Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » БАЛАҢЫЗ МЕКТЕПКЕ ДАЙЫН БА?

БАЛАҢЫЗ МЕКТЕПКЕ ДАЙЫН БА?

Дәл қазір мектепке дайындық науқаны қызу жүріп жатыр. Базарға барсаң, бала жетектеген ата-ананың қарасы қалың. Сол базардағы бағаларды біз де бақылап көргенбіз. Жалпы бір баланы мектепке дайындау қанша тұрады? Осы сұрақтың жауабын ізделік…
Сауда сөрелерінде мектеп формаларының түр-түрі тізіліп тұр. Ер балаларға арналған костюм-шалбарлардың да, ақ жейде мен белдемшенің де небір көкқасқасы бар. Талғамыңызға қарай таңдап ала бересіз. Мәселен, костюм-шалбарлардың бағасы 15000 теңгеден басталады. Ал қыздарға ақ кофтаны 3500-4000 теңгеден 9000 теңгеге дейін ала аласыз. Белдемше де солай, 4000 теңгеден басталып, сапасына қарай жоғарылай береді. Спорттық киімнің де бағасы шарықтап тұр. Екінші сынып оқитын ұл балаға 12 мың теңгеге алуға болады. Бірақ сапасы онша емес. Ал спорттық аяқ киімнің ең арзаны 6500-7000 теңгеден. Сатып алушылар да қалталарына қарай көсіліп жатқанға ұқсайды.
Біз де баласына киім іздеген анаға ұқсап, сатушылармен саудаласа бастадық. Осы кезде «тенниска» аталатын биылғының сәніндегі белдемшені ұстаған қызы анасына қиғылықты салып тұр. Анасының қасында өзінен үлкен екі әпкесі де бар екен. Үш қызына киім іздеген ананың шаршағаны байқалады.
– Қойшы, қызым, сенің былтырғың жақсы ғой. Болмаса Ақнұрдікін киесің.
– Мама, жаңасын алғым келеді.
– Саған кейін аламыз, бүгін Ақнұрға алып берейік.
Анасы кіші қызын көндіре алмай әлек. Осы кезде оны әңгімеге тарттық.
– Мектеп жасындағы 3 қызым бар. Әзірге оларға шамамен 150 мыңдай кетті. Әлі алынбаған заттар бар. Баға былтырғыға қарағанда қымбаттаған. Жыл сайын бағаның шарықтай түсетін әдеті емес пе?! Асылым да тәтесінің белдемшесін кигісі келмей тұр. Бұларға жылда жаңасы керек. Амал жоқ, ренжітпей алып беремін, – дейді анасы.
– Сунақ ата ауылынан келдік. Бізге Жаңақорғаннан гөрі Шиеліні базарлаған ыңғайлырақ. Мектепке баратын екі баламды киіндірмекпін. 1 қыркүйек жақындап қалды. Екі баланы киіндіру 180 мың теңгеге шығады. Оқу құралдарын бөлек сатып аламын. Мысалы, мына костюм-шалбарларды екі ұлыма 55 мың теңгеге алып жатырмын, — дейді Айнұр есімді ана.
Биылдан бастап мектеп оқушыларына жаппай бірыңғай формадағы киім кигізу ережесі енгізілді. Арнайы үлгісі бекітіліп, әлеуметтік желілер арқылы ата-аналарға таратылды. Басты талап – ақ жейде мен көк түсті костюм-шалбар не белдемше болу керек. Десе де министрлік оқушыларға өткен жылғы киімін не алдындағы аға-апаларынан қалған формаларды киюге де рұқсат берді.
Жалпы ата-аналар мектеп оқушыларының бірдей киім киіп жүргендерін қалайды.
– Әрине, мектеп жасындағы балалар болғандықтан, сабаққа барғанда бірыңғай киінгендері дұрыс. Бұл барлық балаларды бірдей етіп көрсетеді. Олардың арасындағы тұрмыстарына байланысты айырмашылықтар білінбейтін болады. Бір кездері мектепте еркін киіну үрдісі пайда болғаны белгілі. Сол кезде мұғалім мен оқушыны ажырата алмай қалған едік. Қазіргіміз дұрыс. Сырт адамдар да киімдеріне қарап, балалардың мектепте оқитын оқушы екендіктерін аңғара қояды, — дейді кент тұрғыны Қаракөз есімді көпбалалы ана.
Мектеп киімдерін базардан сатып немесе тігін цехтарында тапсырыс беріп тіктіруге болады. Бірақ бағалары әртүрлі. Әркім балаларын шамасына қарай киіндіретіні анық.

Кітап, қалам, карандаш…
Базар сөрелерінде көздің жауын алатын кітап, қаламдар толып тұр. Қытайдікі керек пе, қырғыздікі керек пе, ресейдікі, шамаңа қарап ала бересің. Әрине, жұрттың көпшілігі сапасына мән беретіні анық. Сапалы заттың бағасы да пұлдылау келеді. Қаламдардың бағасы 50 теңгеден басталады. 12 парақтық жай дәптер – 23 теңге мен 45 теңгенің арасында. Кітап қаптардың да бағасы арзан емес, 150 теңгеден сатылуда. Сондықтан ата-аналар әлем желіден көрген «лайфхакты» пайдалануға кіріскен. Ол үшін кәдімгі клеенка керек. Аналар он кітап қаптың құнына, яғни 1500 теңгеге сатып алған 3 метр клеенка 40 кітапты қаптауға жететінін айтады. Осылайша әжептеуір ақша үнемдеуге болады дейді олар.
Оқу құралдарын базардан басқа да арнайы дүкендерден сатып алуға болса болғаны. Сау­да орындарында тауардың сан алуан түрі бар. Бағалары да шығарылған фирмаларына байланысты әртүрлі. Мұқабасы әдемі кітаптар, есептегіш, сызба құралдары, не керектің бәрі бар. Тек ақшаң болсын. Ата-аналар да оқу-құралдарын шамаларына қарап таңдап алып жатыр.
– Мен оқу-құралдарын базардан гөрі, дүкеннен алғанды жөн санаймын. Өйткені дүкендегі тауарлардың сапасы жақсы әрі онда таңдау мүмкіндігі жоғары. Менің ұлым биыл үшінші сыныпқа барады. Қажеттінің бәрін сатып алып жатырмын. Ал үлкен қызым 5-сыныпта оқиды. Екеуіне тек концелярлық құралдар дайындау үшін ғана 40 мың теңгедей қаржы кетеді. Ал қалғанын өз кезегінде көре жатармын, — дейді Әсел есімді кент тұрғыны.

2 мыңнан аса балаға көмек
Жаңа оқу жылында аудан бойынша 40 мектеп 18715 мың баланы қабылдауға әзір. Биыл алғаш рет мектеп табалдырығын аттайтын балалар саны 1830-ды құрап отыр.
Жылдағы үрдіс бойынша оқушыларға «мектепке жол» акциясы аясында қолдау көрсетілуде. Осыған орай бүгінге дейін демеушілер тарапынан 284 оқушыға 2 млн 556 мың теңгеге оқу жылына қажетті заттар алып берілді. Сондай-ақ мектеп формасын алу үшін мемлекет тарапынан 4092 балаға 37 мың теңге көлемінде қаржы берілмек. Бұл мақсатта бюджеттен 153 млн теңге қаралып отыр.

Гүлхан ЯХИЯ

22 тамыз 2022 ж. 434 0