Құрылтай
Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Сақталмай жатқан стратегиялықресурс

Сақталмай жатқан стратегиялықресурс

Қызылорда облысы күріш өсіруден еліміздегі жетекші өңір саналады. Жыл сайын аймақта шамамен 90 мың гектар жерге күріш егілсе, оның 12 мың гектарға жуығы Шиелі ауданының үлесіне тиеді. Алайда күріштің әр маусымында көпшілік назары­нан тыс қалып келе жатқан бір мәселе бар. Ол – алқаптарда қалып қоятын балық шабақтарының тағдыры.
Мамандардың айтуынша, көктемгі су молшылығы кезінде өзен-көлдерден күріш алқаптарына енген балықтар осы жерде уылдырық шашып, шабақтары жаз бойы табиғи жағдайда өсіп жетіледі. Атыз бойындағы жылы су, қоректік базаның молдығы мен табиғи жағдай шабақтардың тез жетілуіне қолайлы орта қалыптастырады. Алайда егін орағы аяқталып, су тартылған кезде жағдай күрт өзгереді. Су жүйелерінен шыға алмай қалған шабақтардың басым бөлігі қырылып қалады. Сөйтіп экологиялық мәселемен қатар табиғи ресурстың ысырабына ұшыраймыз.

Күріш алқаптары – табиғи питомник
Балық шаруашылығы мамандары күріш алқаптарын табиғи балық питомнигі деп бекер атамайды. Өйткені дәл осы жерлерде табиғи жолмен көбейген шабақтар кейін көлдер мен су айдындарының балық қорын толықтыра алады.
Ауданда бүгінде 37 балық шаруашылығы су айдыны жұмыс істейді. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес олардың әрқайсысы жыл сайын көлдерін питомниктерден сатып алынған шабақтармен балықтандыруға міндетті. Мысалы, көлемі 50 гектар болатын бір көлге жыл сайын шамамен 40 мың дана шабақ жіберіледі. Оның өзін сатып алуға орта есеппен 4 миллион теңге жұмсалады. Ал сол шабақтарды тауарлық салмаққа жеткізу үшін тағы да сол сомадағы қаржының жем-шөбі қажет. Соған қарамастан дәл осы уақытта күріш алқаптарында әлдеқайда ірі әрі өміршең табиғи шабақтар мыңдап емес, миллиондап қырылып жатады.
Экология мен экономика қатар ұтатын мүмкіндік
Кеңес одағы кезінде бұл мәселе мемлекеттік деңгейде қаралған. Жыл сайын арнайы шешім қабылданып, күріш алқаптарында қалып қойған шабақтарды құтқару жұмыстары ұйымдастырылған. Соның арқасында табиғи балық қоры сақталып, көптеген көлдер тұрақты түрде балықтандырылып отырған.

Қазіргі таңда мұндай жүйелі жұмыс жоқтың қасы.
Балық шаруашылығы саласының өкілдері табиғи шабақтарды құтқарып, көлдерге жіберу жасанды питомниктерден шабақ сатып алғаннан әлдеқайда тиімді екенін айтады. Себебі табиғи жағдайда өсіп жетілген шабақтар қоршаған ортаға бейімделген, көлемі үлкен және өміршеңдігі жоғары болады. Десе де алқаптардағы шабақты көлге жібергенімен ол балық шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлердің жоспарына енгізілмейді. Өздеріне тиесілі жоспарды орындау үшін міндетті түрде арнайы шабақ өсіретін өндіріс орындарынан сатып алыну қажет. Жергілікті балықшыларды қажытқан мәселе де осы.

Кәсіпкер не дейді?
Шиелі ауданындағы балық шаруашылығымен айналысатын кәсіпкер Бахтияр Кемелов бұл мәселені бірнеше жылдан бері көтеріп келеді.
– Біз жыл сайын миллиондаған теңгеге питомниктен шабақ сатып аламыз. Бірақ дәл сол уақытта күріш алқаптарында табиғи жолмен өскен шабақ су тартылған соң қырылып жатыр. Бұл – табиғатқа да, экономикаға да үлкен шығын. Егер сол шабақтарды заң аясында құтқарып, көлдерге жіберуге мүмкіндік берілсе, мемлекет те ұтады, кәсіпкер де ұтады, ең бастысы – табиғи балық қоры сақталады, – дейді Бахтияр Кемелов.
Оның айтуынша, қазіргі таңда көптеген көлдердің табиғи балық қоры дәл осындай құтқарылған шабақтардың есебінен қалыптасып отыр. Кейбір су айдындарына күріш алқаптарының ақаба суымен бірге табиғи жолмен шабақтар түсіп, олардың көбеюіне жағдай жасайды.

Заңнаманы жетілдіру – табиғи шабақтарды сақтаудың тиімді жолы
Балық шаруашылығы саласының бүгінгі жай-күй табиғи шабақтарды сақтау мен оларды тиімді пайдалануға қатысты заңнаманы жетілдіруді қажет етіп отыр. Жоғарыдай айтқанымыздай, қазіргі қолданыстағы нормалар табиғи жағдайда құтқарылған шабақтарды балық қорын толықтыру мақсатында толыққанды пайдалануға мүмкіндік бермейді. Сондықтан бұл мәселені заңнамалық деңгейде реттеу балық ресурстарын сақтауға және саланың тұрақты дамуына оң әсер етеді.
Сала өкілдері де ең алдымен күріш алқаптарынан құтқарылған табиғи шабақтарды балықтандырудың заңды көзі ретінде тануды ұсынады. Бұл табиғи жолмен сақталған шабақтарды су айдындарының балық қорын молайтуға тиімді пайдалануға мүмкіндік береді әрі қосымша қаржылық шығындарды азайтады.
Сонымен қатар табиғат пайдаланушыларға өздерінің балықтандыру жөніндегі міндеттемелерін осы табиғи шабақтардың есебінен орындауға құқық беру қажеттігі айтылып отыр. Мұндай тетік табиғи ресурстарды ұтымды пайдаланып қана қоймай, кәсіпкерлердің экологиялық жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді.
Шабақтарды құтқару жұмыстарын мемлекеттік органдардың бақылауымен ұйымдастырып, бірыңғай есепке алу жүйесін енгізу де маңызды. Бұл құтқарылған шабақтардың нақты санын тіркеуге, олардың қозғалысын бақылауға және ашықтықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Тағы бір маңызды ұсыныс – құтқарылған табиғи шабақтарды балық шаруашылығы су айдындарының биологиялық негіздемесіне және балықтандыру жоспарларына енгізу. Бұл шабақтардың ресми түрде есепке алынуына және су айдындарының балық қорын қалпына келтіру ісінде тиімді пайдаланылуына жол ашады.
Сондай-ақ аймақта табиғи шабақтарды құтқаруға арналған арнайы өңірлік бағдарлама қабылдау да күн тәртібінде көтерілуі тиіс мәселенің қатарында. Сол бағдарлама арқылы күріш алқаптарында қалып қоятын шабақтарды жүйелі түрде құтқаруға, ғылыми сүйемелдеуді күшейтуге және мемлекеттік қолдау шараларын тиімді үйлестіруге мүмкіндік беріледі деген үміт те жоқ емес.

Мемлекет үшін де тиімді шешім
Сарапшылардың пікірінше, бұл бастама бірнеше мәселені бір уақытта шешуге мүмкіндік береді. Біріншіден, табиғи балық қоры сақталады. Екіншіден, мемлекет пен кәсіпкерлердің шығыны азаяды. Үшіншіден, табиғи ресурстар тиімді пайдаланылады. Төртіншіден, өңірдегі балық шаруашылығының тұрақты дамуына нақты негіз қаланады.
Жыл сайын күріш алқаптарында қалып қоятын миллиондаған шабақты ғылыми негізде ұйымдастырып, заңнамалық тұрғыдан реттеу мүмкін болса, бұл тек аудан үшін ғана емес, еліміздің балық шаруашылығы саласы үшін де тиімді тәжірибеге айналуы ықтимал.
Табиғаттың өзі өсіріп берген байлықты сақтап қалу – жаңа ресурс іздеуден әлдеқайда тиімді әрі жауапты шешім. Сондықтан бұл мәселе кәсіпкерлерден бөлек мемлекет пен қоғамның ортақ мүддесіне айналуы тиіс.

Гүлхан СӘБИТҚЫЗЫ



27 шілде 2026 ж. 20 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№55 (9422).

25 шілде 2026 ж.

№54 (9421)

21 шілде 2026 ж.

№53 (9420).

18 шілде 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031