Алматыда ағаштар жаппай кесіліп жатыр: Әкімдік себебін түсіндірді
Алматыда қаланың жасыл қорын күтіп ұстау жұмыстары жалғасып жатыр. Жыл басынан бері «Алматы Тазалық» мекемесінің мамандары санитарлық мақсатта 32,3 мыңнан астам ағаш кесіп, жылдық жоспардың 46 пайызын орындады. Бұл туралы қалалық коммуналдық инфрақұрылымды дамыту және тұрғын үй инспекциясы басқармасының өкілдері хабарлады, деп жазады Egemen.kz.Алматы әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес, санитарлық мақсатта кесу жұмыстарының көлемі екі есеге артып, жалпы саны 140 мың ағашқа дейін жеткізіледі. Қазіргі уақытта санитарлық мақсатта кесу жұмыстары қаланың негізгі магистральдық көшелері мен көлік дәліздерінде қолға алынған. Оған 32 мамандандырылған бригада, 160 қызметкер және 34 арнайы техника, оның ішінде 18 автогидрокөтергіш жұмылдырылған.
Сонымен қатар жыл басынан бері қаланың барлық сегіз ауданында 8,7 мың ағашқа қалыптап кесу жұмысы жүргізілді. Бұл шаралар жасыл желектердің саулығын сақтауға, қаланың көркін жақсартуға және жол қозғалысының қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.
Айта кетейік, Алматы облысында ағаштарды санитарлық мақсатта кесу кезінде екі жұмысшы жарақат алды. Автокөтергіш құрылғысы кенеттен төмен құлаған кезде олар себеттің ішінде болған.








