Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаздың соңы. Жаңа оқу жылы. Жауапты ата-ана

Жаздың соңы. Жаңа оқу жылы. Жауапты ата-ана


Жаздың соңы. Жаңа оқу жылы. Жауапты ата-ана. Иә, Сынаптай сырғыған уақыт балалардың жазғы демалысын да бітіруге жақындатты. Демалыс уақыттарының тәмамдалғалы тұрғандығын балалар ата-ананың қарбалас маусымынан ұғатындай. Өйткені, тамыз айының ортасынан ойысқанда жаңа оқу жылына дайындыққа құмбыл кірісетін кезіміз. Өзара әңгіменің ішінде сабаққа қажетті киім-кешек пен құрал-жабдықтардың бағаларын салыстырып, қалтаны қақпайтындай жағын қарастырамыз. Алайда, осы маусымды пайдасына асырып қалғысы келетіндер тауарларының бағасын үстемелеп жіберетіні жасырын емес. Кейбір отбасында мектеп жасындағы бір емес бірнеше балалары барлар тіпті «ана жерде арзан екен, мына жерде таңдау бар екен» деп бағасы көңілге қонымды, сапасы сын көтеретін дүкендерден алғанды жөн санайды. Шиеліліктердің де біршамасы «Түркістан базары қайдасың?» деп «тартып» кетеді. «Жүретін жолыңмен, ішетін тамағыңмен сол баға шықпай ма?» дегендерге кей тұрғындар кәдімгідей айырмашылық барын алға тартады.
Сонымен, бізде бір баланы мектепке дайындау үшін қанша қаржы жұмсалады екен? Шамалап көрелік. Олай болса, Шиелінің базарын бағытқа алалық.
Сауда қатарлары әдеттегіден көп тауарға толы. Соңында бірді-екілі бала жетектеген жұрттың қарасы көп. «Не іздедіңіздер?», «Келіңіздер, бағасын келістіріп беремін» деп тауарын ұсынушы сатушылар да өз несібелерін қармап әлек. Қалың нөпірге бірден сүңгіп кетпей, жайлап сіңіп кетуді жөн санадық. Сөйтіп, қаламымызды сайлап, базардың басынан барлап, назарымызға түскенін қағазға іліп отырдық. Инфляциясы бар, басқасы бар жылдағы бағадағы өсімді «заңдылық» деп қабылдап, жұмысымыздың жөнімен жүре бердік. Заттардың қай елде шығарылғанына қарай, бағасы да әртүрлі көрсетіліп тұр. Киімнің бағасы өткен жылға қарағанда 500-1000 теңгеге қымбаттаған. Айтар болсақ, ұлдардың ақ жейдесі – 2500- 4000 теңге, костюм-шалбары – 7000-10000 теңге, туфли-3500-7000 теңге арасында саудалануда. Ал, спорттық киімдерін 10000-12000 теңгеге ала аласыз. Мұнан сәл арзандаулары да көзімізге түсті. Дегенмен, 2000-3000 теңгені қымбатсынып, арзанын алғанмен, сапасы сын көтермейтіндігі көзге көрініп-ақ тұр. Сөмкелерді 3500-4000 теңгеге кездестіруге болады. Қыздардың киімдері мен дүниелері ұлдарға қарағанда қымбатырақ болатыны сөзсіз. Қара белдемшелері мен блузкалары – 4000 теңге мен 8000 теңгенің арасындағы бағаны ұстап тұр. Туфлиі – 4500-6000 теңге болса, спорттық киімдері – 12000-15000 теңге екен. Бұл тек бастауыш пен орта буын оқушыларының киімдері ғана. Жоғарғы сыныптыкі бұдан екі есе бағада. Құрал-жабдықтарының бағасына тоқталсақ, дәптер – 12 теңге, түрлі-түсті қаламдар 350-600 теңгеден басталып, 800 теңгеге дейін барса, сурет салатын альбом 150-350 теңге. Қалың дәптерлерді 200-350 теңге аралығында алуға болады. Қалам салатын пенал 450-1800 теңгеге дейін жетеді. Бұдан бөлек бұл тізімнің қатарына өшіргіш, қайшы, ермексаз, фломастер, бояу, қалам ұштағыш, желім секілді заттарды да қосу қажет. Түгелдеген киімдер мен заттар тек бір маусымға ғана шақталғанын тағы қосып қойыңыз. Күн салқындағанда киетін жылы киімдерін алмасаңыз тағы болмайды. Ендеше, бір баланы киіндіріп, ең қажетті ғана заттарын алып беру үшін кемінде 75-80 мың теңгеге шығындалу қажеттігі туады. Бір отбасында бір емес, бірнеше баланың барын ескерсек, оларды жаңа оқу жылына дайындау орта жалақымен немесе бір ғана табыс көзіне қарап отырған жанұя үшін бұл едәуір салмақ болмақ.
– Мектепке керек-жарақтарын алдым балаларымның. Екі қызым мен ұлымның киімдері мен мектеп құралдарына аз ақша кетпеді. Қыздарымның белдемшелері мен ақ блузкаларына 18 мың теңге жұмсадым. Аяқ киімі мен сөмкесі және басқа да керекті заттары 33 мың теңге болды. Қазір барлығы қымбат. Тіпті, оқуға қажетті құралдардың бағасы да шарықтап кеткен. Ұлыма да керекті заттарын алдық. Осылардың өзіне 60 мыңның үстіндегі қаражат жұмсадым, – дейді шиелілік ата-аналардың бірі Гүлдана Баймұратова.
Қалай десек те, балаларымыз мектепке баруы керек. Ал, баланың үстіндегі киімі мен қажетті құралдарының түгел болуы – бала психологиясына әсер етеді. Сондықтан да, жаздың соңы жаңа оқу жылының басы жауапкершілік пен зор дайындықты қажет етеді. Ал, бұл жауапкершілікке сіздер қаншалықты дайынсыздар, құрметті ата-аналар?

Дина
ЖҮСІПОВА.
22 тамыз 2018 ж. 1 990 0