап ұл өсер» деген халық даналығының мәні ешқашан жойылмайды.Осы құндылықтарды дәріптеп, ерлердің жауапкершілігін арттыру мақсатында Шиелі аудандық Әкелер кеңесі наурыз айынан бері жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.
Бүгінде кеңес құрамында 11 белсенді мүше бар. Сонымен бірге аудандық білім бөліміне қарасты мектептерден 37 өкіл қоғамдық қозғалысқа тартылған. Бастаманы аудандық көпбейінді орталық ауруханасының, «Шиелі Сұңқар» кәсіпорнының және Шиелі индустриялық-аграрлық колледжінің өкілдері де қолдап отыр.
Жасы мен мамандығы әртүрлі азаматтарды бір мақсат біріктіреді. Ол – отбасының қадірін арттыру, бала тәрбиесіне белсенді араласу, қиындыққа тап болған жанұяларға қолдау көрсету және қоғамдағы әкенің беделін көтеру.
– Біз үшін Әкелер кеңесінің формалды ұйым болып қалмағаны маңызды. Әрбір мүше өзінің ісімен балаға еңбектің, жауапкершіліктің, үлкенді сыйлаудың, Отанды сүюдің мәнін көрсетуі керек. Біздің міндетіміз – отбасылардың жанынан тек мерекеде емес, қолдауға мұқтаж кез келген уақытта табылу, – дейді аудандық Әкелер кеңесінің төрағасы Дана Аман.
Кеңестің жұмысы тек әкелердің басын қосумен шектелмейді. Маңызды бағыттардың бірі – аудандық Аналар кеңесімен бірлескен жұмыс. Екі қоғамдық құрылымның өзара ынтымақтастығы отбасылық тәрбиеге қатысты мәселелерді бірлесіп шешуге, келеңсіз жағдайлардың алдын алуға және балаларға қолдау көрсетуге мүмкіндік береді.
Әсіресе әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға көрсетілетін көмекке ерекше мән беріліп отыр. Қиын өмірлік жағдайға тап болған жанұяларға, сондай-ақ бала тәрбиелеп отырған жалғызбасты әкелерге моральдық және материалдық қолдау көрсетілуде.
Әкелер күніне орай ұйымдастырылған интеллектуалдық шоу да көпшіліктің көңілінен шықты. Отбасылар бас қосқан шара өзара пікір алмасып, тәжірибе бөлісуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар аудандық Әкелер кеңесінің өкілдері облыстық деңгейдегі екі ірі шараға қатысып, әріптестерінің тәжірибесімен танысып, өздерінің жұмыс бағыттарымен бөлісті.
Әкелер кеңесінің төрағасы Дана Аманның өзі де отбасылық жауапкершіліктің үлгісін көрсетіп жүрген азамат. Жұбайы Асима Амановамен бірге екі ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірген. Жұбайы – Бидайкөл ауылының фармацевті әрі жеке кәсіпкері.
Үлкен ұлы Дарын «РУ-6» ЖШС-де еңбек етеді. Үлкен қызы Гүлмарал Қызылорда қаласындағы «Халық Банкі» филиалында қызмет атқарады. Кіші ұлы Жарқын Алматы қаласында «Волковгеология» АҚ-да менеджер болса, кіші қызы Акерке осы қалада кәсіпкерлікпен айналысып жүр. Бүгінде ерлі-зайыпты жеті немеренің ата-әжесі атанып отыр. Балаларының жетістігін олар ең алдымен отбасында қалыптасқан тәрбие мен құндылықтардың жемісі деп бағалайды. «Әке көрген оқ жонар» дейді халқымыз. Бұл сөздің астарында үлкен тәрбие жатыр. Бала әкесінің әр ісіне қарап бой түзейді. Еңбек еткен, уәдесінде тұрған, адамды құрметтеген, өз ісіне жауап бере білген әкенің қасиеті баланың бойына да дариды.
– Қазіргі әке отбасының асыраушысы ғана емес, баласына бағыт-бағдар беретін тәлімгер болуы керек. Балаға қымбат сыйлықтан бұрын әкесінің назары, әңгімесі, бірге өткізген уақыты мен қолдауы қажет. Осындай қарапайым дүниелерден берік отбасының негізі қаланады, – дейді Дана Аман.
Шиелі аудандық Әкелер кеңесінің жұмысы отбасы құндылықтарын нығайтудың ең тиімді жолы – нақты іс пен жеке өнеге екенін көрсетіп отыр. Мұқтаж отбасыларға қолдау көрсету, бала тәрбиесіне белсенді араласу, қоғамдық жұмыстарға атсалысу – жауапты әке бейнесін қалыптастыруға ықпал ететін маңызды қадамдар. Алдағы уақытта аталған кеңес өз қатарын кеңейтіп, түрлі жастағы және әртүрлі мамандықтағы ер азаматтарды қоғамдық жұмысқа тартуды көздеп отыр. Сонымен қатар отбасыларды қолдау, әлеуметтік және ағартушылық бағыттағы жобаларды жүзеге асыру жалғасын табады.
Берекелі отбасы – елдің берекесі. Ал жауапты әке – ұрпақ тәрбиесінің темірқазығы. Балаға айтылған ақылдан әкенің көрсеткен өнегесі әлдеқайда әсерлі. Сондықтан әкелік жауапкершілік – бүгінгі отбасының ғана емес, ертеңгі қоғамның да беріктігін айқындайтын басты құндылықтардың бірі.

М.Кеңесұлы
15 қыркүйек 2026 ж. 31 0

Қоғам

ЖЕР-АНАНЫҢ ЖАҢА СЫЙЫ

15 қыркүйек 2026 ж.

PDF нұсқалар мұрағаты

№70 (9437)

15 қыркүйек 2026 ж.

№69 (9436).

12 қыркүйек 2026 ж.

№68 (9435)

08 қыркүйек 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930