Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Балаға телефон емес, мүмкіндік берейік

Балаға телефон емес, мүмкіндік берейік

Бала мектептен келеді. Сөмкесін бір бұрышқа қояды да, қолына телефонын алады. Бір видео, тағы бір видео… Уақыттың қалай өтіп кеткенін өзі де байқамай қалады. Кешке ата-ана «сабағыңды оқыдың ба?» деп сұрайды. Бала үй тапсырмасын орындағанымен, күні бойы немен айналысқаны туралы сұрақ туындайды. Бұл – бүгінгі көп отбасыға таныс көрініс. Әрине телефонды баланың өмірінен мүлде алып тастау мүмкін емес. Технология – заман талабы. Десек те, технологияны тек тұтынушы емес, оны түсінетін әрі жасай алатын ұрпақ тәрбиелеу маңызды.
Осы тұста баланың бос уақытын пайдалы іске бағыттайтын үйірмелердің маңызы арта түседі. Ауданда балаларға арналған «Robo Kids» робототехника мектебінің ашылуы – осындай мүмкіндікке жол ашқан қуанышты жаңалық. Мұнда оқушылар робот құрастырумен қатар, бағдарламалау, логикалық ойлау, ұсақ моторика және шығармашылық қабілеттерін дамытуға мүмкіндік алады.
Бір қарағанда, робот құрастыру бала үшін жай ғана қызықты ойын секілді көрінуі мүмкін. Алайда оның ар жағында үлкен еңбек жатыр. Бала бөлшектерді біріктіреді, қателеседі, қайта құрастырады, мәселенің шешімін іздейді. Осы арқылы оның шыдамдылығы, ойлау қабілеті мен ізденісі қалыптасады.
Ең маңыздысы – бала дайын нәрсеге ғана қызығып қоймай, «Мұны өзім жасай аламын ба?» деген сұрақ қоя бастайды. Бүгінгі заманда мұндай дағдының құны жоғары.
Жасанды интеллект, роботтандыру, цифрлық технология күн сайын дамып жатқан кезеңде балалардың техникалық бағытқа ерте қызығуы – болашақ үшін үлкен мүмкіндік. Бәлкім, бүгін робот құрастырып отырған оқушы ертең инженер болар. Бәлкім, алғашқы бағдарламасын үйренген бала болашақта ІТ саласының білікті маманына айналар. Бірақ бұл жол бір күнде басталмайды. Ол баланың кішкентай қызығушылығынан басталады.
Сондықтан ата-анаға да үлкен жауапкершілік жүктеледі. Баланың қолына телефон ұстатып, «өзі тыныш отырсын» дегеннен гөрі, оның қызығушылығын байқап, өзіне ұнайтын үйірмеге бағыттау әлдеқайда пайдалы.
Бір бала спортқа бейім. Бірі өнерге жақын. Енді бірі техникаға қызығады. Тағы бірі кітап оқығанды ұнатады. Баланың бойындағы осы қабілетті дер кезінде байқап, дамыту – ата-ананың оған жасайтын ең үлкен қолдауының бірі. Өйткені балаға дайын жолды көрсетуден бұрын, өз жолын табуға мүмкіндік беру керек.
Өңірде робототехника мектебі секілді заманауи орталықтардың ашылуы – осы тұрғыдан алғанда маңызды бастама. Мұндай орындар көбейген сайын балалардың таңдау мүмкіндігі де артады. Ең бастысы, олардың бос уақыты пайдалы ортада өтіп, жаңа дүниені үйренуге деген ынтасы қалыптасады. Балаға телефон берсек – ол дайын ақпаратты қарайды. Ал мүмкіндік берсек – өзі ақпарат іздейді, ойланады, жасайды, үйренеді. Сол себептен бүгін әр ата-ана өзіне бір қарапайым сұрақ қойып көрсін: «Мен баламның бос уақытын қалай өткізіп жүргеніне қаншалықты мән беріп жүрмін?» Мүмкін, баланың болашағын өзгертетін алғашқы қадам дәл осы сұрақтан басталар...

Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ
25 тамыз 2026 ж. 26 0

Қоғам

АЛМА НЕГЕ ПАЙДАЛЫ?
25 тамыз 2026 ж. 31

ҚЫС ҚАМЫ – ЖАЗДАН

25 тамыз 2026 ж.

PDF нұсқалар мұрағаты

№64 (9431)

25 тамыз 2026 ж.

№63 (9430).

22 тамыз 2026 ж.

№62 (9429)

18 тамыз 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31