Құрылтай
Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Болат жол бойындағы береке

Болат жол бойындағы береке

Тамыздың алғашқы жексенбісінде аталып өтетін теміржолшылар күні – ел экономикасының күретамыры саналатын саланың мамандарына көрсетілетін құрметтің көрінісі. Теміржол – жолаушы мен жүктің қауіпсіз әрі үздіксіз қозғалысын қамтамасыз ететін стратегиялық маңызды жүйе. Бұл саланың әр қызметкері – пойыздардың уақытылы жүруі мен жолаушылардың қауіпсіздігіне жауапты маман.
Соңғы жылдары теміржол инфрақұрылымын жаңғырту бағытында ауқымды жұмыстар жүзеге асырылуда. Соның бір мысалы – теміржол вокзалының күрделі жөндеуден өтуі. Жалпы құны 836 миллион теңгеден асатын жоба аясында аумағы 637 шаршы метрді құрайтын вокзал ғимаратына кешенді жөндеу жұмыстары жүргізілді. Нысанның инженерлік жүйелері толық жаңартылып, күту залы мен қызметтік бөлмелері заман талабына сай қайта жабдықталды. Жолаушыларға қолайлы жағдай жасауға бағытталған барлық қажетті инфрақұрылым жаңартылып, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың еркін қатынауына да барлық жағдай қарастырылды.
Сонымен қатар вокзал маңы толық абаттандырылып, көгалдандыру, жарықтандыру және жаяу жүргіншілер аймақтарын ретке келтіру жұмыстары атқарылды. Нәтижесінде тұрғындар мен жолаушылар үшін жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптасты. Бүгінде жаңартылған вокзал ауданның сәулеттік келбетін айшықтайтын заманауи инфрақұрылым нысандарының біріне айналып, тәулігіне 200-ге дейін жолаушыға сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік беріп отыр.
Теміржол саласының абыройын асқақтатып жүрген жандардың бірі – Гүлнар Смайлова. Ол 1966 жылы дүниеге келген. Еңбек жолын 1988 жылы ПЧ-56 мекемесінде жол жұмысшысы болып бастап, бұл қызметте 18 жыл адал еңбек етті. Жолдың сапалы әрі қауіпсіз болуына жауапты ауыр еңбекті абыроймен атқарған Гүлнар Төлегенқызы кейін өткел кезекшісі қызметіне ауысып, бүгінгі күнге дейін осы салада жемісті еңбек етіп келеді.
Теміржолдағы жалпы еңбек өтілі 38 жылды құрайтын тәжірибелі маман өз ісіне жауапкершілікпен қарап, қызмет барысында қырағылығы мен ұқыптылығының арқасында әріптестерінің құрметіне бөленіп келеді. Өткел кезекшісі қызметі – жоғары жауапкершілікті талап ететін маңызды мамандық. Әр пойыздың қауіпсіз өтуі, автокөліктер мен жаяу жүргіншілердің амандығы осы қызметкердің мұқият жұмысына тікелей байланысты.
Гүлнар Төлегенқызының теміржол саласын таңдауы кездейсоқ емес. Бұл – олардың әулетіне тән мамандық. Әкесі де, ағасы мен апасы да өмірлерін теміржол қызметіне арнаған.
Теміржол – үздіксіз қозғалыс пен жауапкершіліктің саласы. Осы жолда күн-түн демей еңбек етіп жүрген барлық теміржолшының еңбегі – ел игілігіне қосылған өлшеусіз үлес. Теміржолшылар күні мерекесі қарсаңында барша сала қызметкеріне зор денсаулық, отбасыларына амандық, еңбектеріне толағай табыс пен береке тілейміз.

Г.СӘБИТҚЫЗЫ
03 тамыз 2026 ж. 21 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№57 (9424).

01 тамыз 2026 ж.

№56 (9423)

28 шілде 2026 ж.

№55 (9422).

25 шілде 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31