Адам көп, мүмкіндік аз: орталықтағы қарапайым мәселе
Кешкілік Шиелінің орталық алаңы әдеттегіден де ерекше құлпырып тұр. Сахнадан әуезді әуен естіліп, жұрттың көңілі көтеріңкі. Бірі достарымен, енді бірі отбасымен келген. Балалар ары-бері жүгіріп, ата-аналар мерекелік думанды тамашалап отыр. Алайда осындай сәтте көңіл күйді бұзатын қарапайым ғана қажеттілік туындайды. «Әжетхана қайда?» деген сұрақты баласының қолынан ұстап тұрған ата-ана қояды. Жан-жағына қарайды. Алаңның әр бұрышына көз жүгіртеді. Бірақ көзге бірден түсетін қоғамдық әжетхана жоқ. Бір адамнан сұрайды. Ол басқа жақты көрсетеді. Екінші біреуден сұраса, нақты жауабы болмайды. Сөйтіп, жаңа ғана концерт тамашалап, көңіл көтеріп жүрген отбасы әжетхана іздеп әбігерге түседі. Бір қарағанда, бұл болмашы мәселе сияқты. Бірақ халық көп жиналатын шара кезінде осындай жағдай ондаған адамның басынан өтетінін ескерсек, мәселенің мәні өзгеше.Ауданның орталық алаңы мен «Руханият» орталығының маңы – тұрғындар жиі баратын, түрлі мәдени-көпшілік іс-шара ұйымдастырылатын орындар. Мереке, концерт, жәрмеңке кезінде мұнда адам қарасы қалыңдайды. Демек, мұндай аумақта тұрғындарға қажетті ең қарапайым жағдайлардың бірі – қоғамдық санитарлық орынның болуы да алдын ала ескерілуі тиіс. Біз қоғамдық кеңістікті бағалағанда көбіне оның сыртқы көрінісіне мән береміз. Әдемі алаң, жарықтандырылған көшелер, көрікті сахна, абаттандырылған аумақ – әрине, елді мекеннің ажарын арттырады. Бірақ жайлы орта тек көріктендірумен шектелмейді. Адамның күнделікті қажеттілігі де назарда болуы керек. Әсіресе балалы отбасылар үшін бұл маңызды. Балаға қажеттілігін ұзақ уақыт ұстап тұруды талап ете алмайсыз. Қарт адамдардың бірнеше көшені аралап, санитарлық орын іздеуі де оңай емес. Жүкті әйелдер мен денсаулығына байланысты шұғыл қажеттілігі бар азаматтар үшін мұндай жағдайдың қаншалықты қолайсыз екені айтпаса да түсінікті. Сондықтан қоғамдық әжетхана сұрау – артық талап емес. Бұл халық көп жиналатын жер үшін қалыпты инфрақұрылымның бір бөлігі.
Тас жолда бар, орталықта неге жоқ?
Бір қызығы, тас жол бойында жолаушыларға арналған санитарлық орындар қарастырылған. Ұзақ сапарға шыққан адамның қажеттілігі ескерілген. Жол бойындағы жолаушының жағдайын ойлау қалыпты нәрсе саналады. Ендеше аудан орталығында, тұрғындар күн сайын жүретін және мерекелік шаралар кезінде мыңдаған адам жиналатын жерде дәл осындай қарапайым қажеттіліктің неге кейінге шегеріліп келе жатқаны түсініксіз. Тас жолдағы адамның қажеті ескерілсе, елді мекен орталығындағы тұрғынның қажеті неге ескерілмейді?
Бір қызығы, тас жол бойында жолаушыларға арналған санитарлық орындар қарастырылған. Ұзақ сапарға шыққан адамның қажеттілігі ескерілген. Жол бойындағы жолаушының жағдайын ойлау қалыпты нәрсе саналады. Ендеше аудан орталығында, тұрғындар күн сайын жүретін және мерекелік шаралар кезінде мыңдаған адам жиналатын жерде дәл осындай қарапайым қажеттіліктің неге кейінге шегеріліп келе жатқаны түсініксіз. Тас жолдағы адамның қажеті ескерілсе, елді мекен орталығындағы тұрғынның қажеті неге ескерілмейді?
Бұл сұрақ әсіресе «Руханият» орталығының маңына қатысты ойландырады. Руханият пен мәдениет туралы сөз айтылатын, халық бас қосатын жерде тұрғындарға қолайлы жағдай жасау да сол мәдениеттің бір көрінісі емес пе? Руханият тек мінберден айтылатын сөзбен өлшенбейді. Ол адамның күнделікті өміріне деген құрметтен де көрінеді.
Мәселенің шешімі бар
Қоғамдық әжетхана мәселесін көтеру – біреуді кінәлау немесе орынсыз сын айту емес, ел арасында туындап отырған түйткілге назар аударту. Мәселені шешудің бірнеше жолы бар. Аудан орталығында халық көп жиналатын орындарға зерделеу жүргізіп, санитарлық нысандар қажет аумақтарды анықтауға болады. Орталық алаң, Руханият орталығының маңы, саябақтар, жәрмеңке өтетін орындар және бұқаралық іс-шаралар ұйымдастырылатын аумақтар осы тізімге енуі қажет.
Қоғамдық әжетхана мәселесін көтеру – біреуді кінәлау немесе орынсыз сын айту емес, ел арасында туындап отырған түйткілге назар аударту. Мәселені шешудің бірнеше жолы бар. Аудан орталығында халық көп жиналатын орындарға зерделеу жүргізіп, санитарлық нысандар қажет аумақтарды анықтауға болады. Орталық алаң, Руханият орталығының маңы, саябақтар, жәрмеңке өтетін орындар және бұқаралық іс-шаралар ұйымдастырылатын аумақтар осы тізімге енуі қажет.
Тұрақты ғимарат салу мүмкіндігі болмаған жағдайда заманауи модульдік санитарлық нысандарды орнату қарастырылуы мүмкін. Ал ірі мерекелер мен концерттер кезінде уақытша санитарлық кабинеттерді орналастыруға болады. Яғни мәселенің шешімі жоқ емес. Ең бастысы – оны қажеттілік ретінде мойындап, нақты қадам жасау. Өйткені халыққа жағдай жасау міндетті түрде үлкен құрылыс пен қомақты қаржыдан басталмайды. Кейде тұрғынның тұрмысын жеңілдететін шағын ғана шешімнің өзі маңызды нәтижеге жеткізеді.
Жайлылық қарапайым нәрседен басталады
Біз Шиелінің көркейгенін, орталығының ажарлы, таза әрі жайлы болғанын қалаймыз. Бұл үшін тек ғимараттар мен көшелерді көріктендіру жеткіліксіз. Адам өзін сол жерде қаншалықты еркін әрі жайлы сезінетіні де маңызды. Орталық алаңға келген тұрғын концертті алаңсыз тамашалап, отбасымен еркін серуендеп, баласын қауіпсіз ертіп қайтуы керек. Табиғи қажеттілік туындаған кезде «қайда барамын?» деп абдырап қалмауы тиіс.
Елді мекеннің мәдениеті кейде оның ең үлкен ғимараттарынан емес, осындай қарапайым жағдайлардан байқалады. Қажеттілік туындағанда тұрғын қайда барарын біле ме? Баласын жетектеген ата-ана немесе жасы үлкен адам әуре-сарсаңға түспей-ақ санитарлық орын таба ала ма? Осындай қарапайым сұрақтардың өзі қоғамдық кеңістіктің қаншалықты қолайлы екенін көрсетеді.
Шиеліде халық бар. Қоғамдық өмірге белсенді араласатын тұрғындар, мәдени шараларға келетін отбасылар, орталық алаңда бас қосатын жұрт бар. Халықты бір жерге жинауға мүмкіндік жасалған екен, енді сол адамдардың негізгі қажеттіліктерін де қатар ойластырған жөн.
Халықты жинау – жұмыстың бір бөлігі. Оларға қолайлы жағдай жасау – сол жұмыстың жалғасы. Сол себепті қоғамдық әжетхана мәселесін кейінге ысыра бермей, халық көп жиналатын орындардың санитарлық жағдайын зерделеп, нақты шешім қабылдайтын уақыт жетті. Өйткені өркениет әрдайым үлкен жобалармен өлшенбейді. Кейде ол адамның күнделікті өмірін жеңілдететін қарапайым шешімдерден көрінеді.
Құрметті оқырман, сіз қалай ойлайсыз: Шиелінің орталығында халық көп жиналатын орындарға қоғамдық әжетхана орнату уақыт күттірмейтін мәселе емес пе? Шиеліні жайлы, мәдениетті әрі адамға қолайлы мекен еткіміз келсе, тұрғындардың осындай қарапайым қажеттілігін де назардан тыс қалдырмағанымыз жөн.
Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ








