Баланы мектепке дайындау қанша тұрады?
Базарға кірсеңіз, мектепке керек-жарақ іздеген ата-ананың қарасы қалың. Бірі дәптер-кітаптың бағасын сұрап әлек, енді бірі баласына сапалы сөмке таңдауға тырысады. Саудагерлердің сөзіне сенсек, бағаның өсуіне тек сұраныс қана емес, сыртқы факторлар да әсер етіп отыр. Зерделей келе, бір оқушыны мектепке дайындауға кемінде 70 мың теңгеге жуық қаражат қажет екенін байқадық.Мектепке қажетті ең маңызды бұйым – мектеп формасы. Кенттегі сауда орындарында оның бағасы орта есеппен 15 мың теңге шамасында. Баға матасының сапасына, тігісіне және өлшеміне қарай өзгеруі мүмкін. Кейбір ата-аналар қосымша жейде немесе шалбар алатындықтан, бұл шығын бұдан да артады. Одан кейінгі міндетті сатып алынатын зат – аяқ киім. Бүгінде мектепке лайықты аяқ киімнің орташа бағасы 13 мың теңгеден басталады. Сапалы әрі ұзақ уақытқа жарайтын аяқ киім таңдауға тырысатын ата-аналар үшін бұл шығын едәуір маңызды. Дене шынықтыру сабағына арналған спорттық киім де міндетті тізімге кіреді. Оның бағасы 5 мыңнан 15 мың теңгеге дейін барады.
Бағаның айырмашылығы киімнің материалы мен сапасына байланысты. Кейбір ата-аналар спорттық аяқ киімді де бірге сатып алатындықтан, жалпы шығын тағы да көбейеді.
Ең көп қаржы жұмсалатын бағыттың бірі – кеңсе тауарлары. Сауда нүктелерін аралап жүріп бағалардың тұрақсыздығын байқадық. Мәселен, бір нүктеде дәптер 15 теңгеден сатылса, басқа жерде одан қымбат. Қалам – 30-120 теңге аралығында, қарындаш – 50-100 теңге, ал түрлі-түсті қарындаш 700-1200 теңге тұрады. Күнделік 500 теңгеден басталса, сызғыш 100-300 теңгеге дейін жетеді. Мектеп сөмкесінің бағасы да әртүрлі. Қарапайым әрі сапалы сөмкелерді 4 мыңға да 8 мың теңге де сатып алуға болады. Дегенмен ортопедиялық арқалығы бар немесе танымал брендтердің сөмкелері бұдан әлдеқайда қымбат. Яғни оқушыға ең қажетті деген қарапайым құрал-жабдықтардың құнын есептегенде де бағаның айырмашылығы анық байқалады.
Осылайша, мектеп формасы, аяқ киім, спорттық киім, мектеп сөмкесі және кеңсе тауарларының өзін ғана есептегенде, бір оқушыны мектепке дайындау құны 65-80 мың теңге аралығын құрайды. Ал бұған қосымша ақ жейде, шұлық, галстук, белдік, спорттық аяқ киім немесе сырт киім секілді қажетті заттарды қосқанда жалпы шығын одан да асып кетуі мүмкін.
Саудагерлердің айтуынша, мектепке қажетті тауарларға сұраныс әсіресе тамыз айының ортасынан бастап күрт артады. Сондықтан ата-аналар соңғы күндерді күтпей, керек-жарақты алдын ала сатып алуға тырысады. Бұл бір жағынан уақытты үнемдесе, екінші жағынан қажетті өлшем мен тауарды таңдауға мүмкіндік береді.
– Жалпы кеңсе тауарларының бағасы былтырмен салыстырғанда биыл кәдімгідей өсті. Себебі доллар қымбаттады. Бір жыл ішінде біраз айырмашылық байқалады. Өткен жылы бірінші сыныпқа қажетті оқу құралдарына 6-7 мың теңге кетсе, биыл 10 мыңға жуықтап отыр. Қолдан келгенше ата-аналарға жеңілдік жасап, көмектесеміз. Бірақ бізге де тауар қымбат келеді, әрі нарықтағы бағаны ұстауымыз керек. Ата-аналарға, әсіресе көпбалалы отбасыларға оңай емес, – дейді сатушы.
Ата-аналардың арасында қолындағы түбіртектерді қайта-қайта қарап, шығынды санаумен жүргендер аз емес. Кент тұрғыны Динара Мәдиева биылғы дайындықтың қалтасына қалай әсер еткенін жасырмады.
– Бүгін бір баламды 80 мың теңгеге киіндірдім. Оның өзінде үнемдеп жүріп жинақтадым. Жалпы есептегенде бір балаға 120 мың теңгедей кетеді екен. Ал көпбалалы ата-аналарға тіпті қиын, шығындары 400-500 мыңға жетіп қалады. Мен өзімнің үш баламның екеуін мектепке алып барамын. Жыл сайын әр балаға 150 мыңдай ақша бөлемін. Бұл тек киім мен құрал-жабдық, оған қыстық, күздік сырт киім кірмейді, – дейді ол.
Кейбір ата-аналар бағаны екінші орынға ысырып қойып, олар ең алдымен баланың денсаулығы мен қауіпсіздігіне мән береді. Әсіресе сөмке таңдауда салмағы, ыңғайлылығы, жарық шағылыстыратын жолақтарының болуы басты назарда.
– Биыл қызым 1 сыныпқа, үлкен ұлым 3 сыныпқа барады. Мектеп формасы мен аяқ-киімге 100 мың теңгедей кетті. Канцелярияға тағы 30 мың шығындалдық. Жалпы есепте бір балаға 130-150 мың теңге жұмсалады. Мысалы, аяқ киімді 22-25 мыңнан алдық, жейде – 7-10 мың, шалбар – 13 мың, сыртқы жилетка – 8 мың. Сөмкені 10 мың теңгеге алдық. Таңдағанда ортопедиялық болуына, жарық шағылыстыратын жолақтарының бар-жоғына, жеңілдігіне қатты мән бердім, – дейді Баян есімді ана.
Көпбалалы отбасылар үшін бір-біріне қосылған шығын көлемі кейде жарты жылдық табысқа пара-пар болып кетеді. Тағы бір ана баланың киімін де, құралын да түгелдеп шығу үшін біраз қаражат қажет екендігін жасырмады.
– Биыл төрт баламызды мектепке дайындауға 300 мың теңгедей жұмсадық. Оның 40 мың теңгесі кеңсе тауарларына, қалғаны киім-кешекке кетті. Әр баланы жеке есептеген жоқпыз. Шамалап алдық. Бәрі қымбаттап кетті ғой, – дейді.
Жаңа оқу жылына дайындықтың тағы бір ерекшелігі – сатып алу мәдениетінің өзгеруі. Бұрынғыдай базар аралап, сауда қатарын шарлау міндетті емес. Қазір көпшілік онлайн тапсырысқа бейімделе бастаған. Ата-аналардың пікірінше, бұл бір жағынан артық шығыннан сақтайтын тәсіл, екінші жағынан уақытты үнемдейді.
– Қызымды мектепке дайындау үшін киіміне шамамен 130 мың теңге шықты. Аяқ киімдерді есептемегенде. Ал мектеп құралдарына 60 мың теңгедей кетті. Сонда бір балаға 200 мың теңгеге жуықтап тұр. Әрине, үнемдеуге де болады. Бірақ ол отбасының жағдайына байланысты. Мен өзім соңғы жылдары онлайн сатып алуды жөн көремін. Өйткені базарға барсаң, көз тоймай, артық зат алып қоясың. Ал онлайнда нақты керегін ғана таңдап аласың, – дейді аудан тұрғыны Қалияш Дәрменова.
Жоғарыдағы ата-аналар мен саудагер пікірлерінен аңғарғанымыздай, жаңа оқу жылына дайындық қалтаға қомақты салмақ түсіріп отыр. Қарапайым кеңсе тауарларының өзі былтырғыдан қымбаттап, ең арзан жиынтықтың құны 10 мың теңгеге жуықтап қалған. Ал мектеп формасы мен аяқ-киімін қосқанда шығын көлемі еселенеді. Ата-аналардың айтуынша, бір баланы толық киім-кешекпен, оқу құралдарымен қамтамасыз етуге орта есеппен 100-200 мың теңге жұмсалады.
Айта кетейік, жыл сайын 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында Жалпыға міндетті білім беру қоры аясында мектеп оқушыларын жаңа оқу жылына дайындауға арналған материалдық көмек беріледі. Бұл қаражат мектеп формасын, аяқ киім мен оқу құралдарын сатып алуға жұмсалады.
Биыл бір балаға берілетін көмектің мөлшері 50 мың теңгеден асады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 10 пайызға көп. Материалдық көмек жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, аз қамтылған отбасылардан шыққан оқушыларға, атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балаларына, сондай-ақ өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларға көрсетіледі.
Мемлекеттен берілетін бұл көмек тапқаны күнделікті тамағынан артылмайтын көп отбасының қаржылық жүктемесін едәуір жеңілдетіп, балалардың жаңа оқу жылына толық дайындалуына үлкен демеу береді.
Гүлхан ЯХИЯ








