Қыздар Университетінде латын графикасын оқыту орталығы ашылды
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде Қазақ алфавитін латын графикасына көшіру жөніндегі орталық ашылды. Оның ашылуына Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова қатысты, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі оқу орнының баспасөз және қоғаммен байланыс бөліміне сілтеме жасап. Орталықта университеттің профессор-оқытушылары мен студенттері латын графикасы негізіндегі жаңа қазақ әліпбиі бойынша оқып, жазуды меңгереді. Сондай-ақ, мұғалімдердің біліктілігін арттыруға және жетілдіруге бағытталған қосымша кәсіби білім беру бағдарламалары жүргізілмек. Бірнеше бағыт бойынша жұмыс істейтін орталыққа білікті тіл мамандары жұмылдырылған. Олар жаңа әліпбидің орфографиясы мен орфоэпиясын қалыптастыру бағытында арнайы сабақтар мен курстар өткізеді. Жаңа әліпби бойынша оқу-әдістемелік кешен жасалып, алдағы уақытта арнайы оқу құралдары да жарық көрмек. Қазіргі күнде оның арнайы тұжырымдамасы бекітіліп, негізгі басым бағыттары түзілген. Орталықтың ашылу рәсімінде Қыздар Университетінің ғалымдары құрастырған латын графикасын үйретуге арналған арнайы бағдарлама көпшілікке таныстырылды. Жоба атауы - Латын графикасына өтуге байланысты интерактивті үйретуші бағдарламалар жасаудың лингвистикалық негіздері мен мультимедиялық технологиялары. Аталған жобаның бағдарламасында Android, iOS, Windows платформасындағы лингвистикалық сөздік, латын әрпіне автоматты түрде аударма жасайтын арнайы сайт пен дыбыс және бейне материалдарымен сүйемелденген сандық электронды оқулақтар бар. Сонымен қатар, латын графикасын үйрету үшін балаларға арналған ойын бағдарламалары мен мобильді қосымшалар енгізілген. Ғылыми жаңалық орталықта тәжірибеден өтеді. "Жаңа заманның жастары өзгермелі уақытта өмір сүруге қабілетті болып қана қоймай, оқиғалар мен үдерістердің ортасында, көш басында болуы тиіс. Бұл терең түйсіне білгенге бәсекелестікке апарар жолдың басы, ұлттық кодымызды көздің қарашығындай сақтаудың негізі. Қазіргі мемлекетімізге ұлтты ұйыстыра алатын, тың бағыттағы рухани ағым керек. Латын әріпін енгізудің басты өзегі де осында жатыр. Сондықтан да жаңа әліпби еліміз үшін қажетті, уақыт талабынан туындап отырған жаңа атрибут, аса маңызды фактор деп санаймыз", - деп атап өтті Қыздар Университетінің Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы Жандар Асан.
Kaz.tengrinews.