Құрылтай
Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » БАЛАЛЫҚ ШАҚТЫҢ БАҒАСЫ ҚАНША?

БАЛАЛЫҚ ШАҚТЫҢ БАҒАСЫ ҚАНША?

Жаздың жайма шуақ үш айы басталысымен қоғамда ескі де, өзекті бір сауал қайтадан бой көтереді. Ол баланы еңбекке баулу керек пе, әлде бұл оның қайтып келмес балалық шағын ұрлау ма?
Кеше ғана қалыпты көрінген дүниелер бүгін заң мен адам құқығы тұрғысынан қайта бағаланып жатыр. Бұрынғы буынның есінде мектеп оқушыларының сенбілікке шығып, ауылдағы егістік алқаптарында еңбек етуі қалыпты құбылыс болып қалды. Тіпті 2000 жылдардағы түлектер де жаз мезгілінде шаруа қожалықтарының жұмысына араласып, еңбекпен шыңдалды. Ол кезде мұны ешкім ерсі санамады, қайта тәрбие мектебі деп білді.
Алайда уақыт өзгерді. Қазіргі таңда да ауыл балаларының бір бөлігі аптап ыстықта қызанақ теріп, күніне 6-7 мың теңге табыс табу үшін таңнан кешке дейін алқап басында жүреді. Осы тұста қоғамның көкейінде заңды сұрақ туады. Бұл – еңбек тәрбиесі ме, әлде баланың құқығын таптап, оны арзан жұмыс күші ретінде пайдалану ма?
Заң бұл мәселеге нақты жауап береді. ҚР Еңбек кодексі бала еңбегіне толық тыйым салмайды. Бірақ оның жасына, денсаулығына және білім алу құқығына зиян келмейтін нақты талаптарды белгілейді. 16 жасқа толған азаматтар еңбек шартын өз бетінше жасай алады. 15 жастағы жасөспірімдер негізгі орта білім алған жағдайда және ата-анасының немесе заңды өкілінің жазбаша келісімімен жұмыс істеуге құқылы. Ал 14 жастан бастап тек сабақтан тыс уақытта, денсаулыққа зиян келтірмейтін жеңіл жұмыстарға ғана ата-анасының келісімімен рұқсат беріледі.
Сонымен бірге заң балалардың жұмыс уақытын да шектейді. 14-16 жас аралығында аптасына 24 сағаттан, ал 16-18 жас аралығында 36 сағаттан артық еңбек етуіне болмайды. Ең бастысы кәмелетке толмағандарды түнгі жұмысқа, ауыр дене еңбегіне, зиянды әрі қауіпті өндірістерге тартуға заң жүзінде қатаң тыйым салынған. Демек, аптап ыстықтың астында күні бойы еңкейіп қызанақ не басқа да өнім жинау – заң талаптарына қайшы келетін жағдай.
Бұл мәселеде қоғам пікірі екіге жарылады. Бір топтың пікірінше, еңбек – адамды шыңдайтын ең үлкен мектеп. Олар баланың жастайынан маңдай тердің қадірін біліп, адал еңбектің арқасында табыс табуды үйренгені дұрыс деп есептейді. Еңбек көрген бала жауапкершілікті сезінеді, ата-анасының бейнетін бағалайды, бос уақытын пайдасыз әдеттерге емес, іске жұмсайды. Оның үстіне жазда тапқан азын-аулақ қаражат мектепке қажетті киім-кешек пен оқу құралдарын алуға да септігін тигізеді.
Ал екінші тарап мүлде басқа көзқарасты ұстанады. Психологтар мен құқық қорғаушылардың пікірінше, балалық шақ – еңбек нарығына араласатын емес, тұлға қалыптасатын кезең. Дене мүшелері толық жетілмеген балаға ауыр физикалық жұмыс жүктеу оның денсаулығына орны толмас зиян келтіруі мүмкін. Аптап ыстық, ұзақ уақыт еңкейіп жұмыс істеу омыртқа ауруларына, күн өтуіне, түрлі созылмалы сырқатқа жол ашады.
Одан бөлек, баланың негізгі міндеті – ақша табу емес, білім алып, демалып, жан-жақты дамуы. Ерте жастан отбасының материалдық мәселесін мойнына жүктеу оның психологиялық дамуына да кері әсер етуі ықтимал. Өкінішке қарай, біздегі жағдай заң талаптарына әрдайым сай келе бермейді. Көптеген шаруа қожалық жасөспірімдерді ешқандай еңбек келісімшартынсыз жұмысқа қабылдайды. Мұндай жағдайда бала жарақат алса немесе денсаулығына зиян келсе, оның құқығын қорғайтын құқықтық негіз болмайды.
Тағы бір алаңдатарлық мәселе, қауіпсіздік талаптарының сақталмауы. Егістік алқаптарының көпшілігі түрлі химиялық препаратпен өңделеді. Соған қарамастан балалар арнайы қорғаныс құралдарынсыз өнім жинауға мәжбүр болады.
Дегенмен еңбек тәрбиесінің өзі қажет емес ­деуге болмайды. Мәселе оның мазмұны мен шегінде. Баланы жауапкершілікке үйретудің ең тиімді жолы – үй ішіндегі қарапайым міндеттерден бастау. Өз бөлмесін жинау, ыдыс жуу, аула тазалау, бақшаға су құю сияқты жұмыстар баланың еңбекке деген құрметін қалыптастырады әрі денсаулығына зиян келтірмейді. Сонымен қатар бүгінгі заман қара күштен гөрі білім мен интеллектіні жоғары бағалайды. Сондықтан жазғы демалысты шет тілдерін меңгеруге, ІТ саласын үйренуге, кітап оқуға, шығармашылықпен айналысуға немесе спортпен шұғылдануға бағыттау – баланың болашағына салынған ең құнды инвестиция.
Бұл ретте мемлекет те сырт қалмауы тиіс. Еңбек инспекциясы мен құқық қорғау органдары ауыл шаруашылығындағы бала еңбегінің заңдылығын тұрақты бақылап, заң талаптарын бұзған жұмыс берушілерге қажетті шара қолдануы қажет. Қай қоғамның болсын келешегі – оның балалары. Сондықтан еңбек тәрбиесі мен баланы қанаудың ара жігін ажырата білу – әр ата-ананың да, әр жұмыс берушінің де, тұтас мемлекеттің де ортақ міндеті.
Үш айлық жазғы демалыс – баланың денесін титықтатып, бейнетке салатын кезең емес. Керісінше, оның күш жинап, денсаулығын нығайтып, жаңа білім мен жаңа әсерге қанаттанатын ең қымбат уақыты. Өйткені қайтып келмейтін балалық шақтың құнын ешқандай күндік табыс өлшей алмайды. Баланың амандығы, денсаулығы мен бақытты балалық шағы – күніне табылатын бірнеше мың теңгеден әлдеқайда қымбат.

С.БАХТИЯРҚЫЗЫ
20 шілде 2026 ж. 57 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№53 (9420).

18 шілде 2026 ж.

№52 (9419)

14 шілде 2026 ж.

№51 (9418)

09 шілде 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031