Баспана – баянды өмірдің бастауы
«Өз үйім – өлең төсегім» деген қазақ үшін үйдің қадірі қашанда ерекше болған. Алайда бүгінгі таңда баспана мәселесі мыңдаған отбасының ең өзекті мұңына айналып отыр. Бағаның күн санап қымбаттауы, нарықтағы тұрғын үй құнының қарапайым халықтың қалтасына салмақ салуы, жастардың тұрақты табысқа қарамастан үй алудағы қиындықтары – қоғамдағы маңызды әлеуметтік мәселенің бірі.
Баспанасы жоқ адам ертеңіне алаңдайды. Оның барлық ойы – жалдамалы пәтердің ақысы, келісімшарттың мерзімі, бала-шағаның тұрақты ортаға бейімделуі сияқты мәселелерге тіреледі. Ал өз үйіне қол жеткізген отбасы ертеңіне сеніммен қарап, бала тәрбиесіне, білімге, кәсіпке көңіл бөлуге мүмкіндік алады. Сондықтан тұрғын үй саясаты – халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартатын, отбасының әл-ауқатын арттыратын маңызды мемлекеттік саясат.
Соңғы жылдары ауданда біраз уақыт бойы тұралап қалған тұрғын үй құрылысы қайта жанданып келеді. Бұрын тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың үміті жыл сайын кейінге шегеріліп, көпшілік баспаналы болуды ұзақ күтетін. Қазір бұл бағытта нақты нәтижелер көріне бастады.
Мәселен соңғы 4 жылда аудан бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға 280 пәтер пайдалануға берілді. Биыл да аудан тұрғындарын баспанамен қамту мақсатында тағы бір ауқымды жоба қолға алынуда. Аудан әкімдігі берген мәліметке сүйенсек, биыл 100 тұрғын үйден тұратын 200 пәтер сатып алуға облыстық бюджеттен жалпы құны 3 миллиард 95 миллион теңге қаржы бөлінген. Қазіргі таңда тұрғын үйлер салынатын жер телімдері айқындалып, құрылыс жұмыстары басталу алдында тұр.
Мемлекет тарапынан тұрғын үй сатып алуға бөлінген қаржының көлемі де жыл сайын артып келеді. 2023 жылы 50 пәтер сатып алуға 506,8 миллион теңге бөлінсе, 2024-2025 жылдары 178 пәтер сатып алуға 2 миллиард 856 миллион теңге қарастырылды. Ал 2025 жылы қосымша 52 пәтер сатып алуға 775,8 миллион теңге бағытталыпты. Бұл көрсеткіштер тұрғындарды баспанамен қамту жұмыстарының жүйелі түрде жүзеге асып жатқанын аңғартады.
Тұрғын үй тек қабырғасы қаланған ғимарат емес. Оның сапалы болуы үшін инженерлік желілердің де толық тартылуы маңызды. Осыны ескеріп мемлекеттен ағымдағы жылы инфрақұрылым құрылысына 893 миллион 693 мың теңге қаржы бөліп, тиісті жұмыстарды бастауда. Бұл жаңа тұрғын үйлердің барлық қажетті инженерлік жүйемен қамтамасыз етіліп, жайлы өмір сүруге қолайлы болуына мүмкіндік береді.
Мемлекеттің бұл қолдауы ең алдымен әлеуметтік осал топтағы азаматтарға үлкен демеу болып отыр. Көпбалалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі жандар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жастар, толық емес отбасылар мен басқа да кезекте тұрған азаматтардың баспаналы болуы – әлеуметтік әділеттіліктің көрінісі. Жаңа пәтердің кілтін алған сәтте көз жасына ерік беретін аналарды, қуаныштан құшағына баласын қысып тұратын әкелерді жиі көреміз. Себебі олар үшін бұл жылдар бойы үзілмеген үміттің жемісі.
Қазақ «Бақ – қонатын, үй – салатын дүние» дейді. Расында да, баспанасы бар адамның бойында сенім артады. Ол өз кәсібін ашуға да, баласының білім алуына да, отбасының болашағын жоспарлауға да мүмкіндік алады. Тұрақты мекені жоқ адамның барлық күш-қуаты күнделікті тұрмыстық мәселелерді шешуге жұмсалады.
Бүгінде тұрғын үй бағасының қымбаттауы қарапайым халық үшін үлкен сынаққа айналды. Нарықтағы баға көптеген жас отбасының мүмкіндігінен әлдеқайда жоғары. Сондықтан мемлекет қолға алған тұрғын үй бағдарламалары мен әлеуметтік қолдау шаралары мыңдаған азаматтың өміріне өзгеріс алып келуде.
Ауданда соңғы жылдары қолға алынған тұрғын үй құрылысының қарқыны – осының дәлелі. Бірнеше жыл бұрын тоқырап қалған бұл сала бүгінде қайта жанданып, халықтың игілігіне жұмыс істей бастады. Халықтың тұрмыс сапасын жақсарту жолындағы мұндай жобалардың маңызы уақыт өткен сайын арта түседі. Өйткені әлеуметтік тұрақтылықтың негізі – халықтың әл-ауқаты. Ал әл-ауқаттың алғашқы баспалдағы – баспана.
Ел ішінде «Үйі бардың – күйі бар» деген сөз бекер айтылмаған. Шаңырағы берік отбасының ертеңге деген сенімі де нық болады. Балалары тұрақты ортада өсіп, білім алады, ата-анасы еңбек етіп, қоғамның дамуына үлес қосады. Сондықтан баспаналы болған әрбір отбасының қуанышы – тұтас ауданның қуанышы.
Г.ЯХИЯ








