Құрылтай
Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Сыр суымен сырласқан ғұмыр

Сыр суымен сырласқан ғұмыр

Осыдан тура бір жыл бұрын мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Шиелі су шарушылығы мекемесінің директоры Дихан Әубәкіровтің «Құрмет» орденімен марапатталғаны туралы әлеужеліде тараған жедел ақпарат Шиелі жұртшылығын елең еткізіп желпіндіріп-ақ тастаған расымен де күтпеген жаңалық еді. Еңбек адамының мәртебесін көтеріп, беделін асыратын жоғарғы марапаттың онсыз да атанға жүк салмағы батпан, атағы дардай. Ал тәуелсіздік жылдарындағы өңір тарихында Ақорда төрінен мемлекет басшысының өз қолынан орден алған бірінші азамат болса ше? Бұл марапаттың осы ерекшелігімен де бәсі басым, туған ауданның да абыройын асырған жағымды жаңалық болғаны анық еді.

Су – тіршілік көзі, өмірдің өзі
Өткен аптада Шиелі су шаруашылығы мекемесінің директоры орденді ініміз Дихан Әубәкіровпен су шаруашылығының кешегісі мен бүгінін қамтып, арғы-бергі тарихтан білгенімізше қотарып, өлісінің әруағын тербеп, тірісінің мерейін асырып, осы салада ұзақ жылдар басшылық қызметте болған облыста Болат Арыстанбаев, ауданда Пернебай Егенов, Әбділда Мақұлбековтердің түрлі ситуациялардан оңтайлы шешім тапқан іскерлік қабілеттері жайлы шүйіркелескен бір келелі әңгіме өрбіттік.
– Су тапшылығын шындап сезіне бастадық. Үнемге көштік, бақылау күшейді – дейді ауданымыздың бас мұрабы. Жөн-ақ! Тым еркінсіп, ойына келгеннің ойдым-ойдым жер аршып, есепке алса – «өгізі өліп», алмаса – «арбасы сынған» ұзын арқау, кең тұсаудың уақыты өткен. Су саласының есептік-бақылау жұмыстары цифрлық жүйеге енгізілген. Бейнелеп айтқанда, жергілікті әкімдік бекіткен шекті көлемнен тыс ауылдағы артық еккен алақандай жерді, Астанада отырып-ақ бақылайтын ғарыштық байланыс орнатылған. Осының бәрі мөлшерлі көлемдегі суды ысырапсыз пайдалануды қадағалаудың төте жолы. Ата жаптың қамысын орып, құлақ аршып, күзер салып (су деңгейін қажетті мөлшерде ретеу тәсілі) өскен қауыншының баласы болатын маған су мен жерге қатысты әңгімелер таңсық болып па? Заманауи жаңалық аса таңқалдыра қойған жоқ, солай болуға тиісті деп ұқтым. Су тапшылығы шындап сезіле бастаған соңғы жылдары, мемлекеттік стратегиялық маңыздағы мәселе ретінде қарастырылатын трансшекаралық су жолдары мен су жүйелерін реттеу – салалық министрлік қайта құрылғалы бері мықтап қолға алыныпты.
– Қаржыландырылуы оңтайландырылған, заманауи техникалар, ұшу құралдары дрондармен жабдықталған, су ресурстарын пайдалану мен үнемдеудің жаңа технологиялары енгізілген ең жоғарғы деңгейдегі реттеу мен бақылау функциялары жолға қойылған жұмыстар қарқынды жүруде, – дейді Дихан Уалиханұлы. Ел аумағында орын алған 4-5 жыл бұрынғы қарғын су мен тасқын судан болған жойқын апаттар да осы су ресурстарын реттеудің мемлекеттің назарынан тыс қалған салғырттықтан болғанын көзі қарақты әрбір адам айтпай түсінеді. Кеш те болса қолға алынған шұғыл шаралардың оң нәтиже беретініне дәлел-дәйектер келтіріп сеніммен айтты, мен де қуана құптап жатырмын онысын.

Кеше мен бүгін
Кеңес өкіметі орнағанға дейінгі арғы замандарда да, жер бедерін жазбай танитын қабілетімен дүйім жұртқа танылған айтулы қариялар болыпты. Шашырай орналасқан елді ұйыстырып, кең қолтықты дарияның оңтайлы тұсынан жырып саға тартқызып, боз даланы суландырып ағайын-туғанды егіншілік кәсіпке икемдеген олардың есімдері әлі күнге ел аузында сақталған. Әсіресе Сырдың жоғарғы - төменгі ағысы бойында Тәшкен мен Ақмешіт аралығына танымал, қыпшақтан шыққан екі кісінің орны бөлек. Біріншісі – Нұртаза мұрап, екіншісі – елдік мәселеде сөз ұстаған беделі зор Байсынның есім-сойы патшалық ресейдің Тәшкеннен шығатын «Туркестанский вестник» газетінде жиі кездеседі. Осы екеуін де, көнекөз қариялардан естуімізше, дариядан тартып тарам-тарам су жетектеген мұрап болған еді деседі. Арнайы дайындығы, оқу-тоқуы жоқ сол кісілер бас болып, жер ыңғайына қарай қолдап арық қаздырып, атыз көтертіп, халық шоғырланған жерлердің тоғайын өртеп, тыңнан жер аршып су шығарып, егін салдырғаны жайлы аңызға бергісіз әңгімелер көп. «Жарықтық, атына мініп желе шоқытып бір айналып жер шалып келіп көрсеткен нобайы бойынша кетпендеп қазған арыққа сағадан су салғанымызда, құдаясын тоба, жылыстаған су жылжи-жылжи, өрге де жайылытын еді...» дегенді естігенбіз. Немесе: «күзер салып буып көтерген суды теріс ағызып апарып көл табанды бір шайып толтырып алып қайта құлаған су ата жаптың арнасын шіреп ойға жөңкитін деген сарындағы көтерме әңгімелердің шет жағасын бала болсақ та құлағымыздың шалғаны бар. Дарияның сағалығынан есекке жүк артып ауылға бағыттайды-мыс дейтін әңгіме тіпті қызық... Онысын аңыз әңгімеге жатқызайық, ал қолына қалам емес кетпен ұстап жүріп-ақ ойша қорытқан есеппен арық қаздырғандары анық бірақ. Сөйтіп жүріп-ақ сол уақыттарда түрлі тәсілдермен елге 40 жыл азық болған суландыру жүйелерін жасағандары ерен тұлғалар дың ерлікпен пара-пар адал еңбегі. Сол кісілер бас болып қаздырып 1940 жылдарға дейін халықтың қадесіне жараған каналдар мен арық атыздардың көмілген ескі іздері егіс алқаптары инженерлік жүйемен жаппай кеңейтілген бергі жылдарға дейін сақталғанын өзіміз де көріп өстік. Қиын-қыстау замандарда тоқшылық тұрғысынан да жарты ғасыр халыққа өлшеусіз шарапаты тиген өнегесі мен жақсы аттары қалды тарихта. Атын атап әруағын тербеген солар салған ізбен жалғасқан бүгінгі ұрпақ тәубе етерлік тәуелсіздігімізге ұласқан осы заманға да жетті. Өндірісі мен кәсібі қатар дамыған Сырдың суын жағалай қоныстанған ел-жұрттың тыныс-тіршілігінің ажырамас бір бөлігі болатын жер емген ата кәсібінен ажыраған жоқ халық. 1940-1942 жылдары барша облыс жұртшылығы жұмыла жұмыс істеп, қолдап қазған атақты Шиелі каналы, кейін егіс алқаптарын кеңейту жұмыстары қарқынды жүрген 1970 жылдарға дейін 17 мың гектар шамасындағы егіс алқаптарын суландыруға жарапты. Осы жылдары жаңадан үлкен Шиелі каналы қазылып, мыңдаған гектар жер инженерлік жүйеге келтірілді. Жүздеген дренажды ұңғыма орнатылған егістік алқаптарының көлемі еселеп артты. Күріш өсіру мәдениеті жаңа технология, ғылымға негізделген әдістерімен ұштасқан мүлдем жаңа деңгейге көтерілген тұс болатын. Бүгінгі күні де аудан халқының баға жетпес байлығы болатын ауыспалы егіс көлемін қосқанда барлығы 36,8 мың гектар инженерлік жүйеге түскен жер көлемін суландыруға «Шиелісушар» мекемесі қызмет етеді. Мекеме есебіндегі жалпы 256,6 шақырым болатын 14 канал, 284,9 шақырымды құрайтын 6 қашыртқы, 38 су құрылыстары мен 6 бөлімше ұзын ырғасы 36 шаруашылықтарды құрайтын су пайдаланушы субъектілердің қажетін өтеп үздіксіз сумен қамтитын жүйелі жұмыстарға жұмылдырылған. Жауапкершілік жүгі де жеңіл болмайтын, үздіксіз бақылау мен қадағалауды қажет ететін осыншалықты ауқымдағы жұмыстарды игерудің сан түрлі қиындығы болатынына ауданның осы күнгі бас мұрабы, орденді басшы Дихан Уалиханұлымен әңгімелесу барысында әбден көзім жеткендей. Өткеннен бүгінге дейінгі ұрпақтар сабақтастығының тінін жалғап, мұраптық мұраттың үдесінен шығып жүрген азаматтың еңбегінің бағаланғаны егіншілік ата кәсібі болатын аудан халқы үшін де үлкен абырой болатыны сөзсіз.

Туған жер, өскен орта
Дихан Сұлутөбенің түлегі. 1962 жылы 1 май ауылында омарташылық кәсіптің қыр-сырына қанық Әубәкірдің Уалиханы дейтін сөзінің тиянағы бар ауылдың белді азаматының отбасында дүниеге келген, 4 ұл, 4 қыздың ұлдан үлкені. Кешегі жаһан соғысының солдаты, осы бал арасын баққан жұмысын зейнетке шыққанға дейін үздіксіз атқарып 1976 жылы орталыққа, Шиеліге қоныс аударғанда Дихан 7-сыныпты бітірген бозбала. Шиелінің маңдай алды №45 орта мектебін бітірген жылы, аудандағы ірі мекемелерде басшылық қызметтерде жүрген немере ағасы Оспанов Әуезхан «Інім, айналайын, қай замандарда да елдің қадесіне жарайтын мамандықтың бірі су шаруашылығы инженері болсаң далада қалмайсың» деп құжаттарын Жамбыл институтының филиалы болатын (ДГМСИ) Қызылордаға тапсыруға үгіттейді. Арыдан ойлаған ағаның ақылын тыңдағанмен, сол жылы сәті түспеген осы оқуды кейіннен, қызмет сатысымен өсу ретіне орай ақыры бітіріп шығады. Әскери борышын өтеген екі жылдан соң сәтімен, дәл осы «су шарушылықтарында су тоспалары құрылысын жүргізу» мамандығы бойынша Қызылорда политехникалық техникумын үздік бітіріп шығады. Қызыл диплом қалтада, алып-ұшқан көңілмен ауылға келіп Шиелідегі маңдайында жалауы бар барлық мекемелерді жағалайды. Мамандығың бойынша жұмыс жоқ деп шығарып салады жылы жымиған апайлар. Мұрынға көзілдірік қондырып, мойынға ­галстук байлаған ағалардан да қайран болмапты. Оның ішінде осы Шиелі су шаруашылығы басқармасы да бар. Меселі қайтып, еңсесі түсіп жүргенде жамағайын болып келетін ауданның дүрдей финанс бөлімін басқаратын Райымбек Нұртазаев ағасына кездейсоқ жолығыпты. Сабақты ине сәтімен деген осы. Баланың мүшкіл халін тез түсінген ол кісі қолынан жетектеген күйі көлігіне отырғызып, кеше ғана өзі үмітпен кіріп, үркіп шыққан мекеменің бастығы Пернебай Егеновтің кеңсесіне ертіп кіреді. Оңаша жолығып аз-кем сөйлескен кідірістен кейін қабылдау бөлмесінде үрпиіп отырған өзін шақыртады ғой.
– Ә, қара бала, кеудең қайқиып тағы келдің бе? Ауданның тексеру комиссиясындағы ағаң айтқасын амал қайсы? Суландыру (отдел обводнения) бөлімінде «Құдық қазушы» жұмысшы мамандықпен бір бос орын бар, істейсің бе?
– Ойбай істейді, сандалып босқа жүре ме? Жұмысшы болса несі бар, үйренсін, – дейді ағасы өзінен бұрын жік-жаппар болып. Не жұмыс екенін ұқпаса да, әйтеуір аяқ іліндірсем екен деген тәуекелмен бұл да басын шұлғыпты қысыла-қымтырыла келіскен сыңай танытып. Басқа амалы қайсы?
– Бірақ айтпады деме, жұмысы ауыр. Сүйегі қатпаған жас қой, шыдамас деп қайтарып едім кеше. Егер, осы жұмысқа төзіп тәртібің дұрыс болса, көп ұзатпай кеңсеге, инженерлік қызметке де алармын, түптің түбінде мүмкін менің орныма да келерсің бастық болып, келешек сендердікі... деген сүйемел сөзін еш ұмытпайды. Арада көп жылдар өткенде осы сәуегейлік сөзінің расқа шыққанына қарағанда, Пернекеңнің де тым тегін адам болмағаны ғой... Аузының дуасы бар екен. «Тырнағыңды бір іліндірдім, қалғаны өзіңе байланысты» деп нығарлап айтқан ағаның сөзі де есте. Үлкен өмірдің беймәлім ағысын жалдап әлі келеді содан бері. Бәрін біліп, бәрін үйренуге құштарлықпен құлшына кіріскен жұмысы тау беткейдегі «Жалғыз ағаштан» басталды. Штат бойынша құдық қазушылық жұмысшының айлығын алады, ал іс жүзінде участке бастығының көмекшісі. Бағыты бір, үш орам судың тармақтары бойынша тоспалар арқылы мөлшерлі судың ағысын қадағалап, су өлшегіш арнайы құралдармен жұмыс істейді, есеп-қисабын шығарады. Бірер жылда қазіргі Балаби ауылы шегіндегі «Темірге» дейінгі аралықтағы аудан шаруашықтарының 1,5 мың гектар егістігі мен бақшалығын қамтыған суландыру жүйесіне көзі қанығып, тәжірибе жинақтаған алғашқы қадамы алдағы алар асулар мен бағындырар биіктерге бастаған жолдың басы болды десе болады. Қызмет көрсету аумағы шегіндегі жерасты суландыру жүйесін қоса алғанда, магистральды каналдар мен дренажды ұңғымалардың суын өлшеу, ішінара жөндеу, қалпына келтірудің ыбылжыған көктемнен шіліңгір шілде, қара күзге дейін толастамайын қиындығына төзіп жүріп, жұмысшыдан мекеменің директорлығына дейінгі барлық қызмет сатыларынан өткен сол кездегі жас маман, бүгіндері ауданның қоғамдық өміріне де белсене араласып жүрген, ел ағасы болып танылған абыройлы азаматтың бірі.

Сындарлы сәт
Заман өзгерді, қоғам өзгерді. Жаңа нарық заңдылықтарына сай мекеме қайта құрылды. Көп жылға созылған өзін-өзі қаржыландыру жүйесі енді. Бірақ, жер орнында, ел орнында, суға деген сұраныс күшеймесе азайған жоқ. Кеңес заманы кезіндегі облыс бойынша 15 мың гектарға дейін күріш егетін егіс көлемі ең көп ауданның су пайдаланушы ірі шаруашылықтарын сумен қамтумен байланысты жұмыстардың ауқымы орасан зор болатын. Бұған әрбір ауылдағы аяқсуы, ішкі каналдар жүйесі мен әрбір шаруашылықтарда болатын бақшалық жерлер мен шабындық, жайылымдарды қосыңыз. Орама қашыртқылар, ондап, жүздеп саналатын су сорғылар мен су реттегіш тоспалар, мыңдаған дренажды ұңғымалар болатын су жүйелерін қалыпты деңгейде ұстап қадағалау, оңай оспақ шаруа емес-ті. Ал, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы тоқырау, өтпелі кездің қиындықтары су шаруашылығын да айналып өткен жоқ. Сала жұмысы ақсағанымен жұмыс ауқымы азайған емес, қайта күрделене түсті. Егіс көлемі қысқарып, әсіресе өзге ұлт өкілдері (көші-қон үдерісі) есебінен бірқатар білікті мамандар мен кадрлар қатары селдірей бастады. Су ағады, тас қалады деген осы. Қаржы тапшылығы қолбайлау, ілдебай іркіліс, кедергі кептелістер көп болған қиын жағдайларда да ауданның егіс алқаптарын суландыруға байланысты атқарылуы тиіс міндеттердің үдесінен шығу, мекемнің басшылық-қосшылығында жүрген бүгінгі буын өкілдерінің иығына түскен жүк болатын. Баршаға ортақ, бүкіл ел болып еңсерген қиындықтар тұсында, сындарлы сынақ, уақыттың өзі шыңдаған кадрлардың алдыңғы қатарында, қайнаған жұмыстардың бел ортасында инженер, участке бастығы, кейіннен бас инженер қызметіндегі Дихан Уалиханұлының жүргенін аудан халқы жақсы біледі.
Су тапшылығы орын алған бір кездері, тығырықтан шығудың басқа амалын таппаған басшылар дарияның суын бөгеп су шығармаққа талпыныс жасаған жайды да естігенбіз. Ысырған тас-топырақ, тоғытқан қамыс-қауға, тоғай ағаштарынан буылған тал-талдырғы өзен ағысына төтеп бере алмапты. Темір-терсек, қой тас, бетон қалдықтарына қоса, жарқабаққа жылжытып әкеліп құлатқан бірнеше комбайн, басқа да жарамды-жарамсыз, ескі-құсқы техникаларды су шайыпты. Дарияның жұмырына жұқ болмай жұтылып кете барған осы оқиғаны еске алатын Жүзен Қоңқаев ағамыз басын шайқап: «Бай-бай, босқа ысырап болған есіл дүние-ай!?» деп сылқ-сылқ күлетінін талай есіттік бертінде. Диханның айтуынша, Шиелі бас сағасын жаңадан қазу идеясының да бірден-бір авторы, сызбасын жасап, есебін шығарған мекеменің бас инженері қызметіндегі осы Жүзен ағамыз болыпты. Сағаның ағысқа қарсы иіннен ­бастау алуы 1,5 шақырым болатын сағаның су тарату тоспасына дейінгі және кейінгі аралықты шөгінді қайырдан біржола құтқарып, жыл сайынғы 3-4 тазартқыш қондырғыларға (земснаряд) жұмсалатын бюджет қаражаты үнемделген бірден-бір оңтайлы шешім болыпты. Осыған күмән келтіріп қарсылық көрсеткен кейбір «ақылмандардың» күңкіл-күбірін елемей, қаржылай қолдау көрсеткен сол кездегі аудан әкімі Ерлан Мұстафаевтың да, мәселенің оң шешіміне ықпал жасаған ардагер қария К.В.Хванның да зор еңбегі болғанын айту парыз. Өткен ғасырда дарияның ұрымтал тұсынан саға алып халықты 40 жыл асыраған Нұртаза, Байсын мұраптардың қайырлы харекетін қайталаған Жүзен Қоңқаев ағамыздың атымен Р-1, Р-2 ... болып кете беретін жанды атауы жоқ көп каналдың бірін атасақ та жарасқандай екен?..
Алдыңғы толқын ағалар, кейінгі толқын інілер болып келетін өмірдің өз заңдылығы бар. Кәсіби білік пен азаматтық ұстанымның да сынға түсер күтпеген жағдайлар болады екен ғой әр кездері. Дәл осындай жағдай 2005 жылы орын алған. Ойламаған жерден ерте көктемгі дария суының тасуы елге қауіп төндіріп Шиелі халқын үлкен әбігерге салған. Бірнеше күн қатарынан бүкіл аудан тік көтеріліп, тасқын суға қарсы бөгеттер тұрғызды. Жал-жал дамбы көтерген жүздеген техникалар жұмылдырылды. Қара құрым халық қимылдаған қат-қабат қарбалас. Сағаттап емес, минут сайын көтерілген су деңгейі. Күтірлеген мұз, сықырлаған сең үрейді алған қауіп-қатер әбден шегіне жеткенде жойқын су бас сағаның жарқабағын жарып өтті. Алай-түлей көшкін су арнадан шығып жолындағыны жайпап теріс аққан қарқынмен жағалаудағы Төменарық ауылының бірнеше үйлерінің шаңырағын ортасына түсірген. Ең соңғы үміт үзілген қиын сәтте, саға маңайындағы қауіпті аймақтан өзгелерді шығарып, салқынқанды сабыр сақтаған су шаруашылығы қызметкерлері жөңкіген суды тосып алып тоқтату қамымен №85 су реттегіш тоспаға жүгірді. Түс ауа сол жеден төбе көрсеткен облыс әкімі Икрам Адырбеков қалыптасқан жағдайды саралап аудан әкіміне өз шешімін жариялап еді: «Ерлан, енді суды ұстап тұра алмайсың, бәрі де кеш. Халқыңды қауіпсіз жерге көшір!» деген тапсырмасын беріп тұрып «Су маманы кім?» деген бір ғана сұрақ қойды. Жүгіре жетіп жанына жеткен Диханға сынай қараған жылы жүзбен: «Сенің қарауыңа бір бульдозер, екі скрепер, тұрғындар қауіпсіз аймаққа өткенше бар күшіңді салып, қайтсең де суды кешке дейін ұстайсың!..» деген аймақ басшысының нығарлай айтқан сенім артқан жәй сөзінің өзі бұлжымас бұйрықтан көрі, үміт артқан өтініші сияқты болып естілді. Үлкен кісінің жан жылуы мен сөз қуатын сезінген олар да жойқын сумен арпалысқан жанкешті жұмыстарын көз байланған түнге дейін жалғастырып, қарауындағы техникаларын биік құмның басына қауіпсіз жерге шығарып, майдан алаңын лажсыз тастап шыққан соңғы солдаттардай артына қарай-қарай ауылға беттеген. Бұл кезде шиелілік тұрғындардың көпшілігінің бала-шағаларын шулатып, үй-жайларын тастай қашқан иттер ұлып, сиырлар мөңіреген ызғын-шуғын, әбігер-ажыңды көргенбіз. Қорғаныс бөгеттерінің жай-күйіне жауапты болатын су мамандарының табиғи апаттың алдын алып, ондаған техника мен жүздеген қол күші жұмылдырылған жұмыстарды үйлестіре алған жанкешті еңбек еш кетпеді. Бірер күнде жан алқымнан алған қауіп-қатердің беті қайтып, қайнаған өмір де, тасыған өзен де сабасына түскен өзінің қалыпты арнасын тауып еді. Адал еткен еңбек ескерусіз қалмағаны ғой, сын сағаттарда ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түскен Диханды сол кезде аймақ басшысының жанында болған су шаруашылығы кәсіпорнының облыстық филиалы бастығы Сұлтанбек Тәуіпбаев 2007 жыл соңында тікелей өз бастамасымен мекеменің бас инженерлігіне ұсынады. Тағайындау жөніндегі бұйрығына қоса, су жаңа қызметтік УАЗ автокөлігінің кілтін табыстаған қызмет жаңа болғанымен, жұмыс ауқымы бұрнағыша. Тек, заңдылық шеңберіндегі талап пен сұраныстың ауырлай түскені болмаса. 2015-жылы соңғы бірнеше жылдан бергі ұсыныстар негізінде жоғарғы министірлік деңгейінде шешімі табылған Сырдария өзенінің Шиелі тұсынан үрмелі плотина салу жұмыстарына инженерлік тұрғыдан жетекшілік жасаған тапсырманы абыроймен алып шығуы, өзінің қабілет қарымын дәлелдеген еңбек жолындағы тағы бір белес болған. Әлеуметтік-экономикалық маңыздағы ірі жобаны іске асырудағы еңбегі бағаланып «Су шаруашылығы саласының үздігі» медалімен облыста 1-ші болып марапатталды. Сәтімен басталып, мерзімінде аяқталған осы міндеттің үдесінен шығуы, жоғарғы басшылықтың да оң көзқарастағы сенімін арттырған, кадр ретінде қалыптасқан әлеуетін іс жүзінде дәлелдеген соңғы сынақ болғанға ұқсайды. Әрине жалғыз емес. Саланың облыстағы басшысы Болат Арыстанбаев, бас инженері Хамит Биімбетов екеуі жұмыс басталған көктемнен кейінгі үш ай жаз вагон салонда жатып басшылық жасаған қауырт қарбалас қысқа салым, қара күзге дейін бір сәтке толас тапқан емес. Аудандық мекеменің өзге жұмыстарының барлығын өз мойнына алып қолдау көрсетіп, жұмыстар ұйымдастырған марқұм Әбділда Мақұлбековтің дамылсыз еңбегін қалай ұмытарсың? Сәтімен аяқталған жасанды тоған Сырдария өзені арнасын шіреп, толып аққан 20017 жылдан кейінгі жылдардан, күні бүгінге дейін өзен деңгейін ұстап, ауданның егіс алқаптарына қажетті көлемде су алуды үздіксіз қамтамасыз етіп келеді.

Сүйінші хабар
Дихан Әубәкіров 2021 жылдан «Шиелісушар» өндірістік участкесінің басшысы қызметін абыроймен атқарып келеді. Бір жер, бір мекеме, бір ұжымда 40 жыл тапжылмай қызмет ету екінің біріне бұйыра бермеген абырой. Түбіт мұрт бозбаладан ел ағасына дейінгі аралықтағы еңбек жолын жемісті жылдар десек сыяды, жеңісті жылдар десек, артық емес. Жылдан жылға өсіп, жаңарып, жасарып келе жатқан аудан халқымен бірге, елдің дамуы мен өсіп өркендеуіне хал қадерінше үлес қосып келе жатыр. Қиндықтар да болмады емес. Ұжымдас әріптестермен бірдей жүріп оны да еңсерді. Бұл күнде қаржы-шаруашылық жағдайдың оңалуымен бірге жұмыс ауқымы да, қызмет көрсету аясы да кеңейген. Соңғы уақыттарда атқарылып, орындалған нәтижелі жұмыстардың бір парасы осыған дәлел. Биылғы жылғы қыс айларында 37 шақырым канал қазылыпты. Соңғы бір жылда ғана Р-10, Р-12, Р-7 каналдары мен бірнеше қашыртқы коллекторлар, бірер жыл бұрын облыстық бюджет есебінен 42 шақырым Сұлутөбе каналы пайдалануға беріліпті. 1964 жылдан бері дүре тимеген жабайы жерді өз қаражатымен инженерлік жүйеге келтіріп, атыз-арықтарын тәртіптеп, су жүйелерін жасап 120 гектар жерге күріш егілген.
Зейнетке шығар қарсаңда өзін аудандық мәслихатқа депутат етіп сайлаған туған жер, ауыл халқы алдындағы парыз-қарызын өтеген орайы келген оң тірліктің ауылдастарына демеу, өз көңіліне медеу болатыны ғана қуаныш.
– Осы уақыттарда аудан көлеміндегі қашыртқыларды қазу мен дренажды ұңғымаларды қалпына келтіру оң шешімі табылуға тиісті кезек күттірмес, басы ашық мәселе. Жағдай жылдан жылға күрделене түсуімен, ыза басу қаупі жоғары. Биылғы қыс, Төңкеріс ауылы тұсындағы қашыртқы коллектордың ұзындығы 67 метр болатын 4 шаршы метрлік су өткізгіш трубасын арнайы техника көмегімен аршып тазалауға тура 1 ай уақыт кетті. Нәтижесінде, қашыртқының көп жылдар бойына бітелген тынысы ашылып, ауыл ызадан, шаруашылықтар жыл сайын 4 сорғы қоятын артық шығындардан құтылды. Дәл осы тәсілмен кенттің кәсіптік колледж тұсындағы қашыртқы бойындағы №4 коллектордың канал астымен өтетін өткелек (трубасы) толық тазалануы тиіс. Жыл сайын кеңейіп, өсіп келе жатқан батыс беттегі Тәуелсіздік көшесі маңайындағы үйлер мен бос жатқан жерлерді ызадан құтқарудың басқа жолы жоқ, – дейді Дихан бауырымыз.
Былтырғы жаз, аудан шаруашылықтарындағы егістік алқаптарды су тапшылығынан құтқарудың шұғыл шаралары қабылданып, қосымша күштер жұмылдырылған бірлескен жұмыстар ертелі-кешті, күн-түнге ұласқан өте қауырт кезі. Тағы да басқа жоспарлы жұмыстар мен күнделікті орындалуы тиісті әдеттегі қарбаласпен жүрген кәсіби мереке қарсаңында Астанадан қоңырау шалынды. Сөйтіп марапат алу ойында жоқ, мемлекет басшымыздың өзі қатысатын жиналысқа қатысуға Астанаға ұшуға тура келеді аяқ астынан. Байқайды, қарсы алып тіркеуге жауапты қызметкерлер әдеттен тыс тым сыпайы. Бұрынғы бастығы Тәуіпбаевпен бірге, өзіне таныс емес өзге де кісілердің қатарында арнайы жатын жай бөлінген. Бейсауат жүріс-тұрыс шектелген. Ішіп-жемінің өзінің мезгіл мезеті мен тәртібі түсіндірілген тосын жағдайлар бір жағымды жаңалықтың жаршысындай ишараны сездіргені рас. Бірақ орден алам деген ой үш ұйықтаса түсіне кірмеген дәме. Тиісті қызметкерлердің белгілі бір тәртіп, әдеп шеңберіндегі ізет құрметін көріп, айбынды Ақ үйдің табалдырығын да кәлимасын қайталаған шүкіршілікпен «Ерен еңбегі үшін» медалінен ғана үмітті қанағатпен аттаған. Тек, ең соңғы ереже талаптары ескертілген марапат залына өтер алдында ғана, жауапты қызметкер ұсынған құжаттан өзінің «Құрмет» орденінің иегері екенін білгенде, онсызда Үлкен үйдің айрықша аурасынан әсерленіп тұрған ол қуаныштан толқыған жүрек соғысын зордан тежепті. Қобалжып, тебіренетіндей-ақ бар ғой!..
Мемлекет басшымыздың өз қолынан алған орденнің кез келгеннің қолы жетер биіктен іліп түсер оңай олжа еместігін оның өмір баяны, еңбек жолына қарасаңыз, осы саладағы құдық қазушылықтан директорлыққа дейінгі сатылап өскен 40 жылғы ерен еңбегіне берілген лайықты марапат екенін Сіз де түсіне қоясыз. Адал еңбектің бағаланғанына не жетсін?!

Исабек Сәрсенбайұлы,
мәдениет саласының ардагері,
ҚР Журналистер одағаның мүшесі
28 шілде 2026 ж. 18 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№56 (9423)

28 шілде 2026 ж.

№55 (9422).

25 шілде 2026 ж.

№54 (9421)

21 шілде 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031